22.01.2026, 17:00
Оқылды: 11

Казталовта көктемгі су тасқынына дайындық басталды

 

Биыл өңірімізде қыс қаһарын қатты сездіріп отыр. Қардың қалыңдығы мен ылғалдылығы әдеттегі нормадан жоғары. Осыған байланысты көктемгі тасқын судың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметі дайындық жұмыстарын ерте бастап кетті.

IMG_2659
Бүгін Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері — Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Айбар Камидуллиев пен Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Алтынбек Шайдуллин аудан орталығына арнайы келіп, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларымен танысты.

IMG_2671

Облыстан келген мамандарды Казталов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Айнар Сәкенов және аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар бөлімінің бас инспекторы Дархан Жалиев қарсы алып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.

IMG_2666

Алдымен жұмыс тобы Казталов ауылдық округіне барып, әкімдіктің техникалық базасын қарап шықты. Округ әкімі Ернар Ғалымов ауыл ішіндегі қар шығару жұмыстары жөнінде баяндап, көктемгі қар суын сору үшін дайын тұрған мотосорғыштарды таныстырды. Әкімнің айтуынша, тасқын судың алдын алуға қажетті техника мен құрал-жабдықтар толық әзір. Қазіргі таңда әкімдік коммуналдық шаруашылық мекемесімен келісімшарт жасасып, аудан орталығынан қар шығару жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

IMG_2681

Бұдан кейін облыстан келген төтеншеліктер «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватына барып, мекеменің дайындық деңгейімен танысты. Резерват құрамындағы орман өрт сөндіру станциясының басшысы Ғатау Сәрсенбиев көктемгі тасқын қаупі туындаған жағдайда және аудан халқына көмек көрсетуге әрдайым дайын екендерін жеткізді.

Аудан орталығындағы коммуналдық шаруашылық мекемесінің теңгерімінде қар тазалайтын, жол қыратын, сондай-ақ халықты таза ауыз сумен қамтитын арнайы техникалар бар. Барлығы да төтенше жағдайдың алдын алуға және оның салдарымен күресуге сақадай сай.
Сонымен қатар Казталов ауылдық округі теңгерімінде топырақ қаптайтын арнайы орын әзірленген. Қазіргі таңда бұл жерде 2000-нан астам топырақ салынған қап дайын тұр. Ауыл әкімі алдағы көктемге дейін бұл жұмыстар одан әрі күшейтіліп, қап саны артатынын айтты.

IMG_2661

Жалпы, жүргізілген тексеріс нәтижесінде аудан бойынша көктемгі тасқын судың алдын алу бағытындағы жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатқаны байқалды.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале