Қошанкөлдің қайратты да, алғыр қызы Айжан жастайынан тігіншілікке бейім болып өсті. Ауыл қызының еңбек етуге деген ұмтылысы небәрі 11 жасында басталған. Ол Кенжеғаным есімді нағашы әжесінің қолында өсіп, қолғабыс жасап, тігіншіліктің қыр-сырын үйренді. Бала кезіндегі қиялын шындыққа айналдырғысы келген Айжан қыз сол тұста іс-қағаз жүргізушісі мамандығынан тыс, оқу орнында тігіншілікті де оқып шығады. Жанына жақын мамандықты тез-ақ меңгеріп, дөңгелетіп әкетті.
"Ана көрген тон пішер" дегендей нағашы әжесінің жанында жүріп, тігіншіліктің тірлігін үйреніп, бүгінде оны кәсібіне айналдырып отырған Айжанның ісі қашанда берекелі. «Мен әжемнің қолында тәрбиелендім. Әжем он саусағынан өнер тамған шебер кісі болған. Ол тігін тіккенде көрпенің бір шетін маған ұстатып, білген-түйгенін маған айтып отыратын. «Істегенің мен үшін, білгенің өзің үшін. Қандай сала, қандай мамандықты меңгерсең де, тігуді толықтай білуің керек. Өйткені ертеңгі күні бір азаматтың жары, бір қыздың анасы боласың» деп әркез айтатын. Уақыт өте келе менің де қолым икемделіп, тігін тігуді меңгердім. Мектепті бітіргеннен кейін іс-қағаз жүргізушісі, одан соң тігіншілік мамандығына оқуға түстім. Тұрмысқа шыққан соң тігіншілік өнерімді тоқтатпадым. Менің де қолымнан келетін іс қой. Неге осыны кәсіпке айналдырмасқа деп үй жағдайында тапсырыстар ала бастадым. Алғашында 40 мыңның тігін машинасын сатып алып, тапсырыстар алдым.
Осындай қазақы тәрбиені өн бойына сіңіріп, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Айжанның араға уақыт салып асқақ арманы жүзеге асты. Ол бүгінде кәсібін кеңейту мақсатында аудан орталығынан «Санжан» дүкенін жалға алып, тігін дүкенін ашты. Оның ішінде тұрмысқа қажетті жастық-көрпешелердің тыстары, перделерге арналған маталар, жұмсақ жастықтар тағы да басқа көздің жауын алатын түрлі бұйымдар бар. Қолы қалт етсе ине-жібін, қайшы, оймағын алып, іс тігуді әдетке айналдырған Айжанның осы кәсіппен айналысқанына да 10 жылдай уақыт болыпты. Бүгінде ол айына бірқатар тапсырысты толықтай аяқтап, табыс тауып отыр. Айжан Сержанқызының қолынан шыққан дүниелеріне қызыға қарайтындар көп-ақ.
«Маған өзімнің жұмысым ұнайды. Ол арқылы керемет пайда тауып, төгіп ақша таптым демеймін. Өйткені бұл іс – жанымның қалауы. Тіккен дүниең ойдағыдай шықса, ол да бір бөлек керемет сезім».
Балалық шақтан бастау алған істің ебін тапқан кейіпкеріміздің алға қойған жоспарлары да жоқ емес. Ол кәсібін кеңейтуді қалайды. Ол қазірде тапсырыстан түскен ақшасын жинап, 180 мыңға заманауи тігін машинасын, 130 мыңға арнайы үтік сатып алған. Иә, өнердің қай түрі болмасын икемділік пен шыдамдылықты талап етеді. Әжесінен дарыған өнерді Айжан болашақта өсіп келе жатқан Жанерке есімді қызына үйретуге дайынмын дейді. Демек атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық өнер ұмытылмайды, ұлықталатынының тағы бір дәлелі. Міне осылай ұрпақтар сабақтастығы жалғаспақ.
Он саусағынан өнер тамған жас тігіншінің көздің жауын алатын сәнді дүниелері көптің көңілінен шығып, тапсырыс иелері ағыл-тегіл алғыстарын жаудырып жатқанда Айжан нағашы әжесін еріксіз еске түсіреді...
Тірлігі толымды тігіншінің ісі табысты болсын демекпіз!
Жұлдыз АСҚАР,
Казталов ауданы,