28.01.2025, 17:45
Оқылды: 52

5,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінбекші

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтып, өзін өзі қамтушыларды заңдастыруды басты назарға алып отырған бірден-бір маңызды жоба.

image-28-01-25-12-27 (1)

Аталған жобаны іске асыруда алдыңғы кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілген болатын.

Кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұханбетов төрағалығымен, аудан әкімі Тимур Шиниязов пен орынбасары Мирболат Бисенов, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу жөніндегі кеңес отырысы өтті.

image-28-01-25-12-27-1 (1)

Қалияр Шадиярұлы өткен жылдың қорытындысына сәйкес аталған бағдарламаның аймақтарда белгіленген межеге сәйкес орындалуы бойынша мемлекет басшысынан оң бағасын алып отырғанымызды айтып өтті. Алдымен «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Нұржанұлы бағдарлама негізінде берілетін несие алу тәртібі жүйесіне енгізілген өзгерістер хақында баян етті. Алғашқыда жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланды. Микрокредит мерзімі – 5 жылды құраса, мал шаруашылығы саласы бойынша жобалар иелеріне 7 жылға дейін берілетін еді. Бастысы жоба қатысушыларына бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

Еске сала кетсек, былтыр Жәнібек ауданы бойынша 247 млн теңгеге 37 өтінім келіп түсті деген болатынбыз. Облысымызда орын алған төтенше жағдайға байланысты 1402 жұмыс орнын ашуды көздейтін 751 жобаға деп  бөлінуі тиіс 7,9 млрд теңгенің тек 32 пайызы ғана облысқа берілді. Осылайша ауданда бағдарлама негізінде 14 жоба ғана қаржыландырылды.

​«Ауыл аманатының» аудан көлемінде жүзеге асырылу деңгейін егжей-тегжейлі сараптап келген Ержан Нұржанұлы біршама олқылықтарды анықтапты. Мысалы жүзеге асырылған небәрі 14 жоба. Соның өзінде несие алғандардың біразы әлеуметтік төлемдерін аудармаған.

​«Тоқталып кететін мәселе бағдарлама шеңберінде облыс әкімдігімен берілген хаттамалық тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалмай отырғандығы байқалады немесе орындалуы жөнінде ақпарат ұсынылмайды»,-деп Е.Нұржанұлы ашығын айтты.

Отырыс соңында Қалияр Шадиярұлы аудан басшылығына «Ауыл аманаты» бағдарламасына деген дұрыс көзқарас қалыптастырып, жоба аясында несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған кооперативтердің нәтижелі жұмыстарын кеңінен насихаттап, бағдарламаның орындалуы мен берілген бюджеттік несиенің мақсатты жұмсалуын бақылауға алуды тапсырды.

Айтқандай, биыл жоба аясында облысқа деп 5,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінбекші. Қосымша өткен жылдан қалған 1 млрд теңге тағы бар. Енді көлемді қаражаттың қалай игерілетіндігін бақылайтын боламыз.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале