Италияда өтіп жатқан ХХV Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар барын салуда. Әрине, жеңістің құнын тек медальмен өлшейтін болсақ, әзірге қуанышты жаңалық жоқ.

Сурет: olympic.kz
Ал, отандасымыз Павел Колмаковтың фристайл - могулдан финалға өткені, шаңғыдан классикалық спринт бағдарламасында Әмірғали Мұратбековтың сәтті қадамдары, мәнерлеп сырғанаушы Михайл Шадоровтың қысқа бағдарлама бойынша үздік бестікке кіргені - қазақ спорты үшін жаңалықтар.
Кеше Миланның мұзына шорт-трекшілер шықты. 2000 метр аралас эстафетада біздің құрама мәре сызығын төртінші болып кесіп, жартылай финалға жолдамадан қағылды. Өмір деген әділетсіз емес, қызық деген дұрыс шығар. Мәселен, қазақстандық шорт - трекшілер екі шақырымды 2:52.199 уақыт көрсеткіші аясында бағындырды. Ал, келесі топтағы француздар олардан сызыққа 4 секунд кешігіп кірді, бірақ келесі кезеңге өтті. Бұл жерде біздің құрама Канада, Қытай және Бельгиямен бір топқа түсіп, қуатты қарсыластардан айласын асыра алмай қалды.
Жарыстан кейін журналистердің “Шорт-трекшілер енді үйге қайта ма?! - деген сауалына құрама мүшесі Абзал Әжіғалиев:
- Олимпиада әлі біткен жоқ. Біз жекелей сында өнер көрсетеміз. Аяғына дейін күресуге дайынбыз! - деп жауап берді.
Айта кетейік, Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Яна Хан және Ольга Тихонова әлі өз қашықтықтары бойынша айдынға шығады. Үміт Абзалда!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы