13.04.2025, 17:30
Оқылды: 308

Әбіш ауылында думанды дала қызығы өтті

Осы ауылды кезінде, айналасына ынтымақ-бірлігімен аян болған ауыл деп әлімсақтан жар сала жазған едік.

IMG_5343

Жаңажол округіне қарасты алақандай Әбіш ауылының тыныс-тіршілігі шын мәнінде көпке үлгі етуге әбден болады. Әбіштіктердің ешкімге жалтақтамай өз беттерінше өмір сүруді бір жолға қойғалы қашан?! Олар жоғары басшылардан көк тиын да сұрамай-ақ, Кеңес кезінен қалып, тау болып үйіліп жатқан аула сыртындағы күл-қоқыстарды өз қаражаттарымен далаға шығаруды жүзеге асырды. Сол кездің өзінде әр Камаздың тасымал құны 10 000 теңге тұрған болса, олар кемі 200 Камаздай күл-қоқыс шығарып, арнайы орынға төккізген болатын. Кейін дәл осы әдіспен Әбіш ауылының көшелеріне бау-бақша егу үшін арнайы қазылған арық арқылы техникалық су жүргізді. Жылда жеміс-жидек, бау-бақша салатын ауыл тұрғындарының аулаларында көкөністер жайқалып өседі. Бүгінгі таңда алақандай ауылдың жастары да өте ұйымшыл. Олар жақсы бастамаларын жүзеге асыру үшін өздерінің жиналыстарын жиі өткізіп, алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылуы керектігін жоспарлап отырады. Көктем мезгілінде жер құрғағаннан кейін ауыл тұрғындары Әбіш-Көктерек, Әбіш-Көмекші бағытындағы жолдарды ешкімнің нұсқауынсыз өздері тегістеп тұрады. Арнайы салынған футбол алаңында да кезең-кезеңімен көрші ауылдардың жастарын қосып, футбол жарыстары мен ұлттық спорттарды жиі ұйымдастырып өткізеді.

IMG_5472
Осылайша ынтымағы жарасқан Әбіш ауылының тұрғындары қарапайым өмірлерін ауданымыздағы өзге ауылдарға үлгі етіп, ынтымақ-бірліктерін жыл сайын арттыруда.
Биыл да көңілді көктемнің думанға толы айрықша күнін тиімді пайдаланған әбіштік ағайындар «Бабалар ізімен» атты Ұлттық спорт түрлерінен Казталов аудандық ішкі біріншілікте тай жарыс, топ бәйге, садақ ату, көкпардан командалық сайыстарды жүзеге асырып, ауыл сыртында өткен дала қызықтарын өз мәресіне жеткізіп, жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Үлкен қауым молынан жиналған дала қызығы сияқты ұлық тойды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өз дәрежесінен де биік өтуіне шаруа қожалықтары мен ауылдың барлық тұрғындары белсенді атсалыса білді. Ел-жұртқа ұсынылған көпшілік шара барысында ұлттық спорт түрлерінен тай жарыс, топ бәйге, көкпар, садақ ату жарыстары тамашалаушы қонақтарға кезең-кезеңімен ұсынылып, думанды тойдың ажарын аша түсті.
Бәйгеде қиқуға басып, делебесі қозған халықтың қарасы көп болды. Тай жарыс, топ бәйге, көкпар сынды жарыстарда шабандоздар мен палуандарға қолдау білдіріп, атой салған жанкүйерлердің айқай-шуынан құлақ тұнып, дала төсі тербелді. Арқа қоздырар бәйге болған соң жүзден жүйрік сәйгүліктер шығатыны айдан анық. Онда үш шақырымдық тай жарысынан І орынды көктеректік Канаев Мұраттың тайы (40 000 теңге), ІІ орынды әбіштік Сапаров Тілектің тайы (20 000 теңге), ІІІ орынды саралжындық Мұқанғалиев Асқардың тайы (10 000 теңге) иеленсе, 12 шақырымдық топ бәйгеден жүлделі І орынды көктеректік Канаев Мұраттың тұлпары (40 000 теңге), ІІ орынды сатыбалдылық Сарыбаевтар әулетінің тұлпары (20 000 теңге), ІІІ орынды көктеректік Төлегенов Мержастың тұлпары (10 000теңге) иеленді.

IMG-20250413-WA0062
Ал, тартысты өткен командалық көкпар сайысында жүлделі І орынды Әбіш ауылының командасы (200 000 теңге), ІІ орынды Жас ауылының командасы (150 000 теңге), ІІІ орынды Жалпақтал ауылының командасы (100 000 теңге) жеңіп алса, садақ атудан жүлделі І орынды Сүндетов Махамбет, ІІ орынды Сәрсенов Абат жеңіп алды.
Ұлттық спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудандық «Айбын» спорт клубы белгілеген арнайы дипломдар мен медалдар және әбіштік ағайындар жүлдеге тіккен ақшалай сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале