Бүгін Теректі ауданының орталығында ағайынды қос ақын – Әділет және Ақтілек Орынбасаровтың «Өмір бізге өлең жазып үйреткен» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш барысында жас ақындар жыр оқып, көрерменді тәнті етті. Елжас Мағзом, Айбек Дәулетқалиев, Медет Оразов және Айдана Ажғалиева секілді өңірімізге белгілі әншілер әсем ән шырқаса, «Сегіз сері», «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігі мен «Ғазал» ақындар клубының мүшелері кеш иелерінің өлеңдерін оқып берді. Айта кетейік, кеште Әділет Әлібекұлы сөзін жазған әндер де шырқалды.
Айтыскер ақындар Орынбек Меңдіқұл мен Әділ Ахметов арнау айтып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Маңғыстау өңірінен арнайы келген Алтынбек Әлібаев пен жас ақын Дәурен Шамұратов өлең оқып, ізгі ниет-тілегін ақтарды. Оған қоса ағайынды ақындардың атасы мен әжесіне, әкесі мен анасына сый-құрмет көрсетілді.
Бұл әдеби-музыкалық цикл «Біз Дендерденбіз!» атты су жаңа кітаптың тұсаукесеріне ұласты. Кітаптың тұсауын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева мен кеш иелерінің әдебиетке деген құштарлығын оятқан ұстазы Нұргүл Өтегенова кесті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов ақындарға шығармашылық жетістіктер тілеп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хатын табыс етті. Өз кезегінде Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдушев, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, Индер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева мен Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Гүлзада Төреғалиева қос ақынға сәттілік тілеп, құттықтау хаттар ұсынды.
Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» газетінің бас редакторы Дариға Нұрашова «Жайық Пресс» ЖШС ұжымының атынан естелік сыйлықтар тарту етті. «Жан дауыс», «Қылшыққұм» кітаптарының авторы Талғат Мықи Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Халиолланың құттықтау хатын табыстап, сый-сияпат жасады.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz