Бүгінгі таңда 500 теңгеге не келеді осы? Асханаға барып, түстене де алмайсың бұл қаражатқа. Ал Айтолқын Өтепбергенова үшін осы бес жүз-ақ теңге қиын кезеңде ертеңіне үмітті оятып, қыздарының алаңсыз келешегіне негіз қалауға бастама болды. Үш жұмыртқа, аздаған қант пен ұннан бастап, алғашқы орама пісірген күнгі толқынысы әлі күнге есінде оның. Содан кейін дәмді бәліш, тәтті торттар, тапсырыстар... Бүгінде Айтолқынның тәттілері аудан орталығындағы дүкендердің сөресінде тұр. Шебер кондитердің дәмдісінен ауыз тигендер, қайта келіп, тапсырыс та береді.

Айтолқын Өтепбергенова – қарапайым ауыл әйелі. Қарапайым дегенімізбен, оның тағдыры ерекше – қиындыққа қарсы тұра білген ол кәсібімен көпшілікке танылды. Қарап отырсақ, сонау 2004 жылы жолы ашылып, жұмысқа орналасып кеткенде, ол қазір әуеннің сан қырлы әлемімен балғындарды табыстырған ұстаз болып жүрер ме еді?! Әттең дейміз бе, әлде бағына ма – мұндай мүмкіндік оған бұйырмады. Құрманғазы атындағы саз колледжін сәтті аяқтаған жас маман ешқайда бұрылмастан, туған ауылы Чапаевқа оралған еді. Алайда, ауылдан оған лайық қызмет табылмады. Өз мамандығы бойынша жұмыс жоқ, 25 жасар Айтолқын қолды қусырып, бос отырмай, Орал қаласына кері аттанады.
Міне, өмірбаянының осы тұсы оның болашақ кәсібінің қандай болатынын анықтады. Мамандығымен үлкен қалада да жұмысқа тұра алмаған ол кондитерлік цехта еңбек жолын бастайды. Басшылары немістер болатын. Олардың тәртібі мен сапаға аса мән беруі Айтолқынның шебер кондитер болып шыңдалуына зор ықпал еткені сөзсіз. Ол үйренуден қашқан жоқ, қайта айнасындағы кәсіпке әбден төселген әріптестерінің істегенін жадына тоқып, қысқа ғана уақыттың ішінде қамыр илеп, нағыз дәмді тағам дайындаудың қыр-сырын меңгерді. Мақаламыздың басында айтып кеткеніміздей, осы цехта бар үйренгені кейін үлкен істің бастауына айналды.
2007 жыл. Тағдырдың жазуы сол болғаны – Айтолқын, бірі енді ғана тәй-тәй басқан, екіншісінің дүниеге келгеніне небары 1 ай, екі қызымен жалғыз өзі қалды. Кейіпкеріміздің айтуынша, сол кезең өміріндегі ең қиын уақыттардың бірі болды. Үйде табыс көзі жоқ. Жәрдемақы рәсімдеу де оңай шаруа емес. Қолда бары – бар-жоғы 500 теңге. Оны да туған-туысы жаңа туған нәрестесіне көрімдікке беріпті.
– Бар қаражатыма үш жұмыртқа, 100 грамм қант, 100 грамм ұн алдым. Солармен бір тәтті орама пісіріп, қасымыздағы дүкенге апардым. Дүкен иесінің алдында тұрып толқығаным-ай! Бұрын кондитерлік цехта жұмыс істегенім болмаса, өз пісіргенімді өзім тікелей саудаға шығарып тұрғаным бірінші рет. Кешке дейін сол уайыммен жүрдім де қойдым. Сағатқа қайта-қайта қарап қоямын. Сондағы алаңым – дүкенге барғанда, орамам өтпей қалса, ақша да, еңбегім де зая кетеді ғой. Дүкен жабыларға қарай есігінің алдында тұрдым. Жүрек алып-ұшып барады. Қорқасоқтап ішке кіргенім сол еді, дүкенші «Тәттің өтіп кетті» деп, қолыма ақшаны ұстата салды. Сонда қуанышымның қойныма сыймағаны соншалық, не күлерім, не жыларымды білмедім. Сол қаражатқа дастарханға азын-аулақ ас, келесі өнімге қажет ингредиенттерді де сатып алдым. Міне, осылай тынысым ашылды, – деп еске алады ол.
Сол бір орамадан кейін тағы біреуін, сосын тәтті бәліштер мен торттарды пісіре бастады. Чапаев ауылында сол кезде қазіргідей емес үйде кондитерлік өнім пісіріп, сататындар некен-саяқ болатын. Сондықтан Айтолқынның дәмділеріне сұраныстың арта түскені заңды да. Аудан орталығының 8 дүкенін сол кезде тәттімен қамтып отырған оның күніне 100 торты мен 100-ге жуық тәтті бәліші сатылатын. Үйдегі шағын пеште пісіріп, барлығын өзі дүкендерге жаяу тасып апарып өткізетін.
– Балаларым аш қалмасын, ешкімнен кем болмасын деп, барымды салдым. Түнімен тәтті пісіріп, ала таңмен дүкендерге жеткізетінмін. Кешке қарай келесі күнге қамданыс басталады. Осы тынымсыз еңбектің бәрі қыздарымның болашағы үшін, – дейді Айтолқын.
2009 жылы оған ірі итальяндық компанияға кондитер-наубай ретінде жұмысқа тұруға ұсыныс түседі. Вахталық әдіспен қызмет етсең, табыс жақсы, әрине. Әйткенмен, бала-шағадан жырақта жүрген де, оңай емес. Сол кезде оған зор қолдауды анасы көрсетіпті. Қызының жолына тосқауыл болмай, балаларын бағуға көмектесіп, табыс табуына мүмкіндік берді.
– Шынын айтқанда, анам болмаса, мен мұның бәріне шыдай алмас едім. Балаларды қарасып, үнемі мені демеп отырды. Өмірді теңіз десем, сол теңізде батырмаған анам мен үшін алып кеме. Ол мені қиындықта жалғыз қалдырып көрген жоқ, – дейді Айтолқын.
Шалғайда жұмыс істеу – әсіресе, нәзік жандыға ауыр салмақ. Табысы тұрақты әрі көп демесең, өзі үйіңнен қызмет еткенге жетпейді, әрине. Біраз уақыттан соң, вахталық жұмыстан бас тартып, Айтолқын туған ауылында кәсібін қайта жалғастыруға бел байлайды.
Бүгінде ол – аудан орталығында тұрақты тапсырыспен жұмыс істейтін танымал кондитер. Оның тәттілерінің дәмі тіл үйіреді. Чапаев ауылындағы бірнеше дүкеннің сөресінен таба аласыз, әрі тапсырыс беріп, торт пен бәліштің небір шұрайын алдыртуға болады. Қажет десең, қонақтығыңа арнап, самса мен ет салынған уақ шелпек те пісіріп бере алады. Арнайы тапсырыспен кондитердің өнімдерін алдыртатын дүкендердің ішінде «Сәбина» көтерме-бөлшек сауда орталығы – кондитердің басты серіктестерінің бірі.

– Кәсібімді қайта қолға алғанда, «Сәбина» дүкенінің иелері Гүлнұр мен Айбар Рысқалиевтер менің ұсынысымды бірден қабылдады. Еш қарсылық танытпай, тәттілерімді алғаш болып халыққа ұсынды. Сол күннен бастап байланысымыз үзілген жоқ, – деп алғысын ақтарады жас кәсіпкерлерге кейіпкеріміз.
Қазір ол күніне 35-40 тәтті бәліш пен 20-ға жуық торт пісіреді. Ассортиментінде 25-тен астам бәліштің түрі бар.
Айтолқынның үлкен қызы Ресейде білім алып, магистратураны үздік бітірген. Бүгінде тұрақты жұмысы бар, өз жағдайын өзі жасап отыр. Ал кенже қызы анасының жолын қуып, кондитерлік білім алған. Бүгінде облыс орталығында жұмыс істейді. Демалыстарында анасына қолғабыс ететін де сол.
– Қанша қиындық көрсем де, «қыздарым адам болсын» деп алға ұмтылдым. Қазір соның бәрі артта қалды. Қыздарымның есейіп, өмірден өз орнын тапқанына іштей шүкір деймін, Өзім секілді әйелдерге бір-ақ кеңес беремін – ешқашан мойыма, қажыма, еңсеңді тіктеп, еңбек ет. Қиындық уақытша, өтеді де, кетеді. Ал адал еңбек қай-қай адамды да аяққа тұрғызып, ауыртпалықтың ала бұлтын сейілтеді. Менің соған көзім жетті, – деп ағынан жарылды ауыртпалықты қара нардай көтерген нәзік иықты жан, жоқтан бар жасап, кәсібін өрлеткен Айтолқын.
Ә.Серікқызы,
Ақжайық ауданы