Жақында Сырым аудандық «Жас туристер станциясы» мекемесінің педагогикалық ұжымы Орал қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына жұмыс сапарымен барды.
Кездесудің басты мақсаты - орталықтың тәжірбиелі педагогтарынан әдістемелік көмек алу. Ұжымды қарсы алған директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Мұқашева алдымен орталықтағы “Балалар туризмінің тарихы” атты музейге шолу жасады. Педагогтар туризм, өлкетану, экология, спорттық бағдарлау және музей ісі бағыттары бойынша бөлімдерде болып, тәжірибелік тұрғыда сабақтарға қатысты.
Атап айтсақ, орталықтың өлкетану үйірмесінің жетекшісі Фархат Сәрсенғалиев музей сабағы мен Медет Нәсіпқалиев тау туризмі бағытындағы шыңға өрмелеу сабақтарына қатысты. Директордың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлсім Усағалиева туристік-өлкетану және экология бағыттары бойынша әдістемелік нұсқаулық пен авторлық бағдарламалар жасақтау бағытында іс-тәжірбиесімен бөлісті.
Бір күнге арналған әдістемелік күн аясында аталмыш ұжым көптеген пайдалы кеңестер алып, мол тәжірбие жинақтады. Әдістемелік көмек пен әріптестік қолдау көрсеткені үшін облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына ұжым атынан алғысы білдіріп, орталық музейіне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мүсірбек Айташевтың “Жүрегіме ұя салған қарлығаш”атты жинағы естелікке ұсынылды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz