Достық ауылдық окруігінің тұрғындары ауылда әлеуметтік нысандардың салынып, жолдың жөнделіп, байланыстың жақсарғанын, яғни тұрмыс сапасының артқанын нақты сезіне бастады. Таяудағы Жолдауында Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқанына көпшіліктің сенімі нық.
Бәйтерек аудандық мәслихатындағы «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Ернар Хайдаров Достық ауылында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысу барысында осылай деп мәлімдеді.

«Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтеріп жатқан Достық орта мектебінде болған кезде депутатпен тілдескен жоба жетекшісі, мердігер компания өкілі Ғалымжан Мұсаев білім ұясындағы құрылыс жұмыстары, кездескен қиындықтар туралы айтып берді.
- 2023 жылы бұл мектептің құрылысы басталар шақта, арнайы қой сойып, Құран оқытып, көпшіліктің батасын алған едік. Оған өзіңіз, ауыл әкімі бәрі қатысты ғой. «Көптің тілегі қабыл» демекші, Алла жар болып, осындағы ел-жұрттың дұға-тілегінің арқасында зәулім мектеп құрылысын ойдағыдай аяқтаудамыз. Жергілікті атқарушы құрылымға, депутаттарға, бізге қолдау білдірген барша ағайынға мың алғыс, - деген ол жұмыс барысында құрылыс материалдарына байланысты мәселе туындағанын айтты. Мысалы мектептің төбесін жабуға қажет биіктігі 114 см болатын пішінді қаңылтыр (профлист) Қазақстанда жасалмауы себепті, оны Ресейден алдырған екен. Ол уақтылы жеткізілмеуіне орай оны біраз уақыт күтуге тура келген.

Мектеп директоры Светлана Голубева 17 гектар жерді алып жатқан мектеп аумағы бұрынғыдан 4 есе көп екенін жеткізді. Жалпы жаңа мектепте бәрі де молынан қамтылғанына қуанышты. Мәселен, екі спорт зал бар. Бірі 450 оқушы сиятын бастауыш сыныптарға арналса, екіншісі жоғары сынып оқушылары үшін, ол 550 орындық.

Мектеп ауласында футбол, баскетбол, волейболға арналған, хоккей ойынына жасақталған алаңдар да салынған. Ал ескі мектептің спорт залы апатты жағдайда болғаннан соң дене тәрбиесі пәні негізінен сыртта өтетін. Енді мұның бәрі келмеске кетті. Акт залының да төбесінен су кетіп тұрды. Соған қарамастан оқушылар түрлі сайыс-бәсекелерде тең құрбысының алды бола білді. Мектептің білім сапасы да жоғары.

Биылғы 37 түлектің 2-уі «Алтын белгі» иегері атанды. Олардың 27-сі мемлекеттік грант бойынша оқуға түсті. Оқушылар жаңа асхананы көріп те қуанары сөзсіз. Енді олар 50 орындық тар тамақ ішетін жерге емес, 300 орындық жаңа, жарық, жайлы, қажетті заманауи құрал-жабдықпен жасақталған асханаға келеді. Айта кетейік, мектепте 500 оқушы тегін тамақпен қамтылып отыр.

Халық қалаулысы содан соң ауылда салынып жатқан клуб құрылысына да назар аударды. Достық ауылдық округінің әкімі Әубәкір Төлеуовтың сөзіне қарағанда, биылғы мамыр айында басталған клуб құрылысы қарқынды жүруде.

ҚПО б.в. компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан жобаның құрылыс жұмыстарының бүгінде жартысынан астамы аяқталды. Екі қабатты ғимаратта клуб, кітапхана, спорт зал орналаспақшы.

Былтырдан бастап Достықтағы ауылішілік жол да асфальтталып жатыр. 8,1 шақырым жол жаңа кейіпке енді. 7,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу да біте келді. Жалпы мұнда он шақты көшенің жолы қатқыл табандыға айналды. Ал жолы асфальталмаған он көшеге тратуар салынды.

Сонымен қатар округке қарасты Чувашин ауылында таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Бұйыртса жыл соңына дейін аталмыш елді мекендегі 176 үйдің тұрғындары сапалы ауыз судың қызығын көрмекші.

Енді Достықта ұялы байланыс, интернет сапасына қатысты мәселе туындамауы керек. Себебі, ауылдың шет жақтарына Актив пен Теле-2-нің мұнаралары қойылуда. Одан бөлек, SAS-Telekom компаниясы әр үйге интернет таруды қолға алуда. Енді Красный урал елді мекеніне Билайнның мұнарасы орнатылмақшы.
- Соңғы үш жыл Достық ауылдық округі үшін айырықша болды. Көптен бері мәселе болып көтеріліп келе жатқан мектеп 2023 жылдан бастап салына бастады. Бұл мектептің құрылысы жақсылықтың қақпасы болды деп айтқым келеді. Ауылішілік жол да шешім тапты. Айта айта жауыр болған клуб ғимаратының құрылысы да басталып кетті. Мұның бәрі де кезінде мәслихаттағы сессияларда көтерілді. Әлі есімде мәслихатқа депутат болып сайланған соң, алғашқы сессияда Достықтағы ауылішілік жолды жөндеу, болмаса тротуар салу керектігін айтып мәселе көтерген едім. Сол кезде көз алдымызда немересін алып келе жатқан ауылдың бір тұрғынын көлік қағып кетті. Немересі тірі қалып, өзі көз жұмды. Соған орай бұл мәселе назарымнан тыс қалған жоқ. Аудан басшыларына, депутаттық корпустағы әріптестеріме, өзім аудандық мәслихаттағы өкілі болып табылатын «Ауыл» партиясына рахмет, солардың қолдауының нәтижесінде білім ұясы, клуб бойкөтеріп, жол, тротуар салынып, таза ауыз су келіп, көшелеріміз жарықтандырылып, ескі трансформаторлар жаңартылып, байланыс, интернет жақсарып жатыр. Ауылымыздағы осындай игі істер орын алған соң мұнда көшіп келушілер көп. Жеке кәсіпкерлер инвестиция салуды бастап жатыр. Яғни біреуі екі қабатты жеке балақша құрылысын қолға алса, екінші футбол ойнауға арналған замануи ангар салуды бастап жатыр. Фитнес зал, қоғамдық монша ашуды жоспарлап жүргендер де бар. Жалпы ауылда өзекті мәселелердің шешіліп, тұрмыс сапасының жақсаруы әділетті және қуатты Қазақстанды құру жолындағы нық қадам екені сөзсіз, - дейді Ернар Серікұлы.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы