Жымпиты ауылының тұрғыны 90 жастағы Еркін Жақсыгереев қарияны қара жердің қазба байлығын зерттеген кәнігі маман екенін бірі білсе, бірі білмесі анық.
Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округінде дүниеге келген Е.Жақсыгереевтың еңбек жолы Алматыдағы қазақ мемлекеттік тау-кен институтын бітірген соң арнайы жолдамамен Қостанай облысынан басталды.
Қостанай өңірінде он жылға жуық еңбек еткен ол дәрігерлердің ұйғарымдарына орай саулығы табиғаттың сәйкестігіне сай келмейтін болғандықтан Батыс Қазақстан облысына ауыстырылды.
Сөйтіп, қара жердің қазба байлығын зерттеген Еркін Жақсыгереевтың ендігі еңбек баспалдақтары Жымпитыдағы белді мекемелер аудандық атқару комитетінде, құрылыс, обаға қарсы күрес мекемесі сынды ірі салаларда жалғасты.
Бүгінде 90 жастың төріндегі Еркін қария өзінің жалпы еңбек өтілі 46 жыл екендігін, бірге қызметтес болған Кәрім Ғұмаров, Кеңес Дәулетияров, Заян Жұмағұлов, Жақып Тобышбаев, Шайдолла Қабиев есімдерін сағынышпен еске ала әңгімелейді.
- Әлі есімде, сонау 1943 жылы үйлерді аралап, жасы үлкен адамдарға сәлемдесу үшін жарыса жүгіретінбіз. Қолымызда тәттілер мен бауырсаққа мәз болатынбыз. Осы салт - дәстүр бүгінде жалғасын тауып, тұрақты дәстүрге айналса өте орынды болар еді. Әрі жастарға, балғын бөбектерге тәрбиелік маңызы бар ата-дәстүр болмақ. Кейде маған осы салт - дәстүр кенжелеу қалғандай әсер ететіндігі бар. Қазақы салт - дәстүр, әдет - ғұрыптың берік сақталғаны жақсы ғой, - дейді Еркін қария.
Сөз соңында 90 жастағы қарияның Наурыз батасын келтіре кеткенді жөн көрдік.
Күніміз ұлысты болсын,
Жеріміз ырысты болсын
Өрісіміз малға толып,
Келіндеріміз жанға бай,
Үбірлі - шүбірлі болсын!
Әумин!
Мүсірбек Әлібекұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суретте: 90 жастағы қария Е.Жақсыгереев