Сырым ауданының Сарой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев былтыр «Кар-ТЕЛ» ЖШС Орал филиалына ауыл көлеміндегі Beeline ұялы байланыс операторының ғаламтор жылдамдығын арттыру туралы сұраныс берген. Серіктестік мамандары биыл Шағырлойға келіп, мұнараның басына шығып, «тәрелкелерді» олай-бұлай қозғай бастапты. Сөйтсе, сұранысқа сай ұялы байланыстың 3G сапасын 4G-ге ауыстырмақ екен. Баптаулар жасалып жатыр, жаңа режим жуық арада қосылмақ.
Сурет: inbusiness.kz
Бұл жағынан Жетікөл ауылдық округі озып тұр. 4G ол ауылға екі жыл бұрын барды. Ал интернеттің осы игілігін Жымпитыда отырып көретін күн туа ма?
Иә, аудан орталығында ұялы интернет сапасының нашарлағанын халықтың бәрі айтып жүр. Әсіресе, Beeline операторының қызметін тұтынатындар ғаламтор жылдамдығы тым баяу деп шағымдануда. Оны «Халық жазған мақала» айдарындағы ой-пікірлерден де анық байқауға болады.
Қадыр ақын «Бір жақсысы, бір жаманы...» - дегендей, мұның бір олқы жері – осы, әйтпесе Beeline - ауыл-аймақ, сай-саланың бәрінде «ұстайтын» ауқымды оператор. Қу медиен далада жүрген уақытта да, Beeline-ның «бір таяқшасы» қылтиса жаның қалады.
4G Жымпитыға қашан «келеді»? Сырым ауданы әкімдігіндегі электронды қызметтердің жұмысын қамтамасыз етуші маман, ұйымдастыру және мемлекеттік қызметті мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы Қайрат Ишанғалиев бұл сұрақтың жауабын берсе, «Кар –Тел» ЖШС береді деді.
«Кар - Тел» ЖШС Орал филиалының техникалық бөлімінің меңгерушісі Виктор Холоповтың айтуынша, серіктестік жұмыстарын жоспарға сай жүргізеді екен:
-Біз желілерді қосу, жаңарту жұмыстарын жоспарымызға және техникалық мүмкіндігімізге қарай іске асырамыз. Әрине, жергілікті биліктің де сұраныстарын негізге аламыз. 2022 жылдың аяғына дейін Beeline ұялы байланыс операторының жеке станциялары бар ауылдардың барлығына 4G сападағы мобильді ғаламтор таратылады. Олардың арасында Жымпиты да бар. – деді Виктор Николаевич.
Халықтың сауалына тапқан нақты жауабымыз осы болды. Жылдың ортасына жеттік қой, аяғына дейін шыдай тұрамыз енді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Халық жазған мақала
Газеттің әлеуметтік желідегі парақшасы жүргізетін «Халық жазған мақала» айдарының кешегі аптадағы тақырыбына – «Жымпитыдағы ұялы интернеттің сапасына көңіліңіз тола ма? Қай ұялы байланыс операторын қолданасыз? аудан орталығына 4G қосатын уақыт болма ма?» деген сұрақтарды шығардық. Жазбаны 2 107 адам оқып, 43 қолданушы пікір білдірген. Оқырмандардың ойы төмендегідей:
Шаттық Лесбайқызы:
-Екі қолды көтеріп тұрып қолдаймыз. Біздер мұғалім болған соң сапалы ғаламторға күнде мұқтажбыз. Үйде жұмыстануға интернеттің әлсіздігі кедергі. Қазір барлық шаруа интернетпен бітеді. Сондықтан Beeline операторына 4G сапа керек.
Maksat Zhumagali:
-Аудан орталығында тұрып, дүкенге барғанда алған тауарымыздың ақысын төлеуге ұялы телефонның қосымшасын әрең ашып аламыз. Міне, жаңа Қазақстан!
Айгүл Лұқпанова:
-Интернет өте нашар. Жымпитыда Абай көшесінде мүлдем нашар. Тарифке текке ақша төлеп жүрміз.
Қайрат Ишанғалиев:
-Ауыл тұрғындарының назарына! Интернет желісінің сапасына наразылық туып жатқан жағдайда байланыс инспекциясына е-өтініш ақпараттық порталымен тұрғындар атынан өтініш түссе, операторларды тексереді. Нәтижесінде интернет сапасы айтылған жылдамдықты көрсетпесе байланыс операторына тапсырма береді. Егерде тұрғындардан ешқандай наразылық болмаса байланыс инспекциясы не істей алады?
Анар Бекниязовна:
-Өте нашар, сапасыз. Халықтың төлем ақысы тек ауаға ұшып жатыр.
Ақылбек Сарсенов:
-Жетікөл, Сарой ауылдарында жақсы интернет ұстап, білдей аудан орталығында H+, ұстайтыны – ұят. Күндіз ол да қолжетімсіз. Ғаламтор интернеті тек түнде, сағат 01:00 - ден кейін ғана қолайлы. Ауданымызға 4G байланысы керек деп ойлаймын.
Ербол Бекжанов:
-Бұлдыртыға да керек. Өйткені соңғы уақытта сөйлесу де, интернет жүйесінің сапасы да тым қатты нашарлап кетті.
Мендигул Темиргалиева:
-Көңіліміз толмайды. Аудан орталығы - он екі шақырым жерде. Ұялы байланыс ұстамайды. Қазір дамыған заманда «сеть» іздеп отырғаның масқара ғой. Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Осыны кім айтады екен?
Даурен Хамзин:
-Ассалаумағалайкүм! Интернет нашар. Соны қосатын бір жан табылса, нұр үстіне нұр болар еді. 4G керек Сырым ауданы ауылдарына. Жауапсыз қалып қоймаса екен.