Шалқар ауылдық округі орталығы – Сарыөмір ауылында электр желісі жаңартылып жатыр.
«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ жоспарына сай, ауылдағы екі көшеде бағандар ауыстырылып, су жаңа тірек бағандар орнатылды.
Жалпы саны 44 баған жаңартылған ауылда енді электр желісі жұмысының сапасы артары анық.
Осы жаңалықпен бөліскен Шалқар ауылдық округі әкімі Сабырбек Мусин:
- Тозығы жеткен электр бағандары жаңа тіректерге ауыстырылғанына халық қуанышты. Ауылдарда желді-боранды күндері электр жарығы сөніп қалатыны жасырын емес қой. Енді біздегі екі көшенің тұрғындары сондай жағдайдан құтылды деп отырмыз. Ауылды жарықтандыруда өзіміз де қамсыз емеспіз. Қазірдің өзінде 100 шам көшелер бойын жарықтандырып тұр. Мүмкіндікке қарай жарық үнемдегіш шамдарға ауыстырып жатырмыз. Биыл түнгі мезгілде көше жарығын үнемдеу мақсатында жергілікті бюджеттен қосымша 25 дана светдиодты шамдар сатып алу жоспарланып отыр, - дейді.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz