24.09.2020, 11:23
Оқылды: 80

«Абай жолындағы» арулармен аттас

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Сәні мен салтанаты келіскен, берекелі шаңырақ кімге де болса, үлгі. Мемлекеттің іргетасы берік, келешегі кемел болуы ең алдымен отбасыға байланысты. Жымпиты ауылындағы Жауынгер-Сәндігүл Кенжеғариндер отбасысы жоғарыдағыдай пікір айтуға әбден лайықты жанұя. Бұл шаңырақ жеті перзентті. Жауынгер Мұсаұлы ұлағатты ұстаз болса, Сәндігүл Амангелдіқызы – «Алтын алқа» иегері. Жауынгер аға Жымпитының төл перзенті, осында туып-өскен, отбасындағы төрт баланың үшіншісі, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жары Шыңғырлау ауданының қызы, екеуі 1997 жылы шаңырақ көтерген.

IMG-20200923-WA0063

Бұл отбасының балаларының есімдері ерекше. Қыздарының есімдері «Абай жолы» роман-эпопеясындағы нәзік жандылармен аттас. Тұңғыш қыздары Қайырлы мен кенжесі Жәдігердің есімдерін ғана атасы Мұса қойыпты. Қайырлы дүниеге келгенде, сәбиге «бауы берік болсын» айта келгендер: «Қайырымды болсын» десіпті. Содан атасы немересінің есімін Қайырлы қойған. Қайырлы оқушы кезінде ауданға аты мәшһүр тоғызқұмалақшы болды, жарыстардан қанжығаны майлап қайтып жүрді. Мектепті тәмамдаған соң, медицина саласын таңдап, аудандық ауруханда мейірбикелік қызметте болып, ата-ананың ақ батасымен бүгінде ұзатылды. Қайырлы – атына заты сай, мейірімді, жылы жүзді, әдептілігімен, сыпайылығымен, жанашырлығымен әп-сәтте елдің сүйікті ақ желеңдісіне айналды.

Ұстазы Раиса Қалиахметқызына еліктеп, тіл мен әдебиетті жастайынан сүйген Жауынгер аға Абайды, М.Әуезовты жақсы көріп оқитын. Қыздарының да есімін Абайдың айналасынан қоюды жаны қалаған екен. Екінші қызы Әйгерім Абайдың сүйген жарының атын иеленіпті. «Абай жолындағы» Әйгерім Абайдың музасы болған. Шын аты – Шүкіман, ажарлы, нәзік, айдай керілген, әдемі даусымен ән салған аруға ғашық болған Абай оған: «Әй, керім!»,- деп тамсанып, Әйгерім атанып кеткен. Бәйбішесі Ділдамен көңіл қалауымен қосылмаса да, тоқалы Әйгерімді сүйіп алды. «Абай жолында» Абай мен Әйгерім мөлдір махаббат иелерінде ретінде суреттеледі. Ал, Жауынгер ағаның қызы Әйгерім – оқушы кезінде күреске қатысқан палуан қыз, Қайырлы әпкесінің жолын қуып, медицина мамандығын қалады. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина университетінің 2 курс студенті.

IMG-20200923-WA0066

Жауынгер Мұсаұлының үшінші қызы – Тоғжан. Тоғжан Абайдың алғашқы махаббаты екенін білеміз. Оған Абай ес-түссіз ғашық болды. Әйтсе де, Тоғжанмен өмір жолдары тоғыспады. Оның Тоғжанға деген кәусар көңілі, ынтықтығы өмір бойы басылмады, бұл – ақын тағдырының шынайы шындығы. Абайдың Тоғжанға деген сезімі Ділдаға үйленбес бұрын алаулады, Әйгерімді алғаш көргенде де, көз алдына Тоғжан елестеді. Ал, біздің кейіпкеріміз Тоғжан – бүгінде Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 6 «б» сыныбында оқиды. Бишілік өнері бар, адамға жаны ашып, көмектескісі кеп тұратын қасиеті бөлектеу.

Одан кейінгі төртінші қыздың ныспысы – Зере. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 4 «б» сыныбында оқиды. Зере – Абайдың әжесі, азан шақырып қойған есімі Тоқбала. Иісі қазақ оны ұлт әжесі, дәстүр мен тәлім-тәрбиенің шамшырағы, дана ақынның даналығының бастауы ретінде таниды. Зерені ауыл адамдар «кәрі әже» деп атапты. Ақылды, зейінді, мейірімді кейуана немерелерінің ішінде Ибраһимді ерекше жақсы көріпті. Оны Абай деп еркелетіп атаған да – Зере. «Әлди, әлди Абайым, Атқа тоқым жабайын. Тыста жүрген апасын, Қайдан іздеп табайын?» деп, нәрестені жұбатқан екен. « – Е-е, бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?» деп бастайтын Абайға тілін ұстарту үшін айтқан әңгіме-қиссаларында үлкен ұлағат жатыр. Кәрі әженің демі үзілер шағында Абаймен қоштасуы да жүректі тебірентеді.

Өнегелі отбасының бесінші қызы – Ұлжан хакімнің анасымен аттас екен. Сегіз жасар Ұлжан бүгінде үшінші сыныпта. Алтын құрсағынан алаштың алыбын өргізген Ұлжан да сөзге шебер, ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып, көп әжуаға мән бермеген. Әйелге тән ұстамдылығымен ел басқарып отырған көсеммен сөзден жарысуды жөн көрмеген. Әйтсе де, іште жатқан өнері анда-санда жарқ етіп шығып, елдің есінде қалып қойған. Абайдың сөзге даналығы негізінен анасынан, нағашы жұртынан дарыған.

IMG-20200923-WA0061

Жауынгер Мұсаұлының қыздарының кенжесі, алтыншы перзентінің есімі де – Кенже. «Кенже – Абай Құнанбаевтың ең кенже қызы. Ол 1900 жылы дүниеге келген, оны көпшілік біле бермейді. Абайдың кенжесінің атын қызыма беруді қаладым», - дейді Жауынгер аға. Оның Кенжесі 4 жаста, үйде алтын құрсақты анасының тәрбиесінде.

Отбасының сүт кенжесі, атұстары Жәдігер бір жаста. Оның атын Мұса атай қойыпты.

– Неге бұл есімді таңдағанын сұрағанымызда: «Баяғыда «паспорт» ең бірінші шыққан кезде, қалаға баратын болсақ, «жәдігеріңді ала шық» дейтінбіз, қазір ғой «төлқұжат» деп жүргеніміз. Бұл бала – жанұяның паспорты, мұрагері»,- деген болатын марқұм әкем. Менің балаларымның атын естігенде, қазақылықты жақсы көретіндер әдебиеттегі ұнамды кейіпкерлерді естеріне түсіріп, қуанышпен, сағынышпен, ажарлана қабылдайды, - дейді жеті баланың әкесі.

Иә, көркем әдебеттің көркем кейіпкерлерінің есімдерін иеленген біздің кейіпкерлеріміздің өмірлері жарқын болып, олар да тарихта, ел аузында қалатын тұлғаларға айналсын деген тілектеміз.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале