Тасқала ауданында тұратын Ғайнижамал Балықова жетпістен асқан шағында бала кезгі хат жазып, қал сұрасып жүретін құрбысымен кездесемін деп әсте ойламапты. Жақында ғана сол құрбысымен кездесіп қайтқан апамыз бізге баянды достық туралы әсерлі әңгіме айтып берді.
Ғайнижамал апаның бала кезінде балалар алыс шақырымдардағы өзге елде тұратын қатарластарымен хат арқылы танысып, бір-біріне хат жазып тұратын-ды. Сол жылдарда балалардың көбі газет-журналды асыға күтіп оқушы еді. Әсіресе, өздері секілді балаларға арналған «Қазақстан пионері» газетінің әр нөмірін олар қалт жібермейтін. Ал ол газеттегі «Дос іздеймін» айдары талай баланы табыстырған еді. Оның сонау Ашхабадтағы Түрбибі досымен танысуына себеп болған «Қазақстан пионері» газеті екен.
– 1964-65 жылдары Шежін ауылында 7-сыныпта оқып жүрген кезім. Бір күні біздің сыныпқа «Қазақстан пионері» газетінен хат келді. Ол хатта 7-сыныптағы №7 пионерге деп жазылған екен. Журнал бойынша №7 Жаракушева болып мен тұрмын. Демек, ол хат маған келген. Сынып жетекшім қолыма ұстатқан хатты алып, оған жауап жаздым. Солай, бір-бірімізге хат жазысып кеттік. Ол Түркіменстанның Ашхабад қаласынан екен. Ұлты қазақ, руы адай. Екеуміздің достығымыз осылай басталды. Бір-біріміздің қал-жағдайымызды сұрап, ауылымызда, мектебімізде болған жаңалықтарды айтып, хат жазысып тұратын едік, – деп бастады әңгімесін Ғайнижамал апа.
Иә, сол бір кездері Қазақстан мен Түркіменстанның арасын жалғаған сырға толы хаттар бұл күндері сағынышқа толы жастық шағының куәгеріне айналған. Түрбибі құрбысы Ғайнижамал ападан келген хаттарды бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап келіпті. 1969 жылы 18 жасқа толғанына жіберген фотоальбомын да шаң тигізбей, әспеттеп жинап қойыпты. Осының бәрін көзімен көріп, көңілі өсіп қайтқан ол құрбысының достыққа адалдығына тәнті болып қайтыпты.
– Түрбибіден келген хаттарды сақтай алмағаныма өкініп қалдым. Ол хатты менен гөрі жиі жазатын. Оның хаттары көп еді. Поштамен бір-бірімізге сәлемдеме салып жібереміз. Мен шабанның қызымын. Оған сүр ет, май, қаймақ салсам, ол маған көйлектер әдемі заттар жібереді. 1976-78 жылдары біздің хат жазуымыз үзіліп қалды. Екеуміз де тұрмысқа шықтық. Менің үш балам, оның бес баласы дүниеге келді. Жұбайым аудан-ауылдарда лауазымды қызметтер атқарды. Сол кісінің жұмыс бабымен ауылдан-ауылға көшіп-қонып, баламен алысып жүргенде хат жазу бола ма? Тұрмыстың түйткілдерімен жүргенде біраз уақыт бір-бірімізден көз жазып қалдық, – деп сол кездерді еске алды Ғайнижамал апай.
Ол жақында түркіменстандық Түрбибі құрбысымен кездесіп, жүздесіп қайтты. Осы уақыт аралығында 57 жыл өтіпті. Бала кезінде хат арқылы басталған таныстық мәңгілік достыққа ұласқан. Хат үзіліп қалған кезде де олар бір-бірін жиі еске алып, іштей тілекші болып жүргендерін кездескен сәттерінде еріксіз айтып қалады. Сол Түрбибі құрбысы бір немересіне оның есімін беріпті.
– Осыдан екі-үш жыл бұрын жұбайыма ауылдың адамдары сіздің үйдегі апайды біреу іздейді деп айтып жүріпті. Оған біз мән бермедік. Өзім «Мені кім іздейді?» деп ойлап қоямын. Содан жұбайым Жәрдем бір күні сені іздейтін адамның телефон нөмірін алып келдім деп, хабарласты. Сөйлесе келе, менің досым Түрбибі болып шықты. Бір-бірімізді тапқанымызға қуанып, телефон арқылы жиі-жиі сөйлесіп тұрдық. Содан кездесеміз деп жүргенімізде пандемия басталып, осы жақында ғана кездесудің сәті түсті, – деп әңгімесін жалғаған ол өздерін сағынып күтіп, қонақ қылған құрбысына ризашылығын жасырмады.
Оның құрбысы Түрбибі отбасымен Ашхабадтан Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына 2002 жылы көшіп келіпті. Хат арқылы суретін ғана көріп, көңіл төрінде сақтаған талдырмаш қыз ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып, немере-жиен сүйіп, берекелі әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған. Тек хат арқылы ғана тілдесіп, бір-бірін көрмеген достарға Жаңаөзеннің төрінде табысу бұйырыпты. Түрбибі досы Ғайнижамал апай мен жұбайы Жәрдем ағайды құда күткендей қарсылап, аяғын жерге тигізбей күтіп, ағайын-туысын шақырып, төрінен орын беріп қонақ қылады. Бірнеше жыл бір-бірімен тілдесе алмаған достар таңға дейін ұйықтамай бала кезін, жастық шағын еске алып әңгіме айтып, шер тарқатады.
– Бір жыл бұрын Түрбибінің жұбайы қайтыс болды. Ол кезде пандемияға қатысты шектеулермен шыға алмадық. Биыл бір жылдығына көңіл айтып, бата оқып қайттық. Ұл-қыздарының тәрбие-сі қандай керемет! Келіндері де инабатты, ибалы көрегенді жердің қыздары екен. Ол мен туралы блогер келініне айтқан ғой. Сол келіні ғаламтордан іздеп, нөмірімді тауып беріпті. Бізді табыстырған келінге ризашылығымды білдіріп, сыйлығымды табыстадым. Құрбыммен сырласып, қуанып ерекше көңіл күймен қайттық. Жетпістен асқан шағымда бала кезгі досыммен кездесіп, туғанымды көргендей сезімде болдым, – деп ақтарылды ол.
Ғайнижамал апай бала кезінен газет-журнал, кітап оқығанды жақсы көреді. Әлі күнге дейін біраз басылымға жазылып, үйіне алдырып оқиды. Бүгіндері ол құрбысымен ватсап желісі арқылы жиі сөйлесіп тұрады. Бұйырса, қос құрбы Тасқаланың төрінде кездеспек. Шыны керек, күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, туғанын да сирек іздейтін заманда құрбылардың бір-бірін іздеп тауып, араласуы көпке үлгі боларлықтай. Жай ғана бір-біріне хат жазудан басталған қос құрбының достыққа беріктігі һәм бір-бірін құрметтеуі өзгелерге де жұғысты болғай!
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz