Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газеті өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра өткізілген басылым мерейтойына аудан әкімі Марат Тоқжанов, «Пруралье» газетінің бас редакторы Роза Сиықова, «Халықаралық цифрлық технология сәулет және құқық колледжінің» директоры Айдана Боранова, «Республикалық жоғарғы технологиялар колледжінің» директоры Анар Аймағанбетова, БАҚ ардагерлері мен редакция ұжымы қатысты.
-Төл басылымның алғашқы аққанат парақтары халқымен қауышқанына 80 жыл толуы - ортақ мерей. Қиын сәттерден өтіп, Тәуелсіз елдің жарқын жетістіктерін халқына сүйіншілеген басылымның аудан халқы үшін орны ерекше. Тарих парақтарын хаттайтын да жалғыз баспасөз құралы осы «Ауыл тынысы» газеті. Бүгінгі ұрпақ ауданның қалыптасуына қызмет еткен еңбек адамдарын, олардың қайраткерлігі мен мехнатты еңбек жолын осы газет арқылы ғана танып білуде. Газеттің осындай деңгейге жетуінде әр жылдары басшылық жасаған редакторлар мен қызмет еткен журналистердің еңбегі айрықша.
Бүгінде ақпарат айдынында жүрген тілшілер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті, бірлікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқаруда. Ендеше журналистикаға артылар міндет пен жүк жеңіл емес.
Алғашқы саны шыққаннан бері оқырман қауымның айнымас серігі, рухани азығына айналған «Ауыл тынысы» газетін жаңалық пен жақсылықтың жаршысы деп санаймын. Аудан үнпарағы тәуелсіз еліміздің даму тарихындағы мемлекеттік деңгейде қолға алынған әр бастаманы қолдап, қоғамда орнықты ой қалыптастырып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білді. Аудан жаңалықтарын салмақты сөз, салиқалы пікірмен жеткізіп, халықтың жүрегінен жол тапқан басылымның еліміздегі күрделі кезеңді еңсеріп, халықты жарқын болашаққа үндеп келе жатқан қызметі ұшан-теңіз. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты жалғасын тапсын. Газет ұжымы әлі де ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуы туралы мәнерлі мақалаларын оқырмандарына арнайды деген сенімдемін.
Редакция ұжымына шығармашылық шабыт, ұшқыр ой, қарымды қалам, жемісті еңбек тілеймін. Еліміз өркендей берсін. Мерейтой құтты болсын, - деді өз құттықтауын жеткізген аудан басшысы Марат Тоқжанов.
Кейін аудан әкімі «Ауыл тынысы» газетінде 40 жылдан астам корректор болып қызмет еткен Нина Ивановна Барнич пен 20 жылдан астам есепші болған Вера Григорьевна Лебеденконы «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Сондай-ақ редакция ұжымына жаңа компьютер сыйға тартты.
Өткен ғасырдың 1940 жылынан бері елмен бірге жасасып келе жатқан басылымды мерейтойымен құттықтай келген «Пруралье» газетінің бас редакторы Роза Сиықова ұжымға «Жайық Пресс» ЖШС басшысы Табылғали Сапаровтың құттықтауын жеткізіп, барлық қызметкерлерге медиахолдинг атынан берілген бағалы сыйлықтар табыс етті.
-«Ауыл тынысы» газетін 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Осынау уақыт аралығында басылым сан алуан белестермен жүріп өтті. Елмен бірге қиындықты да көріп, қуанышты да бірге бөлісті. Қай кезең болмасын, газет журналистері аудан өмірін көрсетуден, игі жаңалық-өзгерістерді халыққа таратудан талған жоқ.
«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» дегендей, «Ауыл тынысы» аудан шежіресін тасқа басып, мәңгілікке қалдырып келеді. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын қалың бұқараға жеткізуде газеттер маңызды рөл атқарады.
Тарихи деректерді, ата-бабаларының тыныс-тіршілігін де кейінгі ұрпақ осы газет бетінен танып-білетін болады. Сондықтан айқын мақсатпен, нық сеніммен алға тарта берудің мәні зор. Осы жолда барлық тілшілердің қаламына ұшқырлық, қадамына жүйріктік тілеймін,- деді редакция ұжымын ҚАЗИИТУ құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Әйтімовтың атынан құттықтаған "Республикалық жоғарғы технологиялар колледжінің" директоры Анар Аймағанбетова.
Басылым мерейтойына келген еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Майдан Жұбандықов та газет ұжымына деген жүрекжарды лебізін білдіріп, өзінің «Жизнь прожить не поле перейти» атты кітабын сыйлады.
Бұдан бөлек шара барысында БАҚ ардагерлері мен газет жанашырларына бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табыс етілді.
Кешегі КСРО кезінде де Тәуелсіз ел болып, етек жеңімізді жия бастаған шақта да газет ел мен биліктің арасындағы алтын көпір ғана болып қоймай, кешегі мен бүгінді жалғап, аға ұрпақ пен жас ұрпақ сабақтастығын қалыптастырды. Түрлі себептермен шашырап қалған басылымның 54 жылдық тігіндісін елге жеткізілді. Соның арқасында тек газет қана емес, барша ел өткенімен қауышып, өткен шақ батырларының ерлігі мен диқандардың еңбегі жайында мағлұматтар алуға мүмкіндік туды. Бүгінде аудан газетінің тарихы түгенделіп, болашаққа нық қадам баса түсті.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz