19.05.2022, 14:30
Оқылды: 52

506 адам тұрғын үй кезегінде тұр

Бүгін «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалы жанындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету» жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

B426FB71-A0C8-4B1D-BC65-867439E0D806

Аудандық мәслихат депутаты, аталған қоғамдық кеңестің төрайымы Гүлдана Дәулетованың төрағалығымен өткен жиынға аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденов, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Алтынғаным Бақытова қатысты.

Қоғамдық кеңесте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен тиімділігі, аудан халқын кезекті баспанамен қамту және кезекке тұру мәселелері, мектепке дейінгі тәрбие орындарында сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытындағы жұмыстар туралы мәселелер қаралды. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Болатқызының айтуынша, ағымдағы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 60 маман көтерме жәрдемақы алған.

- Ағымдағы жылы ауданымызға 60 маманға 18 млн 378 мың теңге көтерме жәрдемақы (бір маманға 100 АЕК – 306 300 теңге), 25 маманға 114 млн 863 мың теңге (бір маманға 1500 АЕК – 4 591 500 теңге) бөлінді, - деді сала басшысы. 2021 жылы 65 жас маманға 18 млн 960,5 мың теңге мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төленіп, 31 маман үй сатып алу үшін 127 млн 216 мың теңгеге бюджеттік несиеге қол жеткізген.

Күн тәртібінде қаралған кезекті мәселе бойынша Артур Амантайұлы баяндама жасап, тұрғын үй кезегінде 506 азамат тұрғанын атап өтті.

-Күні бүгінге дейін тұрғын үй кезегінде 506 азамат тұр. Олар: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар - 38, әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтар - 143, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және әскери қызметшілер - 200, жалғыз тұрғын үй ҚР-ның заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар - 37, көп балалы отбасылар - 88, - деді ол. Қазіргі таңда тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған.

Ал мектепке дейінгі тәрбие орындарында сыбайлас жемқорлық деректері тіркелмеген. Қоғамдық кеңесте қаралған мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің және жиынға қатысушылардың ұсыныстары мен пікірілері ескеріліп, хаттамаға енгізілді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале