Төтеннен келген топан судың ауыртпалығы азайса да, кейін көтерілген Елек өзенінің арнасынан асқан жайылмасы қауіпті сейілтпей отыр. Атап өту керек, Шыңғырлау ауданының басшылығы, су тасқынымен күрес арнайы штабы және Төтенше жағдайлар бөлімі, ауданымыздағы Ішкі істер, Шекара қызметі, Өрт сөндіру бөлімі сынды күштік құрылымдар бел жазбай жұмыстанып жатыр. Соның арқасында тасқынға бірде-бір тұрғынжайды бермей, сақтап қап отырмыз. Бірақ, әлі де қауіп бар!
Жуырда, Шоқтыбай ауылында бірталай жылқы малы көтерілген су ортасында қалып қойған. Өріс қуалап жүретін ұзынаяқты малдың қай уақытта өзенге жақын барып қалғаны белгісіз, су ортасында қалған жылқылар екіге бөлінген. Бірқатары кеңдеу атырапта қалған, екінші бір бөлегі, шамамен 40 бас бұрынғы үйілген жал топырақтың үстін сағалап, аядай жерде қамалып қалған. Жергілікті Төтенше жағдай бөлімі мен күштік құрылымдар жылқыларды құтқаруға кірісті. Қайықпен малға азық тасып, ашыққан малды тойындырып алып, қайырмалап суға салды. Көп жылқы тереңдігі кей тұсында 2 метрден асатын судан 3 шақырымдай жүзіп өтіп құрғаққа шықты. Қазір құрғаққа шыққан жылқылар жайылып, қунап қалған, тіпті бір-екеуі құлындаған да екен.
Ал, екінші бөліктегі жылқылар әлі сол аралда. Арал аумағы үлкен, жайылымдық шөп бар, жылқыларға басқалай қауіп жоқ. Қаншама малды құрғаққа шығарып, аман алып қалған құтқарушыларға мал иесі, шоқтыбайлық Серік Баекиев аса разы. Қиын-қыстау шақта жәрдем беріп, белсене атсалысқан аудан азаматтарына алғыс айтуда.
Өмірдің әрбір сабағын тағлым етіп түйіп, нақыл қып қалдыра берген бабаларымыз «Бірлік бар жерде - тірлік бар» немесе «Жаманның кесапаты тиер әр жерде, жақсының шарапаты тиер тар жерде» деген екен. Екіталай жерде етігімен су кешкен азаматтар елдің елдігін, бірлігін көрсетсе - бұл көпке үлгі, жасқа өнеге!
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz