Әкем марқұм өз ісіне берілген, мінезі тіктеу, бірбеткей, өз-өзіне сенімді жан болатын. Өте сауатты еді. Сондықтан болар қызмет барысында кез келген директормен тонның ішкі бауындай боп жақындасып кете бермейтін, әсіресе, басшылардың ыңғайына құлай жығылып, кісіге күні үшін жағымпазданбайтын-ды. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мақсот Ермеғалиев ағамызбен бірге қызметтес болған жылдары ерекше сыйластықта боп, қоян-қолтық жұмыс жасағаны күні бүгінгідей есімде.
Саралжын кеңшарында бірі – директор, екіншісі – бас мал маманы қызметін абыроймен атқарды. Араларында жылы қарым-қатынас пен ерекше сыйластық болды. Бұ кісіні әкемді фәни дүниеден өте-өткенше «ағалап» қадір тұтқан кішіпейіл мінезі үшін әлі күнге дейін құрметтейтінімді жасыра алмаймын. Қазақы қисынға салсақ, әркім сыйлағанның құлы. Оның үстіне ел табанындағы негізгі жұрт – Қарабура руының қос азаматы: бірі – әйтілес, екіншісі – сарқұл бөлімінен тарайтын-ды. Сөзімнің әлқиссасын бұлай бастауымның сыры – ырыс пен береке қашанда ынтымақ пен татулық ұя салған жерден бастау алатыны ақиқат.
Мақсот ағамыз 1951 жылы 9 мамырда Қаратөбе ауылында іңгәлап жарық дүние есігін ашқан екен. Әдетте сұрапыл соғыстан кейінгі жылдары осы бір айтулы күні дүниеге келген нәрестелерге Ұлы Жеңістің құрметіне көп жағдайда «Жеңіс» есімі қойылатын-ды. Алайда әкесі бұл үрдісті бұзып, ортаншы ұлына Мақсот деп азан шақырып ат қойыпты. Бәлкім, бұл есім «Мақсатына жетер Мақсот болсын» деген әкенің ішкі тілегінен туындаған болар. Кезінде кеңес-жапон соғысына қатысып, Бас қолбасшы И.Сталиннің марапат қағазына ие болған Иіс Ермеғалиұлы дәстүрлі қазақ қоғамындағы құрметті кәсіптің бірі – етікшілікті шебер меңгерген жан болса керек. Сөз арасында қазақ тарихындағы небір танымал тарихи тұлғалардың "ерен кәсіп – етікшілікке» жақын болғанын айта кеткеннің еш артықтығы жоқ сияқты. Мәселен, атақты сегіз қырлы, бір сырлы сері Мәди Бәпиұлы, Алаш орда өкіметінің көсемі, ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейхановтың әкесі Нұрмұхаммед, қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының әкесі Момынәлі (Момыш), т. б. кәнігі етікшілер болғанын екінің бірі біле бермесі анық. Аталған кәсіп иелеріне тән негізгі қасиет – сабыр мен төзім! Осындай алтын мінездің ағамыздың бойына әке қанымен дарып, оның кейінгі ұрпаққа үзілмей жалғасқанын аңғару онша қиын емес.
Мақсот Иісұлының алғашқы алған жоғары білімі – ұстаздық мамандық еді. Кейін ауыл шаруашылығы саласында «сырттай» оқып, сол заманның талабы бойынша партиялық жұмыстарға бел шеше араласты. Ағамыздың еңбек кітапшасына түскен қызмет түрлері мұғалімдік, мектептегі тәрбие және оқу ісінің меңгерушілігі, партиялық ұйымдардағы жетекшілік, кеңшар директоры, шаруа қожалығының жетекшісі, округ әкімі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі боп тізіліпті. Жастай еңбекке пісіп-қатқан жігерлі ұл осылай саналы ғұмырын ұстаздық һәм мемлекеттік қызметке арнап, сол қазанда бір кісідей қайнап, шынығып, ширады. Бір назар аударарлық нәрсе, кейіпкеріміздің еңбек жолын мектептен, яки, шәкірттерге сабақ беруден бастағаны оның сыпайы мінезінен, дауысын ешқашан көтермей баппен сөйлейтін биязылығынан, ішкі мәдениетінің жоғарылығынан байқалады және осындай тамаша жеке қасиеттерімен айналасын өзіне баурап тұрады. Әу бастан көзін қияға қадаған арлы азамат өзін ақырын жүріп, анық басатын, жайлап жүріп, жалпағынан алатын ерлердің сойынан екенін көрсетті.
Осы ретте бұ толқынның еңбек жолының өте қиын кезеңмен тұспа-тұс келгенін айта кеткеннің еш артықтығы жоқ. Кеңестер Одағы атты алып империя мемлекет ретінде жойылды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын көз алдыма елестеткенде менің ойыма Кеңес империясының негізін қалаған «күн көсемнің» мына бір айтқан сөздері қайта-қайта оралады. В. Ленин азамат соғысынан кейінгі елдегі жағдайды «Күйзеліс, жоқшылық, қайыршылану» деген-ді. Егемендіктің елеңалаңы жылдары, яғни тәу етер тәуелсіздіктің таңсәрісінде республикамыздағы экономикалық жүйенің қалай күйрегені ел-жұрттың есінен әлі шыға қойған жоқ. Шаруашылықтар шатқаяқтап, халық қалжырап, кедейшілік бұқараның сіңірін созып жіберген-ді. Мұның бәрі ел билігіне араласып, ат үстінде жүрген азаматтарға оңайға түспеді.
Әрине, ағамыздың еңбек жолына тұтастай баға беру менің міндетіме жатпаса керек-ті. Десек те, 1993 жылғы ауылдағы су тасқыны кезінде, қыстақтарды қысқа дайындап, оған жем-шөп әзірлеу жұмыстары, қырдағы құлаған үйлер мен баздарды қайтадан қалпына келтіру үшін Орал қаласынан құрылыс материалдарын үзбей тасу, Саралжын кеңшарының №2 бөлімшесі Сәулені абаттандыруда жергілікті халықты «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» қып жұмылдыра білуі, әсіресе, кадр тану мен таңдаудағы қырағылығы, соның жарқын мысалы Қаратөбе халқының сый-құрметіне бөленген дәрігер Мақсот Өтеғалиевті Мұхит (Саралжын) ауылына қызметке әкелуі (өз мамандығына құлай берілген дәрігердің кәсіби біліктілігін саралжындықтар әлі күнге дейін аңыз қылып айтады), кеңшар тарихындағы ауыз толтырып айтатын толағай табыстарының бірі – жаңа типтік жобадағы мектепті салу барысында басы-қасында болуы, оны ел игілігіне жаратуы, т. с. с. қайнап жатқан жұмыстардың бел ортасында Мақсот ағамыздың шапқылап жүргені жергілікті халықтың көз алдында. Осындайда халқымыздың «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналық сөздері ойға оралады.
Қалай десек те, Мақсот ағамыз өзінің көптеген замандастары секілді қызыл компартияның «қамшысымен өскен», айналасына өте сақ қарайтын, жауапкершілігі жоғары, күйіп-жанып жұмыс жасаған советтік «жанкешті» кадрлардың соңғы легінен еді. Олар екі формацияны да (социалистік, капиталистік), екі саяси жүйені де (тоталитарлық, демократиялық), екі экономиканы да (жоспарлы, нарықтық) көздерімен көріп, көріп қана қоймай, көңілдеріне көп нәрсені түйіп, ойлау жүйелеріне симбиоздық (қоспа) сананы сіңірген билік иерархиясының жергілікті буыны-тын. Бұл ойымызды қытайлықтардың «өлара кезеңде өмір сүруді досым түгілі, дұшпаныма тілемеспін» деген қанатты сөзі одан әрі аша түседі.
Ойымызды түйсек, Құдайға шүкір, ағамыз жеке отбасылық өмірінде де бақытты ғұмыр кешіп, өнегелі отағасы бола білді. Ұлылардың «Мықты еркектің тасасында қашанда ақылды әйел тұрады деген» тәмсіліне иек арт-
сақ, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған аяулы жары Сәрсенғалиева Илия апамыз екеуі «ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырып», олардан немере-жиен сүйіп, шаттыққа бөленген шаңырақ иелері атанды. Бүгінде олардың арасынан «Әке көрген оқ жонар» деп, ел билігіне араласып, ел тізгінін ұстаған ұрпақтарының шығуы, әрине, ата-ананың мерейі.
P.S. Ғасырларға созылған көшпелі қазақ қоғамындағы патриархаттық отбасылық қарым-қатынастың әсері шығар, халқымыздың философиясы мен дүниетанымынан «еркек кіндіктіні» ешқашан «қартайтпай», мәңгі жас күйінде көргісі келетінін байқау аса қиын емес. Оған негіз «Қылшылдаған жиырма бес», «Орда бұзар отыз», «Қамал алар қырық», «Ердің жасы – елу», «Алпыс – тал түс», деп, ғасырдан-ғасырға жалғасқан нақыл сөздер нөпірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жайық жұртшылығына танымал, ел сыйлайтын атпал азаматтың мерейтойында үлкендердің аузынан «Жетпіс – жігіттің жасы» дегенді естіп, бұрын естімеген әрі тарихи әдебиеттен кездестірмеген сөзім болғасын, «біздің қазаққа дауа жоқ екен» деп, қатты таңғалып едім. Кейін бұл да халық аузында сақталған сөз маржандарының бірі шығар деген ойға бекідім. Өткенімізге мұқият зер салсақ, мәселенің мәні біз ойлағаннан да тереңірек жатқан сияқты. Олай дейтінім, байырғы қазақ қоғамында «жетпісбай», «сексенбай», «тоқсанбайлардың» топ-тобымен жарық дүниеге келгеніне кәрі тарих куә. Осыдан кейін шыныменен «жетпіс – жігіттің жасы» дегенге күмәндануға еш негіз жоқ сияқты боп көрінді маған.
Осы ойды сабақтай түссек, ағамыз әлі сыптай, бойы тік, қимыл-қозғалысы ширақ, өзінің байсалды мінезі, салиқалы сөз саптасымен жас жігіттер құсап, арамызда жұлдыздай жарқырап жүр. Мақсот Иісұлының бүгінгі мерейтойы құтты болып, Жаратқан Ие оған ұзақ ғұмыр сыйласын! Адамда арман таусылған ба?! Бұқар бабамыз айтқан:
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
Көрер қызығыңыз көп болсын, абырой асқарындағы аға!
Жаңабек Жақсығалиев,
облыстық мәслихаттың депутаты