10.07.2020, 15:27
Оқылды: 157

Әділхан Наурызбай, Сырым ауданының бас имамы: «Жаназа шығарып үлгермей жатырмыз!»

 Өкінішке орай, соңғы апталарда ауданда мезгілсіз қаза көбейді. Әрине, Алла есебінен жаңылмайды, әркімнің ажалы белгіленген мезгілінде соғады ғой. Дегенмен күнде көріп жүрген жандардың бірінен соң бірі бақиға аттанып жатқаны жанды ауыртпай қоймайды. «Мынау пневманиядан кетті. Мынау коронавирустан қайтты» - деген ресми деректі ешкім бермесе де, халық көп ажалға тәжтажалдың себеп болғанын түсініп отыр. Инфекция қарқыны қатты, дәрігер аз. Өлім көбейді, имам аз. Осы ретте Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Әділхан Наурызбаймен сұхбаттастық.

 4C0C632F-A1C6-4492-A769-EEC6A4602A0A

-Қазір еліміз бойынша карантиндік режим жарияланды. Халықтың жиналуына, бір жерде көп шоғырлануына болмайды. Бұл талапты дін қалай қабылдады? Жұма намазына тоқтау салынғанын, жамағатпен намаз оқылмайтынын білеміз. Ал, жаназаларда осы тәртіп сақталып жатыр ма?  

- Рахмет, Иә, қазіргі таңдағы жағдай мәз емес. Осы індеттің бүкіл халықтың уайым-қайғысына айналғалы және біраз қиыншылық әкеліп жатқаны айтпаса да түсінікті. Сол қиыншылық мешітті де айналып өтпеді. Әрине, барлық іс Ұлы болған Жаратушының қалауы, және бұл - уақытша сынақ. Алла-Тағала өзінің құлдарына көтере алмайтын сынақ жібермейтінін айтқан. Ендеше, біздің міндет - Алладан амандық тілеп, сабыр сақтау және басшылыққа бағыну. Енді сұраққа оралсақ карантиндік режим кезінде халықтың бір жерге шоғырлануына болмайтын талапты дін қолдайды. Неге?! Өйткені берілетін пәтуа сол жердің халқына, болып жатқан жағдайға яғни уақытқа байланысты өзгеруі мүмкін. Дінде мұндай жағдайды «Даруратул тухуббул махбурат» дейді. Ашып, түсінікте етіп айтсақ - үзірлі жағдай. Жұма намазына тоқтау салғанымен оның орнын басар бесін намазы бар.

Орнын басқа амалмен ауыстыруға келмейтін, яғни қазасы өтелмейтін намаздардың бірі  ол, сіз айтқан - жаназа намазы. Сондықтан да бұл намаздың өтелуі міндетті. Бірақ елдегі дүрбелең кезеңге байланысты «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының» ғалымдар шешімі бойынша жаназа оқу тәртібі бір жүйеге келтіріліп нүктесі қойылды.

Атап өтіңізші:

- Айтайын. Имам жаназа намазына келуші жамағатқа карантин талаптарын қысқаша түсіндіріп, орындалуын талап етеді. Яғни, ҚР Санитарлық Бас дәрігерінің қаулысына бәріміз де бағынамыз. Дін қызметкерлері мен жаназа намазын оқуға келген жамағат міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек. Жаназа намазында айтатын уағыз – насихат 5 минуттан аспайды. Дін қызметкері жамағатпен қол алыспауы керек. Қабір басында мәйіт жер қойнына қойылғаннан кейін жамағатты тезірек қайтаруы керек. Жаназадан кейінгі астарды барынша болдырмауға немесе аз кісі (тек жақын тума-туыстарының) қатысуын насихаттап, айтып жүрміз. Жасы үлкен кісілердің, денсаулығы нашар адамдардың және жас балалардың жаназа намаздарына уақытша қатыспағаны жөн. ҚМДБ қонақ асы, жетісі, қырқы, жүзі, жылы, еске алу т.б. көпшілік жамағат жиналатын астарды еліміздегі эпидемия жағдайы тұрақталғаннан кейін өткізуге кеңес береді.

Бірінші сұрағыңызға кері оралайық. Ал осы талаптар қаншалықты орындалып жатыр? Көп жерде орындалмай жатыр, ол рас. Имамдар өз жұмысын жоғарыдағы тәртіппен атқарса да, көп жерде түсінбестік болып қалып жатады. Бір нәрсені ескере кеткен жөн, үйде болып жағдай - ол қайғы, той емес. Қайғыдан қан жұтып, қара жамылып отырған жандарды, әулетті карантиндік шараларды орындау былай тұрсын, кейде сабырлыққа шақыру қиын болып жатады.

-Жаназа туралы кеңірек тоқталайық! Көп адам барды делік. Олар не үшін барып жүр? Көңіл айтады, топырақ салып, жерлеуге қатысады, сосын тамақтанады. Болды. Кейбірі ғана жаназа намазына тұрады. Жалпы, адам біреудің жаназасына намазға тұру үшін баруы керек емес пе?

-Сөзіңіздің жаны бар. Ақиқатында өлім – хақ. Сол өлімді көрген қала берді естіген адамға берілетін ғибрат, ол – біздің де түбі дүниеден өтетініміз, ешкімнің де мәңгілік емес екендігі. Сол ғибраттан сабақ алған пенде Алланың ризалығы үшін және" Я, Алла біз де түбі бір осы адам секілді ақ кебінмен ағаш табыттың үстінде жатамыз ғой.  Бұл дүниеден өткен пендеңді және бізді кешіріп, рахымыңнан мақұрым қалдырма!» - деген ниетпен дәреті толық күйде ол  адамның соңғы жаназа намазына тұруы тиіс еді. Бірақ, кім олай етіп жатыр? Дардай ер азаматтар қаралы үйге келуін келіп, жаназа намазына қойылым қарағандай қадала қарап, тамашалап тұрады. Біз жамағатпыз ба, жоқ әлде көрерменбіз бе?

Әсілінде келіп көңіл айту бір бөлек, жаназа намазына тұру бір бөлек екенін түсінбей жатырған секілдіміз.  Дүниеден адам үшін қайсысы қайырлы? Көңіл айту да – үлкен адамдықтың белгісі. Бірақ, намазға тұру – сол адамдықты толықтыратын, мұсылманды ерекшелейтін киелі міндет емес пе? Жиырма жыл, жиырма бес жыл көрші болған кісілер танысының намазына тұрмайды. Әке баласының, бала ата- анасының жаназа намазына тұрмайды. Бұған тек халықты кінәлау да орынсыз. Бізге дейін буынға КСРО-ның сұрқия саясаты қатты өтіп кетті ғой, оны түсінеміз. Дегенмен, тыныштық пен ислам діні өркен жайған кейінгі 30 жыл да бір адамның ойлануына аз уақыт емес қой.

Жаназа намазына тұрудың сауабын айтсаңызшы? Ұхыд тауындай ( Араб түбегіндегі алып тау) сауап беріледі деген уәде де бар. Сондай сауап ешкімге керек емес пе? Жаназа намазы - тәрбие көзі. Жиналған жамағаттың арасында баласы да шағасы да шұбырып жүретінін мына қоңыр көздерім куә. Ал сол жасөспімдердің алдыңғы дөңгелекке қарап өсетіндігін ұмытпаған жөн болар. Имамның « Жаназа намазына тұрайық!» дегенін  естігенде аузына темекі қыстарған әкелерді көрген,  таяққа сүйеніп дүниенің қу тіршілігін айтып тұрған аталарды көрген ұрпақ ертең діннен алыс болса, кімді кінәлаймыз.

-Халықтың дін талаптарына, имамның сөзіне тоқтауы қалай? Екі арада түсініспеушіліктер бола ма?

- (Сәл жымиды) Ондай жағдайлар өте көп. Қайсыбірін тізбектеп айтайын?! Халық имамдарды жас көреді, баласынады. Иә, көбінің баласымен жастымыз. Бірақ, дінге қызмет қылу үшін белгіленген жас мөлшері жоқ қой.

Ас, садақаларда имамның сөзін тындағысы келмей, тыжырайған бейнелерді көп көремін. Халық мына нәрсені түсінсе екен... Имам да – адам, оның да бойында намыс болады. Біздерге аяушылықпен қараудың да, тәкаппарлықпен қараудың керегі жоқ. Құрметпен қараса болды. Үй иесі имамды сеніп шақырды ма, сол кісінің сөзіне тоқтау міндет. Қандай мәселеде болса да. Имам қате жасаған болса, ол Алланың алдында өзі жауап берді.

Ал қазір олай емес. Бәрі ақылшы, бәрі кемеңгер, көршісінен бастап бажасына дейін. « Бұрынғылар бүйтіп жасайтын еді» - деген ешбір дәлелсіз сөзбен шариғат шеңберіне қайшы келетін іс- әрекеттерді үлкендеріміз көп жасайды. Көрер көзге жасағасын - бізге ескерту міндет. Алланың алдында сол үшін жауап беретін болғандықтан, бұрыс емес тұсын көріп, тоқтау салсаң - сеннен асқан тәрбиесіз адам жоқ болып қалады. Дегенмен, имам сөзіне тоқтап, шариғаттың заңын талқыламайтын шаңырақтар көбейіп келеді.

-Өкінішке орай, соңғы кезде ауданда жаназа көбейді. Одан да өкінішті жағдай, өлген адамды оң жаққа салатын адамдар жоқтың қасы. Шариғат шамын ұстаған шалдардың көбі о дүниеге кетті. Қазіргі қарт – қария смартфонға сауатты болғанмен, діни рәсімдерге сауатсыз. Бәріне имам – молдалар үлгеріп жатыр ма?

-Соңғы 7 күндік ауыр соғуда.  Екі имам ауырып қалғаны тағы бар. Бірі ауруханаға түсті. Айналдырған 2-3 адам жаназа рәсімінде жүрміз. Үлгермейміз ашығын айтқанда... Өлім айтып келмейді ғой, аяқ асты дүниеден озған адамның жаназасын өткізуге мүмкіндігімізше барып жатырмыз.  

Адамның демі үзілгеннен кейін оны оң жаққа салу міндет! Халық оң жаққа салуға имамды шақырмайды, ақылдаспайды да. Қателік осыдан басталады. Халық осы мәселеге бей-жай қарайды, ол өтірік емес. Дінде ойдан, түсініктен ештеңе жасауға болмайды. Шариғаттың шарты бар, ережесі бар. Соны сақтауға тиіспіз.

-Шариғат деп отырмыз. Сол шариғат бойынща, мұсылман адамды оң жаққа қалай қояды? Оқырмандарға да керегі болар. Ашып айтып, көрсете аласыз ба?

-Ең бірінші сүйекті қоятын ыңғайлы жерді белгілейміз. Одан кейін сол жерге басын құбыла тарапына қаратып жатқызамыз. Айта кететін нәрсе - көп жерде есікке қаратып жатқызады. Есік құбылаға қарамаса - ол қате болады. Жатқызғаннан кейін, ең жақын ет бауырлары, туысқан-туыстары марқұмды шешіндіріп, іш дәретін әурет жеріне қарамастан алғызу керек. Жиіркенген, қайтқан адамның әуретіне қараған дұрыс емес.

Іш дәрет алынғасын, жағын матамен таңып, байлайды. Аяғының бас башайларын да бір біріне қосып байлау керек. Сүйек екі күн сақталатын болғандықтан.  қолтығына тағы басқа дене мүшелеріне тоңазытқышта сақталған салқын сулар қойылады. Оны ауыстырып тұру қажет. Дене ақ болмаса тағы басқа түсті матамен толық жабылады. Сүйек қараусыз қалмауы тиіс. Қазіргі таңдағы ауа- райының ыстығы өте қатты. Соны ескере отырып тек терезені ашып қою аздық етеді.  Салқындатып тұратын құрылғы пайдалану міндетті.

Күзетте отыру – әңгіме соғып отыру емес. Ол жерде де адамды жақсылыққа үндейтін, имандылыққа баулитын тақырыптар қозғалуға тиісті.

-Мынадай сын сағатта не тілек, не үндеу айтар едіңіз?

-Еліміздегі жаман індеттен жеңіл құтылуды Алла нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Ауырып жатырған барша аға- апаларымызға, ата-әжелерімізге,  Алла күш қуат беріп тез жазылып шығуды нәсіп етсін. Елде өлім-жітім аз болғай. Барша Сырым жұртын сақтық шараларын мұқият және ыждақатылықпен орындауға шақырамын. Алла амандықта жүздестірсін!

 Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы

 zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале