Жылдағы дәстүрге сәйкес Бәйтерек ауданының Достық ауылдық округі орталығында аға буын өкілдеріне арнап дастархан жайылды. Мейірбандық айлығы аясында ұйымдастырылған бұл шараға аталмыш округтің Достық, Чувашка және Красный Урал ауылдарының тұрғындары қатысты.
-Біздің ауылдық округте 5740 адам болса, соның 800-ге жуығы аға буын өкілі. Оның жартысы - егде тартқан жандар. Он шақты адам – тыл ардагері. Халықаралық қариялар күніне, қайырымдылық айлығына орай ұйымдастырылып отырған шараға 90-нан астам адамды шақырған едік. Соның 80-і келді. Бұл – біз үшін қуаныш. Қарияларға қамқорлық жасау - мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Біз де өз тарапымыздан қолдан келгенше көмектесеміз. Жақында ауылдағы егде тартқан үш адамның үйіне барып, ауласын жинауға жәрдемдестік. Сондай-ақ дәрігерлер де қариялар тұратын үйлерді аралап, саулықтарын тексеріп шықты. Ауылымыздағы мүгедектігі бар зейнет жасындағы бір ағамыз мемлекет тарапынан әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Ауылдас аға-апаларымызды Қариялар күнімен, мейірімділік айымен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, амандық пен береке тілеймін, - деген Достық ауылдық округінің әкімі Әубәкір Төлеуов шараға демеушілік көрсеткен округтегі кәсіпкерлерге, мекеме-кәсіпорын ұжымдарына алығысын да білдірді.
Шара барысында ауылдың дамуына өзіндік үлесін қосып жүргенде аға буын өкілдеріне округ әкімінің алғысхаттары табысталды.
Өз кезегінде сөз алған Жайлан Айсұлтанов, Есет Ғұмаров, Альнияз Абасов, Григорий Козлов, Тойдық Бірманова, Орынай Шәріпова сынды ауылдық округтегі еңбек ардагерлері еліміздің еңсесі биік, облыс, аудан экономикасының даму қарқыны жоғары болуын тіледі.
Жиналғандарға игі тілегін білдірген зейнеткер Виктор Симененко Достық ауылында тұрып келе жатқанынан алпыс екі жыл болғанын, ауылдың соңғы жылдардағы даму қарқынын оң бағалайтынын айтып. Оның сөзінше, мемлекет тарапынан тұрғындардың тұрмыс сапасын артыру бағытында көп жұмыс істелді. Газ, су келіп тұр, жолдар жөнделді, көшелер жарықтандырылып жатыр. Қазіргі таңда мұнда жаңа мектеп бойкөтеріп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Ауылдың орналасқан жері де, халықтың тұрмысы да жақсы. Түрлі этнос өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Ал ынтымақ бар жерде бақыт та, шаттық та, береке де бар.
Мерекелік іс-шарада жергілікті өнерпаздармен бірге аға буын өкілдері де ән салып, би билеп, кештің ажарын ашып, шырайын келтірді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz