Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Отырыста аталған тақырып төңірегінде төрт мәселе қаралды. Орын алу мүмкін су тасқыны апатына дайындық, соның ішінде аудандағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайы және оларды қауіпсіз қолдану, аудан аумағында азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалу барысы жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Алтаев баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында аудан әкімімен «Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы аумағында 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіңде аудан тұрғындары мен аумағын қорғау жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы» № 3-ө өкімі қабылданды. Аталған өкім негізінде «Тасқын суға қарсы күрес ұйымдастыру жөніндегі аудандық штаб» құрылып, «Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы аумағында 2025 жылғы су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, 2025 жылы тасқын су кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға деп 5,5 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Алла сақтасын, дегенмен аудан аумағына су басу қаупі төнер болса, су тасқынының алдын алу және жою жұмыстарына деп 25 техниканың күші жұмылдырылады.

Аудан аумағындағы жылыту маусымының өту барысы, тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар жөнінде баян еткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиевтың берген ақпарына сүйенсек, былтыр «Жәнібек аудандық коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерді ағымдағы жөндеу» жұмыстарына деп 6,133 млн теңгеге конкурс берілген-ді. Нәтижесінде «Мухтар Строй Сервис» ЖШС 5,016 млн теңгеге ұтып, 12 келісімшарт жасақталды. Тиісінше, 64 тұрғын үйдің газ мұржалары ұзартылып, 77 тұрғын үйдің мұржасының сырты тиісті материалмен қапталса, жарамсыз деп танылған 15 тұрғын үйдің су жылытуға арналған газды қондырғысы ауыстырылды. Тағы басқа ірілі-ұсақты жұмыстар атқарылған.
Төтенше жағдайлар комиссиясы хаттамаларының орындалуы бойынша баяндап өткен аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Айдос Сағадатов ауыл әкімдерінен жоспарланған іс-шараларды уақытында орындап, ақпараттарын сапалы дәлелдеме құжаттарымен қоса беріп отыруды сұрады.

Комиссия отырысына онлайн режимде қатысқан ауыл әкімдері аудан әкімінің орынбасарына ауылдардағы жағдайды баян етті. Су басу қаупі басым деп танылған 6 ауылдан (Талов, Жақсыбай, Борсы, Қамысты, Тау, Жасқайрат) әзірге жағымсыз хабар жете қоймады. Дегенмен Жаннұр Бекбауұлы ауыл басшыларына арқаны кеңге салуға әлі ерте екендіктерін, жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыру қажеттігін ескертті.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы