20.08.2021, 11:59
Оқылды: 47

Адалдықтан айнымаған жандар

Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылында толағай табысқа жетті. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы болған азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз.

smart

Отбасылық өмірін Тәуелсіздікке қол жеткізген жылы бастаған жанұялар егемен елдің азаматтарын тәрбиелеп өсірді. Інжу тойы егемендіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген жарасымды отбасылардың бірі – Мұқтаж бен Гүлайым Мұқитовтардың шаңырағы. Олар Бәйтерек ауданы Дариян ауылына қарасты Озерный елді мекенінде тұрады.

Отағасы Мұқтаж 1954 жылы бұрынғы Тайпақ ауданы, Есенсай ауылында туған. Кіндік қаны тамған ауылындағы орта мектепті бітіргесін ата-анасына көмекші болмақ ниетпен ауылда қалады. 1973 жылы Кеңес әскері қатарына аттанып, Отан алдындағы борышын Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының Ленинск ауылында өткереді. Әскерден келген соң Калмыков ауылындағы шопырлық курстан өтіп, машина тізгіндеген.

- Өмір – үздіксіз күрес. Оның тынымсыз тартыс пен ұдайы арпалысып тұратын кездері болады. Алғаш жанұя болып отасқан жұбайым Гүлжан 1978 жылы дүниеден озып, Ербол, Нұрбол, Мақсат есімді ұлдарыммен қалдым. Ұлдарыммен бірге тағдырдың сынына төзе білдік. Десе де, үйдің берекесін кіргізіп, қамқоршы бола алатын нәзік жан керек екен, - дейді Мұқтаж мырза.

Балаларына қамқор, өзіне адал жар болатын адам іздеген жалғызбасты әке 1991 жылы Гүлайым есімді жанды кездестіреді. Сөздері жарасқан қос жас содан бері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бүгінде берекесі қашпаған отбасы жапырағын жайып, сегіз немере сүйіп отыр.

Мұқтаж ағамыз шаңырақ бақытын сақтау үшін бірін-бірі сүю аздық ететінін айтады. Оның сөзінше, бақытты жанұя құру үшін ең алдымен сыйластық керек екен.

- Жанұя мүшелері бір-біріне құрметпен қарап,өзара сыйласа білсе, бақыт та, бірлік те ешқайда қашпайды, - дейді отағасы.

Қай кезде де жұбайының жанынан табылып, әр ісіне қолдау танытатын жары Гүлайым Әнесқызы осы жерге әңгімеге араласып, ерлі-зайыптының жарасты ғұмыр кешуі үшін жақсы мінез керек деген ой тастады.

Отбасылық өмірінің 30 жылдығын тойлағалы жүрген Мұқитовтар отбасында Ербол, Нұрбол, Мақсат есімді ұлдардан бөлек, Майра, Ләйлә есімді қыздар бар.

1995 жылдың күзінде отбасы Озерный ауылына қоныс аударған.

- Тоқсаныншы жылдардың ауыртпалығы біздің отбасын айналып өтпеді. Жұмыс жоқ, жаңа ауылға бірден үйренісіп кету де қиынға соқты. Жарық болмай, май шаммен отырған кездеріміз көп болды. Сонда да жабырқауды білмедік, сәл ғана жақсылыққа қуанатынбыз. Жақсылығымызды көршілерімізбен бөлісіп, мұңаю дегенді ойға да алмайтын едік. Мүмкін еліміздің азаттығы, алдағы жақсы күндерге деген сенім мұң шағуға жол бермеген болар?! - дейді Мұқтаж ағамыз.

30 жыл отасқан жанұя мүшелері қара шаңырақта бас қосып тұруды дәстүрге айналдырған. Шат күлкі мен қуанышты сәттерге толы сондай кездесулерде қызы Майра тоқсаныншы жылдардағы шаммен отырған шақтарды сағынышпен еске алып, бақытты балалық шағы үшін ата-анасы мен ағаларына алғыс айтады екен.

Елмен бірге жасасып, ес жиған отбасы осы күні қорасын малға толтырған. Сүт өнімдерін жасап, Орал қаласына апарып сатады. Ешкімге алақан жаймай еңбек етіп отыр. Сол еңбекқорлығы үшін Мұқитовтар халық алғысына бөленіп жүр.

Ата кәсіптің арқасындаұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Отбасының тұңғышы Ербол мен кенже ұлы Мақсат – инженер, Нұрбол Ақтау қаласында әскери қызметте, қыздары Майра мен Ләйлә Орал қаласында тұрады.

Өмірдің талай қиын сәттерін өткерген жанұяның 30 жылдық тарихы осы.

- Біздің қолдан келген іс елімізге адал қызмет ететін ұл-қыз тәрбиелеу болды. Енді егемен еліміздің одан әрі дами түсу жолында немере-жиендеріміз аянбай еңбек ететін болады. Ал біз оларға ата-аналық ақылымыз бен ақ батамызды беріп, қажет кезде жол сілтеп отырамыз, - дейді отбасының үлкендері Мұқтаж мырза мен Гүлайым ханым.

 

ГүлжанАязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале