11.07.2023, 10:00
Оқылды: 43

98 миллион теңге қарызбыз...

 

«Алдымен – су,  кейін – басқа жобалар!»

Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов аудандық мәслихат депутаттарымен кездескенде: – Ауылдардың абаттанғаны, спорттық нысандардың салынғаны, ойын алаңдарының болғаны жақсы. Бірақ бірінші кезекте ауыз су мәселесін түбегейлі реттеп алуымыз керек. Сондықтан басқа жобаларды кейінгі кезекке қойып, алдымен су шаруашылығына басымдық беруіміз керек. Қолдайсыздар ма?, – деген сауал қойды.

IMG_9264

2019-2020 жылдары аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін республикалық қазынадан қаржы бөлініп, Жымпиты мен Өлеңтіні Кеңащы жерасты суы кен орнының суымен қамту жобасы жүзеге асырылды. Осы жоба аясында тіршілік нәрінің құбыры Шағырлой, Бұлан, Жамбыл, Қособа және Жырақұдық елді мекендеріне қарай тартылды. Жоба маңызды, өйткені осыған дейін Жымпиты мен Өлеңті ауылдарының тұрғындарына ауыз су Сырым ауданы әкімдігінің  «Сырым» МКК пайдаланатын бес су жинағыш ұңғымадан берілді. Ұңғымалардың шығымы өте төмен,  аудан орталығы тұрғындарын сумен толыққанды қамтамасыз етуге жетпей қалатын. Қаражат бөлінді, құбыр салынуда. Әкім не үшін назарды су шаруашылығына аудармасақ болмайды деп су тақырыбын қайтадан күн тәртібіне шығарды?

Осы сауалдарға жауап алу үшін Жұмагелді Батырниязовпен бірге Жосалы ауылдық округіндегі Кеңащының басына бардық. Әкім ол жерде депутаттармен бірге «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Хұсайыновпен кездесті. Кездесуде Жымпитыға ауыз су берудегі үзілістер, қысымның төмендігі секілді мәселелер сөз болды.

Құзыретің  қандай,  «Қазсушар»?!

«Қазсушар» - ҚР  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетіне  бағынышты мемлекеттік кәсіпорын. Кәсіпорынның өңірдегі филиалы Батыс Қазақстан облысы аумағында трансшекаралық су бөлу, тасқын суды апатсыз өткізу және суды түпкі тұтынушыларға дейін тасымалдау жөніндегі іс-қимылдың барлық кешенін қамтамасыз етеді. Құзыреттерінде 4 топтық су құбыры, 14 су қоймасы, 4 су торабы, 1 бөгет, 988,047 шақырым канал және 1 сорғы стансасы бар. Камен, Орда, Жаңақала және Сырым топтық су құбырлары «Қазсушардың» иелігіне кіреді. Осы құбырлар арқылы  Батыс Қазақстан облысының 6 ауданындағы (Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Сырым, сондай-ақ Орал қаласының оңтүстік қала маңындағы бөлігі) 38 ауылдық елді мекенге ауыз су беруді жүзеге асырады. Түсініктірек баяндағанда, шаруашылық 64,984 мың адамға ауыз су жеткізеді.

 – Барлық топтық су құбырларының жұмысы бірінші кезекте халыққа сапалы ауыз суды тәулік бойы үздіксіз беруге бағытталған,  – дейді Рауан Хұсайынов.

Басшының айтуынша, жаңа Сырым топтық су құбырының құрамына 3 су жинағыш ұңғыма, магистральды жеткізуші су құбыры, табиғи буландырғыштар алаңы, су тазарту стансасы,  электрмен жабдықтау желілері кіреді.

Жымпиты мен Өлеңті ауылдарын сумен жабдықтау келесідей тәсіл бойынша жүзеге асырылады. Алдымен су тереңдігі 80 м су жинағыш ұңғымаларынан 60 м3/сағ дейінгі көлемдегі батпалы ұңғыма сорғыларымен өндіріліп, полиэтилен құбырынан жасалған магистральды жеткізуші су құбырына беріледі. Әрі қарай су жеткізуші су тартқышпен сүзгілеу арқылы су тазарту стансасына түседі. Одан су өлшеуіш арқылы су тұтынушы – Сырым ауданы әкімдігінің «Сырым» МКК-ға беріледі. Алынған суды «Сырым» МКК 2-өрлеу сорғы стансасындағы өз резервуарларында жинақтайды, содан кейін өзінің ауылішілік су құбыры желілері арқылы аудан орталығы Жымпиты мен Өлеңті ауылының тұрғындарына  таратады.

«Кісіге  қалған  күн, таңы  атпаған  түн!»

Сырым топтық су құбырын пайдалану басталған сәттен бастап бірнеше апаттық жағдай орын алды. Оның жайын халық кімнен сұрарын білмей отыр.

– Иә, су жинағыш ұңғымаларды автоматты басқару жүйесінің істен шығуы, электрмен жабдықтау желісіндегі  бұзылыстар және жеткізуші су тартқыштың іркілуі сияқты апаттық жағдайлар болды. Апаттардың пайда болу себебі – мердігер «Мелиоратор» серіктестігінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына байланысты. Әрине, бізде «анау жауапты, мынаның жұмысы» деген жоқ. Кепілдік міндеттемелері аясында бас мердігер ішінара проблемаларды (оның ішінде су жинағыш ұңғымаларды аутоматты басқару жүйесі бойынша, су алу алаңындағы және су тазарту ғимаратындағы құрылыстық кемшіліктер) жойды.

Басқа түйткілдерді  «Қазсушар» жергілікті мамандарды тарта отырып шешті. 2023 жылдың сәуір айының басында қатты жел 78 тірек сымдарын үзіп, су жинағыш ұңғымалар электр қуаты көзінен ажырады, сумен жабдықтау тоқтап қалды. Сапасыз орындалған электр монтаждау жұмыстары, дәлірек суреттегенде сымдардың ажыратқышқа әлсіз бекітілуі халықты сусыз отыруға мәжбүр етті. Мүмкіндігімізше электрмен жабдықтауды жергілікті электрмен жабдықтау мекемесінің мамандарының көмегімен қалпына келтірдік, – дейді су шаруашылығы мекемесінің басшысы.

Неліктен ақау орын алады? Құрылғыларды күтіп ұстауға болмай ма? Апатты жағдайларда шұғыл әрекет етуге қауқарымыз бар ма?

Мәселе мынада екен. Сырым топтық су  ұбыры «Қазсушар» РМК БҚФ-ның теңгеріміне өндірістік базасыз, пайдалану техникасы мен жабдығынсыз берілген. Техника мен өндірістік ғимараттардың болмауы «Қазсушар» РМК БҚФ облыстың аудандарынан басқа өндірістік учаскелерден адамдар мен құралдарды тартуға мәжбүр етеді. «Кісіге қалған күн, таңы атпаған түн!»  деген осы.

«Сырым»  МКК-ның 2021 жылдың қазанынан 2023 жылдың мамырына дейінгі аралықта Кенащы кен орнынан алған 196,7 мың м³ көлеміндегі ауыз су мен көрсетілген қызметтер үшін «Қазсушар» РМК БҚФ-на 98,472 млн теңге қарызы бар.

– «Сырым» кәсіпорны «Қазсушар» мекемесіне 19 ай бойы тұтынған ауыз су үшін бір теңге де төлемеді. Берешекке  байланысты  «Қазсушар» РМК БҚФ-ның электр энергиясының шығынын жабу, материалдар алу, пайдалану шығындары үшін төлемдерді жоспарлы түрде жүзеге асыруға, сондай-ақ штатқа қажетті мамандарды жұмысқа қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Қаражаттың болмауына байланысты Сырым топтық су құбырының жұмысындағы түрлі түйткілді мәселені шешу қолды байлайды.  Зардап шегетін  халық, – дейді Рауан Ерланұлы.

Аудан әкімдігі 2022 жылғы 29 желтоқсандағы жазбаша кепілхатымен 76,8 млн теңге берешекті 2023 жылғы 30 маусымға дейін өтеудің кестесін бекіткен. Соған сәйкес 2023 жылдың наурыз-мамыр айларында 15 млн теңге аударылуы тиіс еді. Алайда 3 мамырда «Қазсушар» РМК БҚФ-ның шотына тек 1 млн теңге түсті. Бүгінгі таңда Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов берешекті өтеу мәселесіне түбегейлі кірісіп, жағдай оңала бастаған. 6 маусымда «Қазсушар» шотына 11 млн теңге аударылды.

 Міне, ауыз су үйлерге қандай шығынмен келіп отыр. «Сырым» коммуналдық мекемесі «Қазсушарға» қарыз болса, тұрғындардың «Сырым» мекемесіне қарыз екені тағы да бар. Күнделікті тұтынғанымызбен, су үшін ақы төлеуді кейінге  ысырып тастайтынымыз жасырын емес. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Дарияның жанында тұрсаңдар да суды үнемдеңдер!» – дегені бар. Суға ықтиятты  болайық,  әлеумет!

 

Бауыржан Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале