Дәл осындай атаумен Қаратөбе ауданының орталығындағы Алаш және Қайыржан Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде ұзақ жылдар аудан халқының денсаулығын сақтау жолында елеулі еңбек еткен Еңбек ардагері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Мәрбән Бекмағанбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай Мұхит Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық аурухананың ұжымдары еске алу кешін ұйымдастырды.

Аталмыш кешке аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Қожахметов, Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының Қаратөбе аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Жәнібеков, аудандағы бөлімдер басшылары мен Мәрбан Хайдарұлын көре қалған әріптестері және Мәрбән ақсақалдың отбасы қатысты.

– Бүгін біз ғасырға жуық тарихы бар, қасиетті Қаратөбе ауданының киелі топырағында туып өскен «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы», ел дамуына, әсіресе денсаулық саласына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Мәрбан Бекмағанбетовтың туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кешінде бас қосып отырмыз.
Мәрбан Хайдарұлы – саналы ғұмырын елге адал қызмет етуге арнаған кәсіби білімі мен адамгершілік қасиетін ұштастыра білген сирек жандардың бірі. Ол еңбек жолын 1942 жылдан бастап, қатардағы есепшіліктен аудандық аурухананың бас дәрігері деңгейіне көтерлді. Бұл таабандылықтың, адал еңбектің, елге деген шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі.
1958 жылы медициналық институтты тәмамдағаннан кейін Мәрбан Хайдарұлы ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсады.

1961-1986 жылдар аралығында ауданның бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып, медициналық қызмет сапасын арттыру, халыққа қолжетімді әрі сапалы ем көрсету ісінде үлкен ұйымдастырушылық танытты. Оның ұзақ жылдардағы адал еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланын, «Денсаулық сақтау қызметінің үздігі» деген құрметті атаққа ие болды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Мәрбан ағамыз ел игілігі жолындағы еңбегін тоқтатпады. Рентгенолог дәрігер ретінде халыққа қызмет көрсетті.
Сонымен қатар Мәрбан ағамыз өз өңірінің өткені мен бүгінін зерделеуге ерекше көңіл бөліп, аудан тарихын жинақтауға, ел шежіресін хаттауға елеулі үлес қосып, кейінгі ұрпаққа құнды рухани мұра қалдырды
Ел үшін еңбек еткен ердің есімі ел жадында мәңгі сақталады, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Еске алу іс-шарасы барысында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері Ақбота Ерланқызы ақын Е. Бимұхановтың Мәрбән ақсақалға арнаған «Алтын сандық» өлеңін мәнерлеп жатқа айтып берді.
Мәрбан ағамен бірге қызмет жасаған әріптестері Марфуға, Жұмазия апалар сөз алып, ағамен бірге қызмет жасаған кездерінен естеліктерін айтып, Мәрбан Хайдарұлының есімі аудан орталығындағы бір көшеге берілсе деген ойларын жеткізді.

Сонымен қатар кезінде ағамен бірге жұмыс жасаған әріптестері Мақсот Өтеғалиев пен Есенжан Нысанов ағалар және Аққу Оңғарқызы, аудандағы қоғамдық ұйымдар төрағалары Мәулен Қожахметов, Рамазан Қыдырашев Мәрбан аға туралы естеліктерін айтып, ол кісінің медицина саласына сіңірген зор еңбегі мен ағалық қамқорлығы, ұлтжандылығы тағы да басқа көптеген қасиеттері туралы әңгімелеп, ағаның отбасы мен ұрпақтарына ризашылығын білдірді.
Мәрбан ағаның отбасы атынан сөз кезегін алған ағаның немересі мен кезінде аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет жасаған үлкен ұлы Сағидолла аға Мәрбан Хайдарұлының ел үшін сіңірген еңбегін дәріптеп, естеліктерін айтып, құрмет тұтқан әріптестеріне, ауылдастарына, еске алу кешіне қатысушы қоғамдық ұйымдар төрағаларына, айтулы іс-шараны ұйымдастырушылар мен аудан басшысына ризашылықтарын жеткізді.

Тағылымды кешті қорытындылаған аудандық аурухананың директоры Жасұлан Қадірханұлы Мәрбан Хайдарұлының ауданның медицина саласына сіңірген зор еңбегін дәріптеп еске алу кешін ұйымдастырушыларға, іс-шараның өз деңгейінде өтуіне қолдау білдірген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлына алғысын білдірді.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы