Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері Қаратөбе ауданында болып, орыс драматургі Алексей Житковскийдің «Ағаш отырғызу» атты туындысы желісінде қойылым сахналады.
Спектакльдің режиссері, «Парасат» орденінің иегері – Нұрлыгүл Жұбатова, қазақшаға аударған – батысқазақстандық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова.
Қойылым желісі бойынша негізгі тартыс ағаш отырғызуға шыққан әке мен бала арасында өрбиді. Бірін-бірі сөзбен түйреп, түсіне алмауға дейін жеткен таласқа кейін сол маңды қоритын күзетшілер араласады.
Сөйтсе, әке мен бала ағаш отырғызамын деп жүріп, біреудің жекеменшік жеріне, гольф алаңына кіріп кетіп, жерін қазып тастаған шығады.Енді қымбат жерді қалай қалпына келтіреміз деп таласады. Әкенің базардан сатып алған алма ағашы да пластик екен.
Ақыры бәрі жасанды ағашты отырғызып, мәселені шешкендей болады.
Қойылымда әке мен бала, күзетшілер өз рөлдерін барынша жоғары деңгейде ойнап шықты. Бұл спектакль «біз қандай ұрпақ тәрбиелеудеміз, қоғам қайда бара жатыр, жай ғана пластика емес, біздің ойлау жүйеміздің өзі пластикаға айналып бара жатыр ма?» деген сауалдарға жауап іздейді. Ер адамның үш парызы: «Ұл өсіру», «»Үй салу», «Ағаш отырғызу» деген ұғымдарға қоса жалпы қоғамдағы адамзатқа міндеттелген дүниелердің қандай деңгейде өтеліп жатқандығы сипатталады.
Күлдіріп отырып, ойландыратын қойылым көрерменге зор әсер сыйлады.
Қойылып соңында арнайы өнер сапарымен келген Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістеріне аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Нұрлыбек Айтқалиев шынайы ризашылығын жеткізіп, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz