Елімізде «Қазақ аналары - дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық бірлестік бар. Қазақ аналарына отбасында, бала тәрбиесінде тілімізді, ділімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді насихаттап, тәлім-тәрбиенің өзегі ету мақсатында құрылған бұл ұйымның Бәйтерек ауданындағы бөлімшесі ашылды.
Оның төрайымы болып Сәуле Оразбекова сайланды.
Осы шара аясында «Абысын-ажын» байқауының аудандық кезеңі өтті. Оған абысындардан құралған 5 жұп қатысты. Сайыс «Сәлемдесу жолы ғой бұрынғының», «Білімдіден шыққан сөз», «Шебердің қолы алтын», «Өнерлі келін сүйкімді» атты кезеңдерден тұрды. Абысындар сәлем салып, ереже бойынша бір-бірін таныстырып, қазақтың ырым-тиымына, салт-дәстүрлеріне байланысты және ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Құрақ көрпе, жастық, тақия сынды түрлі бұйымдарды жасап әкеліп, көпшілік назарына ұсынды. Соңғы кезең - өнер сайысында бірі ән шырқап, екіншісі мың бұрала би билеп, поэзияны жаны сүйетіндері мәнерлеп өлең оқып, көрініс қойып көрерменнің көңілін табуға тырысты.
Сайыс қорытындысы бойынша Мичурин ауылдық округі Асан ауылынан келген Рамазановтар әулетінің пысық келіндері бас жүлдеге ие болып, сайыстың облыстық кезеңіне жолдаманы жеңіп алды. Қалған жүлделі орындар дарияндық Қырықмылтық, переметныйлық Мырзағалиевтар мен Сақтай әулеттерінің келіндеріне бұйырды. Ал арнайы дипломмен Атамекен ауылдық округі Қайнар ауылындағы Бақтығалиевтар әулетінің келіндері марапатталды.
- «Абысын-ажын» деген керемет тақырыптағы қазақ аналарының үнін естіртетін айтулы шараның қуәсі болғанымызға қуаныштымыз. Сондықтан осындай қоғамның назарын шараға мұрындық болып, істің басы-қасында жүрген ұйымдастырушыларға аудан әкімдігі атынан алғысымызды білдіреміз. Ақ жаулықтарыңыз желбіреп, ортамызда аман-есен отыра беріңіздер, - деді шараға қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz