Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес Жәнібек ауданында нақты жұмыстар атқарылуда.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрпейіс Елемесовтің айтуынша, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша Жәнібекте 127 адамды оқытуға 21,489 млн теңге қаралған. Жыл басынан бері қазірдің өзінде 124 адам аспаз, бухгалтер, іс жүргізуші, электрик, малдәрігерлік өңдеу операторы және басқа мамандықтар бойынша оқуға жолданды.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты бойынша 22 адамға 105,7 млн теңге несие беру көзделуде. Күні бүгін «Игілік» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан филиалы арқылы мал шаруашылығын дамытамын деген бес адам 26 млн теңге несие алды. Сол секілді «Іскер» бағдарламасына сәйкес тағы бес адам «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 24,5 млн теңгені мал бордақылау мен мал сою орнына жұмсамақшы.
«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағыты бойынша 25 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу үшін 4,223 млн теңге қарастырылған болатын. Қазіргі таңда 10 жұмыс берушімен келісім-шарт жасалып, 30 адам жолданды. 2,053 млн теңге игерілді. Сондай-ақ 34 жас маманды жастар тәжірибесімен қамту үшін 11,572 млн теңге бөлінсе, соның 6,312 млн теңгесі игерілді. Яғни 19 жұмыс берушімен келісіліп, 32 жас өз орнын тапты. Оған қоса жергілікті қазына есебінен 565 адамды ақылы қоғамдық жұмысқа жіберу үшін 30 млн теңге қаралса, 371 адам жолданып, 19,8 млн теңге игерілді. Ауданда 150 адам тұрақты жұмысқа орналасса, соның 83-і - әйелдер, 67-сі - жастар.
«Халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп отырған аталмыш бағдарлама бойынша көзделген жұмыстар жыл аяғына дейін толық орындалатын болады», - деді Н.Елемесов.
Елжан Ералы