Малаев Митиулла Дүйсенғалиұлы 1960 жылы қазіргі Мереке ауылында, сол кездегі Крупский совхозының Мағжан бөлімшесінде дүниеге келген. Қарапайым еңбек адамының өмір жолы – еңбекқорлық пен отбасылық құндылықтың айқын көрінісі. Көп балалы отбасында тәрбиеленген ол жастайынан ата-анасының еңбекқорлығын бойына сіңіріп өскен. Әкесі шопан болып жұмыс істегендіктен, ол балалық шақтан еңбекке ерте араласудың мәнін жақсы түсінді. 1978 жылы Мереке ауылының орта мектебін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын шопандықтан бастаған.
1980 жылы шопырлық курсына оқуға түсіп, жаңа кәсіпті меңгеруге бел буған. Оқу барысында техниканы игеру қабілеті мен еңбекқорлығы ерекше көзге түскен. 1981 жылы шопырлық курсты сәтті аяқтап, Крупский атындағы совхозда жүргізуші болып жұмысқа орналасқан. Араға жыл салып, 1982 жылы әскерге аттанып, екі жыл Мурманск қаласында әскери борышын өтейді. 1986 жылы Ұлғаным есімді аяулы жанмен отбасын құрады. Ұлғаным апа да көп балалы отбасында тәрбиеленген қарапайым, еңбекқор жан. Ерлі-зайыптылар 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды аяқтандырады. Қазір 3 немере мен 1 жиеннің қамқор атасы мен әжесі.
Еңбек адамын қоғамның өзі құрмет тұтады. Қарапайым шопырлықтан бастап әртүрлі салада еңбек еткен Митиулла Дүйсенғалиұлы – өз ісінің шебері ғана емес, елге үлгі болар азамат. Оның өмір жолы – еңбектің, адалдықтың және отбасы құндылықтарының айқын көрінісі. Біз әңгіме барысында Митиулла Малаев ағамызды жаңа бір қырынан таныдық.
«Мен бала кезімнен техникаға жақын өстім. Өскенде үлкен машиналарды жүргізсем деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Шопырлық курсты бітіргеннен кейін туған жерге келіп жүргізуші болып жұмысқа кірістім. Содан соң әскер қатарына алынып, бір қызығы армияда да жүргізуші болдым. Әскерден оралған соң да сол жұмысымды жалғастырып, совхоз тарағанша қызмет еттім. Сол уақыт ішінде 7-8 машинаны тоздырған шығармын. 2001 жылдан бастап операторлық қызметке ауыстым, сонымен қатар жол жөндеу саласында да жұмыс істедім. Бұл қызметті 2020 жылға дейін атқардым, ал операторлық жұмысты 2023 жылы зейнетке шыққанға дейін жалғастырдым. Зейнеткерлікке шыққанна кейін де қарап отыра алмадым. Сөйтіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып, қой шаруашылығын бастадым. Екі жыл уақыт өтті, кәзір төлдеуін күтіп жүрміз. Бұйырса нәтижесін көреміз-дейді кейіпкеріміз. Әке көрген оқ жонар демекші, бүгінде Митулла ағамыздың ұлы Бауыржан да әке жолын қуып, жүргізушілік жұмысты жанына серік еткен. Қазір ауылдық округ әкімдігінде жүргізуші. Митиулла ағамыз баласына өзінің ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Көлікті жөндеу кезінде де қол ұшын беруден жалыққан емес. Өзінің байырғы жұмысын қатты сағынатыны әңгімесінен-ақ көрініп тұр. Кейде бұрынғы күндерді еске алып, көліктің рөліне отырып, басып кеткің келеді. Сол бір қайтып келмес шақтардың өзі бір ғанибет қой дейді сөз арасында. Әңгімеге барысында жан жарымен қалай танысқанын да тілге тиек ете кетті. Апаларыңмен қалай танысқанымды айтайын ба? Ол да көп балалы отбасында өскен. 1966 жылы дүниеге келген, өзі де Мереке ауылының тумасы. Екеуміз 1984 жылы танысып, екі жыл кездескеннен кейін, шаңырақ көтердік. Үйлену тойымыздың алдында біраз қызықтар болды. Мен жұмыста болғаннан кейін көп қолым босай бермейді. Үйдегілер тойға дайындалып әлек. Мен сол кезде іс сапарда жүргенмін. Анам Ресейден фотограф шақыртып, қойыпты. Сондағы ойы тойға шақыру қағазын дайындау. Мен үйде болмағасын амал жоқ Ұлғанымға айтыпты, «айналайын мен алыстан фотогроф шақыртып қойдым, Митиулла ауылда жоқ. Ақ көйлегіңді киіп, қайныңмен суретке түсе қойсаңшы, ештеңе етпейді ғой,» – депті. Інім сол кезде 7 сынып оқушысы еді. Бірақ, Ұлғаным келіспепті. Қазір ойлап қарасам, ол заманның аналары бәрі қарапайым әрі шынайы болған екен. Біздің отбасылық өміріміз де үлкен кісілермен бірге тұрудан басталды. Одан қор болған жоқпыз. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас та жаман болмады. Бәрі де бір-бірімен үйлесім тауып, өміріміз мәнді де сәнді болды. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір олар өз шаңырақтарын құрып, бізді немере-жиенмен қуантып жатыр. Бұйырса, келер жылы шаңырақ құрғанымызға 40 жыл толады. Тағы бір айтайын дегенім менің азан шақырып қойған есімімнен бөлек, қосымша атым бар. Ауылдастарым мені көбіне Қаратай деп атаса, үйдегі апаң Ғұбайдолла дейді.
Басқалары қайдам, екі жыл бойы қыз бен жігіт болып жүргенде Ұлғанымда менің шын атымның Митиулла екенін білмепті. Тек загсқа барғанда ғана бір білді. Өзімде сол Қаратай мен Ғұбайдоллаға үйреніп кеткенмін. Есіміме қатысты да қызықтар болды. Бір күні әскерде болған жолдастарым ауылға іздеп келмесі барма. Ауылға кіреберістегі шеткі үйге бас сұғып, менің үйімді сұрапты. Бірақ мені Митиулла деп ешкім атамағасын оларда білмеген болар « біздің ауылда ондай адам тұрмайды, ол Оралда тұрады» деп қайтарып жіберіпті. Сол уақытта ауылда тұрған Митиулла деген бір үлкен кісі қалаға көшіп кеткен еді, олар соны айтып жіберген екен. Сөйтіп бәлен шақырым жол жүріп мені іздеп келген жолдастарым амал жоқ кері қайтыпты. Кейін хабарласып, «Өтірік неге айтасың, бізден қызғандыңба ба?» деп күліп жатыр. Осындай қызықты оқиғалармен есте қалған өмір жолыма ризамын. Мен үшін шопырлық – жай мамандық қана емес, өзімнің өмірлік таңдауым. Осы қызметте болғаныма ешқашан өкінбеймін. Ең бастысы, еңбекпен өткен күндерім маған қуаныш пен ризашылық сезімін сыйлады.» - дейді Митиулла Дүйсеғалиұлы.
Өзінің айтуынша, шопырлық қызмет – оның бала күнгі арманы. Осы мамандыққа адал болғанына еш өкінбейді. Ауылдың еңбекқор азаматы атанып, өз ұрпағына үлгі болып жүрген Митиулла – отбасының тірегі, ауылдың мақтанышы.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы