Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Жаңақазан ауылдық округінде ауқымды істер атқарылуда. Дәлірек айтсақ, туған жеріне деген құрметін іспен дәлелдеген Жаңақазан ауылындағы 1982 жылы мектеп бітірген түлектер ауылының ортасынан балаларға арналған ойын-сауық саябағын салып, жерлестеріне тарту етті. Бұл өз кезегінде бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш сыйлап, спортпен шұғылдануына мүмкіндік тудырып отыр. Игі істің ашылу салтанатына аудандық мәслихат депутаты Руслан Оразалиев, ауыл әкімі Сәдуақас Ғұбашев, түлектер, ауылдың тұрғындары мен балалар қатысты.
- Құрметті жерлестер, Жаңақазан ауылының тұрғындары, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын. Осындай үлгі етерлік ауқымды істер әрдайым жалғасын таба берсін. Ауылымызды көркейтіп, дамуы мен өркендеуіне қалай үлес қоссам екен деген жырақтағы жерлестеріміз бен ауылдастарымыз ауыл халқының сұраныста тұрған жобаларын қолға алып жүзеге асыруда. Елім, жерім деп мақтану бір бөлек, кіндік қаның тамған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру аса маңызды. Ауыл тұрғындары жаңа ойын алаңының ашылғанына ризашылығын білдірсе, балалардың қуанышында шек болған жоқ. 40 жылдық түлектерге алғысымыз шексіз, - деді аудандық мәслихат депутаты Р.Қанатұлы. Сонымен қатар Жаңақазан ауылының әкімі С.Болатұлы да «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп дана халқымыз айтқандай, ауылым, елім деп соққан жүректерің тоқтамасын» деген ақ тілегін жолдап, шынайы алғысын білдірді. Одан әрі балалар ойын-сауық саябағын салтанатты түрде ашу үшін лента қию рәсімін жасап, жиналған қауым ішке кіріп, саябақты тамашалады. Бұдан соң М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне ат басын бұрды. Мұнда 1982 жылы мектеп бітірген түлектер өмірден өткен 18 сыныптасын еске алуға арналған волейбол турнирін өткізді. Аталмыш волейболға 5 команда, атап айтсақ, обаға қарсы күрес мекемесі, 51809 әскери бөлімше, Жаңақазан ауылдық округ командасы, ауыл жастары, М.Жүнісов атындағы ЖОББМ-нен келген ойыншылар бақ сынады.
- Біз Жаңақазан ауылындағы М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде білім алып, оқуымызды аяқтадық. Бүгін, міне, 40 жылдан соң аталмыш мектебімізге келіп, осы бір балалық шақты еске алып, көрісіп, қуанып жатырмыз, Бәріңіз де мерекелік іс-шарамызға қош келдіңіздер. Жандары жайсаң, жүректері кең, қаймағы бұзылмаған, осы ауылдың адамдары бізге ыстық әрі жүрегімізге жақын. Сондықтан да ауылымыздың келешек ұрпағына биылғы 2022 жыл – балалар жылы болғандықтан, осындай балалар ойын-сауық саябағын тарту ойымызға келіп, жүзеге асырдық. Жаңақазан ауылы тұрғындарының кейінгі ұрпағы – балалар біздің болашағымыз. Осы елдің ұрпағы – болашақ Қазақстанның ұрпағы. Сол балалардың жүздеріне қуаныш сыйлау мақсатында қаңтар айынан бастап қолға алған ісіміз бүгін өз мәресіне жетіп, пайдалануға берілді, - деді 40 жылдық түлектер атынан Мұратқали Сейтмұхамбетов ауыл әкіміне саябақтың кілтін табыс етті.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz