«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы ақын Абай айтқандай, мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған әр шəкірт үшін ұстазы – ұлық, алтын ұя мектебі – ыстық. Хакім есімімен аталған Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы мектеп-гимназия-интернаты бүгінде ширек ғасырлық мерей тойын атап өтіп жатыр. Соған орай Дариянда тағылымды іс-шара өтті.
1998 жылы есігін айқара ашқан білім ұясы осы жылдар ішінде 366 түлекті ұядан ұшырып, қияға қанат қақтырды. Сол түлектердің көбі өздері армандаған ЖОО-ларға түсіп, білдей бір маман атанып, өмірден өз жолдарын тапты.
Іс-шара мектептің қалыптасу тарихы туралы бейнеролик көрсетуден басталды. Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов жиналғандарды айтулы күнмен құттықтап, аталмыш білім ұясының Дариянда орналасуы ауылдың мәртебесінің артуына көп үлес қосып тұрғанын атап өтіп, мектеп ұжымына естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ мектеп тарихында өзіндік із қалдырған ардагер ұстаздар, алғашқы директоры Гауһар Әбілбасова және Серік Шайжанов құттықтау сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Мектеп директоры Шолпан Өмірзақова ардагер ұстаздарға және мектеп ашылғаннан бері шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге сүбелі үлес қосып келе жатқан Айнұр Бекентаева, Бибигүл Бердіғалиева, Гүлфайруз Ситқазиева, Салтанат Жұмағазиева, Салтанат Жолдыбаева, Лаура Машрапова, Алтынай Ғабдрахимова, Амангүл Ержанова, Гүлнар Асанова, Дамира Исағалиева сынды мұғалімдерге «Құрмет граматосын» табыстады.
Мерекелік кеш меймандары мектептің өнерпаз оқушылары мен мұғалімдері төгілткен әсем ән мен тәтті күйді, мың бұралған биді, әдеби-тарихи қойылымды тамашалады.
Кеш барысында ауыл тұрғындарынан аталмыш білім ұясына қатысты ой-пікірлерін білген едік. Бәрі де оң лебіздерін білдірді. Білетіндер бұл мектептің аудандаға ғана емес, облыста да мәртебесі биік екенін айтты. Педагогтар мұнда көпке үлгі болатын иновациялық, креативті жобалар көп екені жекізді. Ал қарапайым жандар осындағы шәкірттер тәрбиелігімен, кішіпейілдігімен, қазақылығымен ерекшеленетінін атап өтті.
Динара Ғизатова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz