Еңбек жолы туған мекен – Ақжайықтың шежіресінде қатталған, ҚР білім беру ісінің үздігі, әлеуметтік саланың майталманы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Меңзипа Жұматованың 65 жасқа толуына орай Чапаевта айшықты шаралар ұйымдастырылды.
Алдымен еңбек ардагері мемлекеттік қызметке енді кіріскен жастармен кездессе, артынан өзімен үзеңгілес жұмыс істеген әріптестері, сыйлас аға буын өкілдері, ізбасарлары бас қосқан жылы отырыста кеш кейіпкерінің адами келбеті жан-жақты баяндалды.
Иісі қазаққа қасиетті Жұбан ақынның құрметін асқақтатқан орталықта өткен жастармен жүздесуде Меңзипа Дүйсенбайқызының еңбеккер, үлгілі отанасы, ұстаз, көпке қамқор жан ретінде сан қыры ашылды десек, артық айтқанымыз емес. Аудан әкімі аппаратының басшысы Рауан Рахметуллин жүргізген бұл шарада жастар өздерінің жүрек қалауымен таңдап алған мамандықтарының жілігін шағып, майын ішкен майталманмен еркін сұхбаттасты. Сұрақ-жауаппен мазмұнды өрілген емен-жарқын кездесуде М.Жұматова қызметтік жолын өмірімен ұштастыра отырып, ұрпақ тәрбиесі, сабақтастық, отбасы құндылықтары, өзге де тақырыптар төңірегінде ой бөлісті.
– Мемлекеттік қызмет – халықтың жүгін арқалайтын аса жауапты жұмыс. Бұл салаға мен 90-жылдардың соңында келдім. Бірнеше ай жалақы, зейнетақы алмаған қиын кезең. Халықпен бірге сол тоқырауда біз де бастан өткердік. Қайда барсаң да, үйіндегі бала-шағасына бір үзім нан тауып бере алмай, ашынған жұртшылық алдыңнан шығады. Қолымыздан келсе, көмектестік, бөлісіп бере алатын таба алмасақ, жылы сөзбен жұбаттық. Жер-жерде құрылыс қарқын алып, ауылдың тірлігі қаламен теңелген бүгінгі күннің де мемлекеттік қызметке артар салмағы орасан. Материалдық жағынан тоқырау кезеңінен қаншалықты ауыр болса да, елдің рухы құламасын деп, мәдени-спорттық шараларды жоқтан бар жасап, өткіздік. Ол кездің бір ерекшелігі – адамдардың бір-біріне қамқорлығы бөлек-тұғын. Өзіне жетпей жатса да, ағайын-ауылдас қиналып қалса, қол ұшын созуға әзір болатын. Қазір сол кең даладай көңілімізден айырылып бара жатқандаймыз. Халықтың тұрмысы шамалы болса да, біздің бетімізге салық қылмайтыны – жұмысымызда зор қолдау еді. Қазір ше? Әр қадамыңды аңдып баспасаң, көре алмай, қызғанатындар көп, – деп ой бөлісті ол кездесуде.
Табандылық пен жігер, жауапкершілік пен еңбекққорлық, көшбасшылық, адамгершілік, ізденісті басшылыққа алмай, қызметте табысқа жету мүмкін емес. 20 жылдан астам аудан әкімінің орынбасары лауазымында болып, жұртына жаққан М.Дүйсенбайқызы кәсіби шеберлік турасында жастарға осыны баяндады. Еңбек жолында ата-анасының өсиетін ұстанған ардагер әрі қарай өзімен қызметтес, тілеулес болған аға-апалардан көп үйренгенін де айтты. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, талай жыл аудандық ардагерлер кеңесін басқарған Қасен Қоспаев, аудан әкімдері Әлібек Сәтбаев, Абай Иманғалиев, мәдениет саласын басқарған Раиса Мұхитова, бүгінде «Халықтық» атағын алған халық аспаптар оркестрінің негізін қалаған Сайын Құбашұлы, жыршы-термеші Көшерғали Мақаров, сазгер Еділбай Меңдешев – бүгінде өмірден өткен аяулы жандардың әрқайсысының есімін ерекше тебіреніспен атаған Меңзипа Дүйсенбайқызы олардың ауданның әлеуметтік-рухани өміріне қосқан үлесін де айтуға ұмытпады.
– «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» – осы халық даналығы жұмыстарыңызда басты қағидаға айналсын. «Менікі», «сенікі» деп бөліп-жармай, елдің мүддесі үшін жұмылып еңбек еткенде ғана сіздердің жұмыстарыңыз жемісті болады. Қиянат жасамай, кек сақтамай, әр адамның еңбегін лайықты бағалай білгенде ғана абырой биігіне көтерілесің, – деп кеңес берді жастарға мемлекеттік қызметтің ардагері.
Кеш кейіпкерінің жауапты қызметтегі табандылығы, бастамалары, руханият саласындағы өлшеусіз үлесін аға буын өкілдері, замандастары, ізбасарлары «Ізгілік іздері» атты басқосуда жарыса әңгімеледі.
Жұбан елі еңбегімен, өнерімен, қайраткерлігімен бағаланған біртуар перзенттерін әманда қадірлеп, қастерлей біледі. М.Дүйсенбайқызының ізгілікті ізі, қолтаңбасы аудан тарихында сайрап жатыр. Жауапты қызметінде қандай ауыртпалық кезіксе де, ерлермен бірге еңсере білген ол ел тәуелсіздігініңі нығаюына айтулы үлес қосқандардың қатарынан орын алды. Аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов бүгінгі басқосудың осындай құдіретті еңбек иесіне құрмет екенін айта келіп, мерейгердің иығына камзол жапты.
90-жылдардағы өтпелі кезеңнің нағыз ауыртпалықтарын арқалаған оның ауыл-елге зор сүйеніш бола білгенін еңбек ардагерлері Ғилаж Лұқпанов, Әленғали Креев, Дәулетжан Әбдірахманов, Шәмшия Жиенбаева әрқайсысы өздері қызмет еткен саладан айшықты мысал келтіріп баяндаса, Теректі ауданы әкімі Тілекқабыл Ғабдушевтің сый-сияпатын осы ауданның Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жан Бекбауұлы табыстады. Сондай-ақ ақындар Сағынтай Бисенғалиев пен Үзілдік Елеубайқызы кеш иесіне арнаған өлеңдерін оқып, аудандық орталық аурухананың дәрігері Ғабит Оразов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева, Жұбан орталығының тізгінін қолына алған Гүлбану Құлмұқанова М.Жұматованың ел сүйсінген қасиеттерін, қарапайымдылығын, кәсіби шеберлігін баяндады.
– Менің азғантай болса да еңбегімді бағалап, аяғымды жерге тигізбей көрсеткен құрмет үшін аудан басшылығына, ізгі тілектерін арнаған баршаға зор алғысымды білдіремін. Осы мерей – ең алдымен, адал еңбекті өсиет еткен ата-анам, әр ісімде қолдау көрсеткен сіздердей тілекші жұртымның арқасы. Елге қызмет ету – мәңгілік мұрат. Сондықтан мен әрдайым сіздердің ортаңыздамын, ауданымыздың берекелі істері көбейе берсін! – деді кешті алғыспен түйіндеген Меңзипа Дүйсенбайқызы.
Осындай жылы жүздесудің көрігін қыздырған Данияр Елеуов, Венера Нұрғалиева сынды өнер саңлақтары жиналғандардың зор қошеметіне бөленді.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz