Ақсай қаласында кәріз құдығына екі жасар қыз батып кетті. Бұл қайғылы жағдай кеше 16:00 сағатта болған.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Айбек Қайырғалиевтің айтуынша, кішкентай қыз өзі тұратын үйдің ауласына ойнауға әжесімен бірге шыққан. Ойнап жүріп, мысықты көріп қалған бала оның артынан қуа жөнеледі. Гараждар арасына кіріп кетіп, көзден таса болған немересін әжесі артынан іздеп барады. Сол жерде шөптің арасындағы беті ашық жатқан кәріз құдығының ішінен қалқып тұрған аяқ киімді көріп, дереу тиісті органдарға хабар береді. Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер алдымен кәріз құдығындағы суды сорғызып, артынан балақайдың денесін алып шықты.
Совет көшесіндегі 97-ші үйдің тұрғындарының айтуынша, кәріз құдығы бұған дейін ешқашан беті жабылмаған. Ол жерде кәріз құдығының бар екендігі бала тұрмақ, ересектерге де байқалмайды. Қайғылы жағдайдан кейін кәріз құдығының ауызын тақтайшамен ғана жауып қойған.
Айта кету керек, бұл кәріз құдығы балабақша дуалының дәл іргесінде орналасқан.
Валентина БОНДАРЕНКО
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz