Бүгін - ел бойынша жарияланған Наурызнама онкүндігінің Жаңару күні.
Әдетте бұл сөз қоғамдық - саяси өмірде жиі қолданылады.
Наурызбен түлеген табиғат адамзатты да жаңаруға шақырады. Мерекенің мәні осындай.
Жаңару күні Сырым ауданында аудан әкімінің балаларға арналған Наурыз тойы өтті.
- Наурыз - ұлтымыздың ұлы құндылығы. Қазақтың тұрмысы, дәстүрі, өнері, спорты бәрі де бір мерекенің бойына сыйған. Ұлыс күні құтты болсын, жас достар. Сендерден болашақта қазақтың тәуелсіз мемлекетінің өркендеуіне үлес қосатын азамат шығады деп ойлаймын. Қоғамға қосқан бүгінгі үлестерің - білім игеру, өнер үйрену. Ізденістен шаршамаңдар! Жаңарыңдар! - деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.
Наурызтойға негізінен сабағына алғыр оқушылар және әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың балалары келген. Оларға әкімнің сияпаты ретінде домбыра және тәттілер дорбасы берілді. Ерекшелігі - әр балаға ұлттық киім сыйға ұсынылды. Сырым ауданында бір күнде 70 балаға шапан жабылып, өнердің сәйгүлігі - домбыра берілді.
Наурыздатып келген жас меймандарға қонақасы дастарханы жайылды. Бауырсақ, құрт, қаймақ-май, айран-көже молынан ұсынылды. Сырым аудандық білім беру бөлімі жанындағы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы мен саз мектебі кең көлемді концерттік бағдарлама ұсынды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz