27.04.2023, 17:46
Оқылды: 30

«Адамдарға қуаныш сыйлағым келеді»

Бұрын ірі кәсіпкерліктің алға қарай дамып, ал шағын кәсіптер олардың шаңына ілесе алмай қалғаны жиі айтылатын. Қазір олай деп шағымданатын жөні жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекет шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойып отыр. Әсіресе, қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болды.

Сандуғаш апа шаштараз

Бүгінде ауылдарда кәсіп бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді. Бұл орайда қоғамның кез келген мүшесіне мүмкіндік жасалған. Мәселен, Бірлік ауылында тұратын мүмкіндігі шектеулі Сандуғаш Жантасова қайтарымсыз грант алып, бизнесін ұршықша иіріп отыр.

– Мен 1975 жылы Тасқала ауданында дүниеге келдім. 1990 жылы Бірлік ауылындағы орта мектепті бітірдім. Содан соң Ресейдің Орынбор облысына оқуға түстім. 1994 жылы ауыл шаруашылығы колледжін тәмамдадым. Алайда бұл мамандықпен жұмыс істеген жоқпын. 1998 жылдан бастап жиендерімнің шашын қиып, шаштараз кәсібін үйренуді бастадым. 2005 жылы шаштараз курсын оқып, сертификатқа ие болдым. Бұл – өзімнің жан дүниемнің қалауы. Себебі осы мамандық маған қатты ұнайды. 2016 жылы Орал қаласына барып, «Әсем» сұлулық салонында жұмыс істедім. Әр сала қиын кезеңдер мен қызықты оқиғаға толы болады. Менің алдымнан да сондай қызықты, қиын сәттер көп кездесті. 2019 жылы омыртқамнан жарақат табылып, аяғымды баса алмай қалдым. 2020 жылы ота жасаттым. Бірақ ол көп әсер етпеді. Қазіргі танда балдақпен жүремін, үшінші топ мүгедегімін. Алайда ол жұмысыма еш әсер етпейді. Мен бұрынғыдай адамдардың шашын қиып, оларға қуаныш сыйлауға асығамын. 2022 жылы кәсібімді дамыту үшін қайтарымсыз грант ұтып алып, өз ісімнің болашағын ойластырып жатырмын. Бүгінде алдыма келген тұтынушыларымның шашын қиып, нәпақамды тауып жүрмін. Шаштараз ашып, ел игілігіне жарағаныма қуаныштымын. Бұл күнде бір ұлдың анасы ретінде өзімді бақытты сезінемін, – дейді Сандуғаш Жантасова. Жігері мықты, қайсарлы, әр жетістігіне табандылығымен жеткен шаштараз кәсіпкер бүгінгі қоғамға үлгі боларлық жан десек, артық айтпаймыз.

Назерке Мұсағалиева,

Тасқала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале