25.04.2024, 23:00
Оқылды: 82

Адамды қинап, құжаттар жинап жүрмесек игі...

Облысымызға келген тасқын су Теректіні де айналып өтпеді. Қалаға жақын жатқан Подстепный, одан әрірек Аңқаты мен Ұзынкөл, одан соң Шаған мен Кемер де қар суынан біраз әбігерге түсті. «Біраз» деп жұбатамыз-ау, тілсіз жаумен күресте қауқарсыз болғандардың саны қос қолдың саусағынан да асып түседі.

1-2

Есімізді жиып, жан-жағымызға қараған соң халықтың ойлайтыны дүние-мүліктің жағдайы. Тасқын су келеді деп мүлде ойламаған, ойламағасын еш дайындық қамын жасамаған теректіліктер үшін Үкімет не айтады деп елеңдеу – қалыпты құбылыс. Жергілікті атқарушы билік лезде іске кірісті. Арнайы комиссия құрылды, шығын есептелді. Есеңгіреген халық өз-өзіне келсін деген мақсатта аудандық бюджеттен үйі суға кетіп, қиын жағдайға ұшыраған әр отбасыға 50 АЕК деңгейінде қаражат берілді. Әрине, 200 мыңға жетер-жетпес қаржы қай жыртықты жамамақ?

1-1

Одан кейін әр отбасы азық-түлік, киім-кешекпен қамтылды. Бірақ ол да еңсе тіктеуге сеп емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Батыс өңіріне арнайы келіп, зардап шеккен тұрғындармен жүздесті. Жүздесіп қана қойған жоқ, қызыл судың кесапатын көрген батысқазақстандықтарға барлық залал өтелетінін қадап айтты. Президент айтқасын жергілікті халық жүйелі жұмыстарды күтті. Президент тапсырмасы талқылауға жатпайды, әрине. Үкімет барлық жағдайды ескеріп, әрбір сала бойынша жұмыстарды қолға ала бастады. Дегенмен, бәрі бірден бола қоймас, әзірге қолға алынып жатқан бірқатар жайттарды сіздермен бөлісуді құп көрдік.

Су тасқынынан зардап шеккендер қираған баспананың орнына дайын үй сатып алуға немесе жаңа тұрғын үй салуға қол жеткізе алады. Ол жөнінде жергілікті әкімдік нақты ақпарат беруі тиіс. Егер мүлік қалпына келтіруге жарамды болса, онда ЖАО-ның мердігерлік ұйымдарымен немесе мүлік иесінің өз күшімен жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзделген.

Тасқын салдарынан мал басын жоғалтқан азаматтарға шығынды өтеу бойынша өтемақы мөлшерін нарықтық деректер негізінде залалды анықтау жөніндегі өңірлік комиссия айқындайтын болады Үкімет шаруалар мен мал иелеріне кредиттер мен лизингтік міндеттемелерді өтеуді кейінге қалдыру арқылы қосымша жәрдем көрсетеді екен. Сонымен қатар төлемдер кешіктірілген жағдайда оларға айыппұлдар салынбайды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша елеулі жайт деп республика бойынша 16 курортты-санаториялық ұйым анықталып, онда су тасқынынан зардап шеккендер тегін қабылданатынын айтуға болады. Тұтастай алғанда, бұл нысандар бір уақытта 190 адамды қабылдай алады, оңалту курсы 10-нан 14 күнге дейін созылады, бұл мүмкіндігінше зардап шеккендерді емдеу-оңалту шараларымен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, 1 мамырдан бастап тұрғындарды тегін кәсіби медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылады. Су тасқыны жағдайын ескере отырып, зардап шеккен ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық пойыз қызметтерімен қамтылады.

Эвакуациялау орталықтарына орналастырылған балалар оқу процесін жалғастыру үшін қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Теректі ауданында аталмыш процесс іске қосылып үлгерді. Зардап шеккен аймақтардағы балалардың сауықтыру лагерлеріне тегін саяхаты ұйымдастырылуы керек. Аудан бойынша Қызылорда облысы «Қамбаш» сауықтыру лагеріне 60 бала барды. Бұл да Президент тапсырмасының орындалуының бір бөлігі іспетті.

Азық-түлік бағасын көтермеу һәм тұрақтандыру – ең басты мәселе. Су тасқынынан зардап шеккен 10 өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды Президент. Осыдан соң лезде азаматтардың арыз-шағымдары үшін «сенім телефондары» құрылып, қоғамдық бақылау пункттері ашылды. Кәсіпкерлік субъектілері жалпы көлемі 635 мың тонна ең маңызды азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойды. Тұрақтандыру қорларынан 767 тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік тауарлары сатылды. Зардап шеккен 10 өңірде СТҚТ бағасының көтерілуіне байланысты 140-тан астам әкімшілік іс қозғалды, 122 ескерту жасалып, 17 айыппұл салынды. Қазірдің өзінде Теректіде азық-түлік бойынша ешқандай мәселе жоқ секілді. Жан-жақтан келген гуманитарлық көмектердің есебінен осы азық-түлік бойынша ысырапшылдық байқалады. Халықтың «Мен ананы аламын, менің балам ананы жейді» деп шу көтеруі, арнайы қоймаларда кей азық-түлік түрлеріне сұраныстың болмауы және сақтау мерзімі өтіп кетуі секілді факт кездеседі.

Төтенше жағдай жарияланған қалалар мен аудандарда 5 мың отбасына мемлекеттік органдарға хабарласпай-ақ атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалған. Төтенше жағдай режимі кезеңінде 4 мыңға жуық адамды, оның ішінде балаларды қоса алғанда мүгедектікке қайта қарау мерзімі автоматты түрде ұзартылыпты. Бұл да баспанасы мен алдындағы малынан айрылған, жиған-тергені суға кеткен халық үшін сәл болсын қолдау екендігі ақиқат.

1-5

Қызыл судың зардабын облыс та, Теректі ауданы да тартуда. Әлі де қауіптің беті қайтар емес. Желіні ашсаң жаныңды ауыртар видео мен суреттер. Атқарушы билік те жанұшырып жүр. Себебі олар да осы облыстың тұрғындары. Жылдап жиған-тергені бір сәтте жоқ болған халық та алаңдаулы әрі ашулы. Осы сәтте дүлей күштер, арам пиғылдылар қазіргі елдегі ахуалды өз пайдасына шешіп кетпесе екен деп алаңдайсың.

Мемлекет басшысының әр сөзінде "Халықтың жағдайын алдыңғы орынға қоюымыз керек, барлығының орны толады" деген пікірін естіп жүрміз. Президенттің жанындағылар осы сөзді жадыларына тоқып, мүлтіксіз орындаса екен дейміз. Өзі сарсаңға түскен халықты "Ана қағаз керек, ана құжат дұрыс емес" деп сенделтпесе игі. Сарсаңға түскен адам ұзын-сонар кезекте тұрып, бір бөлімнің есігін қағып, одан екінші бір бөлімді іздеп жүретін хәлде емес. Осыны жауапты мамандар білсе дейміз.

Осы нөмірімізде Үкімет және атқарушы билік тарапынан көрсетілетін көмектердің біразын жіпке тіздік. Алдағы сандарда осы игіліктерді пайдасына жаратқан жерлестерімізді сөзге тартатын боламыз.

Әділет Әлібекұлы, 

Теректі ауданы 

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале