7.04.2026, 16:45
Оқылды: 6

«Таза Тасқала» акциясы: тұрғындар белсенділік танытты

тазалық 1

7–9 сәуір күндері Тасқала ауданында «Таза Тасқала» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – аудан аумағын тазарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру болатын.

Сенбілік барысында таңғы сағат 09:00-ден бастап тұрғын үйлерден шығарылған көң-қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен көшелерден жүйелі түрде жиналды. Қоқысты шығаратын техникамен қамтамасыз ету жұмыстарын Тасқала ауылдық округі ұйымдастырды. Бұл өз кезегінде ауылдың санитарлық жағдайын жақсартып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етті.

Акция аясында Жукова көшесінің тұрғындары ерекше белсенділік танытып, өз аумақтарын тазалап қана қоймай, көрші көшелерге де қолғабыс көрсетті. Олар ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмылды. Сонымен қатар, Самал көшесінің тұрғындары да игі бастамадан шет қалмай, сенбілікке белсене атсалысып, көшелерін қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтіруге өз үлестерін қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға белсенді қатысқан тұрғындар арасында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан ақшалай сыйақылар табысталатын болады. Бұл өз кезегінде халықтың ынтасын арттырып, алдағы уақытта да осындай шараларға белсенді қатысуға серпін береді.

Қорытындылай келе, «Таза Тасқала» акциясы ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, тазалыққа деген жауапкершілігін арттырған маңызды шара болды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.

Бекжан Өтемісов,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале