Бұрындары құдықтан су тартып, шелек-шелек үйге тасып, әбігерге түскен ауыл тұрғындары биыл бір жасап қалды. Құдықтың суы сіз бен біздің шөлімізді қандырып, дәмінің тіл үйіретіні рас қой. Десе де, дамуға бетбұрыс жасаған елге бұл сын болары белгілі.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл тапсырма беріп, тұрғындарды, әсіресе шалғай ауылдардағы ағайынды таза ауызсумен қамтуды алға қойды. Нәтижесі жаман емес. Жаңа жыл қарсаңында Теректі ауданының жұрты үйге сарқырап келетін суға жетті.
Бүгін Ақжайық ауылдық округіне қарасты Абай ауылында су құбыры ел игілігіне пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, мәслихат депутаты Мирас Әлібекұлы, «ПМК 117» ЖШС басшысы Станислав Кирилин және абайлықтар қатысты. Әлия Биғазықызы судың тіршілігімізден алатын орнын атап өтіп, тұрғындарды құттықтады.
Содан соң абайлық ағайын атынан Мақсот Саттаров сөз алып, алғысын жаудырды. Су құбырын іске қосу рәсімінен кейін аудан басшылығы Мақсот ағайдың шаңырағына аялдап, отбасы мүшелерімен пікір алмасты.
Ақ тілекке қосылған Станислав Александрұлы су жылытқыш тарту етті.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы