Шекарашылар еліміздің шебін қырағы күзетіп қана қоймайды, өзгелерге қол ұшы көмегін беруге де әрдайым әзір тұрады.
Айтар болсақ, наурыз айында өткен 2036 әскери бөлім жауынгерлерінің жалпы жиналысында аға сержант Р.Оспанов Жәнібек ауылындағы аз қамтылған отбасылардың біріне материалдық көмек көрсету жөнінде бастама көтерген болатын.
Мәселен, Б.Айтекешовтың отбасында алты бала өсіп келеді, әкелері қолдап жұмыс істегенімен, табысы бәріне бірдей жетпейді. Шекарашының бастамасын бөлімнің барлық жеке құрамы бірауыздан қолдады.
Сөйтіп, ерікті түрде ақша қаражаты жиналды. Сонан кейін бастамашыл топ қажетті азық-түлік: астық, ет, күріш, қант, шәй, тағы да басқа өнімдерді сатып алды. Балалар үшін жылы киімдер алуды да ұмытпады. Шекарашылар сөмке толы заттарымен кіріп келгенде, үй иелері мен балалардың төбелері көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Әсіресе, тәтті мен жеміске құмар балалардың қуаныштарында шек болмады.
Асқар ҚҰСАЙЫНОВ
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz