19.07.2023, 16:00
Оқылды: 67

40 оқушы оқитын Қызылағаш мектебінде не қызық бар?

Жуырда әлеуметтік желілерде көпбалалы жанұяларды Сырым ауданы, Аралтөбе ауылы, Қызылағаш ауылына көшуге шақырған жазбалар тарады.

Қызылағаш (1)

– Қызылағашқа келіңіздер! Тұратын үй де, жұмыс та табылады. Қазақтың баласы ауылда өсуі керек,  – деген мазмұндағы үндеуді оқырмандар да байқаған болар.

Бұл да болса  – ауылдың болашағын, мектептегі оқушылар санының тұрақтылығын ойлаған жүректердің үні.  «Сырым елі» газеті де халықтық қозғалысқа үлес қосып, алақандай болса да, берекесі қайнаған, бірліктің байрағын байлаған, өмірге құштар ауылдарды таныстыруды бастайды. Бәлкім, Сіздің көшіп барғыңыз келіп кетер.

Қызылағашты сол ауылдың тумасы, журналист Ақмоншақ Мақсотқызы таныстырады.

Асылхан ала таңмен әрқашан мектепке асығады. Себебі алақандай ауылдың аядай мектебі оны армандарына жетелейді. Ол - осы ауыл мектебіндегі бірде білімнен, бірде спорттан аты жиі озып келетін озаттардың бірі.

Сырым ауданындағы Қызылағаш негізгі мектебінде бар-жоғы 41 оқушы білім алып жүр.  Дәл қазір тіршілік қамымен түтіні азайған ауылдың жалғыз бағдаршамы да – осы мектеп. Ауылдың тұтас қызығы сол жерде қазықталғандай. Ауылды ауыл етіп ұстап отырған да – мектеп секілді.

Алайда осы 40 баланың өзімен мектеп құлпырып тұр. Тіршілік қызу қайнап жатыр. Шағын мектептің бір бұрышында тоғызқұмалақ пен шахматқа келетін балалар шоғырланса, спорт залда ұлдар қазақ күресінен боз кілемнің шаңын қағып жатады. Ал бір шетінде – кітапқұмар оқушылар, бір жағында – роботқа әуес балалар жүреді. Бұл мектептің қыздары шетінен шебер дерсің. Себебі «Шебер қолдар» үйірмесі өтетін кабинетке кірсең, небір көз қызықтырар дүние табасың. Олардың көпшілігі тұрмыста пайдаланудан қалған заттардан жасалған. Демек бұл үйірмеде қыздар тек шеберлікті ғана емес, үнемді де үйренуде.  «Есепке ептілік», «Кітап оқы!», «Дара бала», «Зейінді бала» жобаларына қатысатын балалар да білім жағынан қалыс қалған емес. Оқушылардың жетістіктері жетерлік. Олар аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі түрлі білім, ғылым, спорт жарыстарында қатарластарының алды болып жүреді.

– Санға емес, сапаға мән беретін заманда оқушымыз аз деп қол қусырып отыруға болмайды. Әр бала жан-жақты білім алуға, дамуға толық құқылы. Сондықтан мұғалімдерге қоятын басты талаптарымның бірі – оқушыны тану, қырларын ашу, мүмкіндіктерін ескеру. Балалар мектепке қуанып келіп, қуанып кетердей атмосфера болу қажеттігін үнемі назарда ұстаймын. Бұл мақсатымның жүзеге асуына ауыл азаматтарының да үлесі мол. Барлық бастамамызды қолдап, ауылымыздың шамшырағы болып отырған мектебімізді жандандырудан аянып қалған емес, – дейді ұядай мектептің ұйтқысы болып отырған басшысы Шара Сұлтаниярова.

Байқағанымыз бұл мектеп – тек білімнің емес, мәдениеттің де ошағына айналғандай. Себебі не жеке дара мәдениет үйі, не кітапханасы жоқ ауылдың барлық іс-шарасы осы мектептің ішінде, не ауласында өтеді екен. Сол әрбір шараға бүкіл ауыл үлкен-кішісі қалмай жиналады.

Ауылдың байырғы тұрғыны Жанар Мүтиеваның айтуынша, мектеп – ауылдың айнасына айналған. Әр іс-шарасы шынайы ұйымдастырылады. Ұстаздар да, оқушылар да барын салады, ата-аналар да белсенді. Әрине, оқушы саны азайып, мектеп жабылып қала ма деген қорқыныш та бар. Оны ойлаудың өзі қиын.

Күні кеше ғана оқу жылы бойы озық атанған дарынды ұл-қыздарын қызыл кілеммен жүргізіп марапаттады. Бұл күні де Асылханның жұлдызы жанды. Қызыл кілемнен өтіп, өзінің келесі армандарына қарай аяңдады.

Ақмоншақ Мақсотқызы,

Қызылағаш ауылы

Cырым ауданы

 P.S. Редакцияға Қызылағаштағы тұрақты оқырманымыз Берік Қажгереевтен хат келді. Бекең де ел – жұртты ауылына шақырады.

«Бүгінде ауылдың сәні – мектеп. Жылдан – жылға мектебімізде бала саны азаюда. Ауыл тұрғындарын осы алаңдатуда. Мектеп жабылса, баламызды қайда оқытамыз деген ой әр тұрғынды мазалап жүр. Мәселені шешу мақсатында Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Рақымжанов пен директор Шара қызымыз бар шараны жасап жатыр. Ауылға көпбалалы жанұя көшіп келсе, тегін үй, жұмыс бар. Мектебіміз қаланың мектептерінен еш кем емес. Заман талабына сай жақсы безендірілген. Оқушыға білім алуға барлық жағдай бар. Мектеп директоры Шара Талғатқызы өзінің жұмысы жетерлік болса да, ауылдың жас келіндеріне тәтті тағам пісіріп, тігін тігуді үйретті. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жайдарбек Асихатұлы балаларды күреске баулып жүр. Қызылағашқа келіңдер!», - деп жазыпты Берік аға.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале