8.05.2025, 10:30
Оқылды: 363

Абдолланың жыры өлмейді, ерлігі өшпейді

Адамзат тарихында өшпес із қалдырған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл – 80 жыл. Осы мерейлі дата аясында ел есінде өшпес ерлікпен қалған, от жүректі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай, Сырым ауданында «Жеңісті жақындатқандар және ескерілмеген ерліктер» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

495136616_1294522286006645_3752782609080108086_n

Аудандық мәдениет үйінде өткен бұл тағылымды шараға рухты сөз, тарихи сана, мұралы мұрат тоғысты. Конференцияның шымылдығы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, модератор Айнагүл Ойшыбайдың қатысушыларды таныстыруымен түрілді. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға сәттілік тіледі.

495513113_1294522649339942_6302709388619891620_n

Пленарлық отырыста Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Ғайса Ғали Сейтақ, Қазақстан Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Құрманқұлов, «Егемен Қазақстан» газетінің Оралдағы меншікті тілшісі, қаламы қуатты Қазбек Құттымұратұлы мінбер төрінен табылып, ел есінде көмескі қалған шындықтарды жарыққа шығарды. Әсіресе, Қазбек Құттымұратұлының баяндауымен Абдолла Жұмағалиевтің өмірінің көлеңкелі тұстары – қуғын мен қуаттың ортасындағы тағдырына терең үңілдік. Қазақ тілінің мәртебесі үшін «Мәдениет майданы» қабырға газетінде «қазақ жастарына білім қазақ тілінде берілсін» деп жар салған жас Абдолланың жүрегіндегі елге деген махаббат оны соқтықпалы, соқпақты жолға жетеледі. Жастайынан қудалауға ұшырап, Оралды тастап, Қызылорда мен Алматыда бас сауғалауға мәжбүр болған бозбала – ертеңгі майданның ақыны еді.

Конференция барысында тарихшы Мұрат Сыдықовтың еңбектері негізге алынып, Абдолланың «Сұрпақбайлар» жасырын ұйымындағы күрескерлік жолы жайлы тың деректер ұсынылды. Ақынның жалындаған жастығы, өр мінезі, күрескерлік болмысы – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Қазақстан Жазушылар Одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Бауыржан Құрманқұлов – ақын атындағы мектептің түлегі екенін тебірене айтып, бұл есімнің өзі өлең мен өрліктің символы екенін жеткізді. Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин алда да Абдоллаға арналған іс-шаралардың, мақалалардың жалғасатынын сүйіншіледі. Ғайса Ғали Сейтақ Абдоллаға арнаған жырын оқып, жүректерге жеткізді.

Абдоллатанушы, музей саласының ардагері Нұржан Төлепов «Жымпиты – Мәскеу: Абдолла ізімен!» тарихи экспедициясының жаңалықтарымен бөлісті. Волоколамскідегі іздеуші Сергей Бобиновтің көмегімен сол қалада ақынның бекініс еткен, соңғы шайқасы өткен үйдің орны анықталып, болашақта Жұмағалиевтің өмірбаяны мен суреті сондағы музейге қойылатыны айтылды. Ақынның ерлігі Дмитрий Снегиннің «Шалғайдағы кіреберісте» повесінде оның соңғы шайқасы әсерлі суреттеледі. Ресей Қорғаныс министрлігінің архивіне жолданған сұрау – ақын рухына құрметтің нақты қадамы.

495125604_1294523412673199_3404422841863055114_n

Конференция жұмысы үш бөлімнен тұратын бес ауқымды тақырып бойынша жалғасты. Сырым ауданындағы мектептер мен музей қабырғаларында өткен секциялық отырыстарда облыстың он екі ауданынан келген мұғалімдер мен кітапханашылар 65 мазмұнды баяндама ұсынды. Соғыс шежіресі, архив деректері, Абдолланың әдеби мұрасы – бәрі де терең талданды.

495692596_1294523272673213_6994914639981100283_n

Аудан әкімдігінде конференцияның жабылу салтанаты өтті. Ақын, жыршы Сағынтай Бисенғалиев, «Бөрлі жаршысы -бурлинские вести» газетінің редакторы Дариға Нұрашева, ұстаз-ақын Үзілдік Елеубайқызы конференцияның мән-маңызын айрықша атап өтті. Олар баяндамалар топтастырылып, кітап болып жарық көретініне ризашылықтарын білдірді. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов конференцияға белсене қатысқан тұлғаларға арнайы сертификаттар табыс етті. Ал қорытынды қарарды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Кубаев таныстырды.

495196524_1294523859339821_2260669046713636359_n 495651798_1294523919339815_1127316283216252472_n 495643665_1294523786006495_2833774608648136185_n

Бұл конференция – ескірген тарихты жаңғырту емес, ұмыт болған ерлікті қайта ояту. Абдолла Жұмағалиевтің жалынды рухы – бүгінгі ұрпақтың жүрегінде жаңғырып, болашаққа жол сілтер шамшырағы.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале