16.07.2024, 11:30
Оқылды: 320

«Ағаш тамырымен, адам ұрпағымен мәңгі»: теректілік Орынша Досмақова 90 жасқа толды

Қарапайым еңбекші халық Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданға аттанып, елде қалғандар көмектесудің жолдарын іздеп, жеңіске тез жетуді ойлағаны белгілі. Барша халықпен қатар қазақ әйелдері де жеңіс жолында бар күшімен еңбек етті.

EB7A52F3-D591-440A-9767-CFA5C4779D16

Азаматтар майдан ортасында жүргенде тылдағы өмірдің бар ауыртпалығы әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Иә, нәзік жандылар талай жүк көтеріп, ердің орнына түздің де, үйдің де жұмысын істеді. Сөйтіп жүріп, балаларын да рухани аш қалдырмай, тәрбиесін де беріп үлгерді.

Шешем менің – иілген сұрау белгі,

Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.

Қалай ғана қалпына келтірерсің,

Дауылдар майыстырған мынау белді, - деген мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев осындай аналарымыздың сұм соғыс кезіндегі бейнесін ашқандай...

Біз сөз еткелі отырған жан да аумалы да төкпелі заманда ыстық пен суыққа төзіп, басынан талай сынақты өткізген. Ол 1934 жылы Ақжайық ауданының Есенсай ауылдық округі, Кеңсуат елді-мекенінде дүниеге келген. Ол – 15 шілдеде торқалы 90 жасқа толған Орынша Досмақова! Ел арасында көп жасаған үлкендер туралы «ешқандай бейнет көрмеген, ауырдың асты, жеңілдің үстімен, шалқып балқып өмір өткізген ғой» деген сияқты қисық сөздер айтылады.

Әркімнің жүрген жолы, еңсерген қиындығы өзіне һәм бірге еңсерген қатарластары мен жақындарына ғана аян. Қанша жерден әдемі қартайып, ұрпақ қызығын көріп отырса да, жүзіндегі әжім мен жүректегі мұңы – соғыс жылдарындағы азапты көрініс.

B06FEFA9-B6F4-4D56-A2E0-C201233DAF64

Сол үшін шаңырағымыздың төрінде ақылын айтып, батасын беріп, немере-жиен қылығына сүйсініп, кіршіксіз көңілімен жақсылық тілеп отыратын қарттарымыз қашан да қадірлі. Ұлы Отан соғысы басталғанда небары 7 жаста болған кейіпкеріміз еңбекке ерте араласқан. 1943 жылы әкесі мен ағасы соғысқа аттанған. Екі бірдей азаматтың бір күнде үйден тысқары кетуі, оның үстіне кәдімгі жалын шарпыған соғысқа араласуы анасы мен қызына айтарлықтай жүк түсірген. Үй-іші орған егіннің келдегін жинап өскен әжей малдың да артында жүрген. Елдің зәре-құтын қашырған зеңбіректер мен мылтықтардың дауысы естілген заманнан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткен Орынша Мұхамедиярқызы 1949 жылы Барбастауда колхоздардың қымызын сатып, жұмысты талғамай істеп жүріп, 1950 жылы Кеңсуат ауылының 7 жылдық мектебін аяқтап, білімін жалғастыру үшін Тайпақтың 10 жылдық орта мектебіне барған.

Мектеп қабырғасында жүргенде елгезек, ақылды қасиеттері өзін өзгеден ерекшелеген екен. Ол кезде бір күндік асты тауып, бір түйір нанды жеудің өзі қиынның қиыны екенін кітап беттерінен оқығанбыз. Ал енді сөйте жүріп, ғылым-білімге ден қойып, оқуға көңіл бөлуге екінің бірінің зауқы соқпағаны жасырын емес. Ізденуден талмаған Орынша әжей мектепті тәмамдап, Орал гидромелиоратор техникумының су шаруашылығы мамандығын алған. Дегенмен ол анасының қалауы бойынша соғыстың басталғанына тура бір жылдан кейін, яғни 1942 жылы өзі туған топырақтың «Орджоникидзе» колхозында жұмыс істеп, үй ішіне көмектесіп, болысып жүреді. Ол кезде тұлымшағы желбіреген 18 жастағы қыз күйеуге шыққанша аталмыш колхозда тынымсыз еңбегімен көзге түседі.

F2BAF2CF-5738-465A-A427-2E574458B28D

– Қымыз сатқанымның өзі қазір жылы естелік болып қалды. Бар болғаны 15 жаста болыппын. Герой деген шал тасып, мен өлшеп беріп жүрдім. Көзімді ашқалы қолғабыс етуден тынбадым. Одан бөлек колхоздың қызып жататын жұмыстары бар. Қазір соның барлығы ертегі сияқты. Бейбіт елдің топырағында аунап өскен сендерге қарап, сол еңбектің еш кетпегеніне қуанамын, - деді кейуана өз сөзінде.

Орынша Досмақова 1956 жылы Нұржан Досмақұлына тұрмысқа шығып, отбасылық өмірге қадам басқаннан кейін де асыл жарымен тұрмыстың ауыртпалығын бір кісідей көрген. Сталин, Ораз Исаев колхоздарында маңдайын терін төккен ол егін науқанында комбайн төккен бидайды есептеп, бұлғақ заманға тап келген жас өмірін тек қана еңбекке арнаған.

Отбасылық қуанышын тып-типыл еткен кезеңде заман желіне қарсы тұра білген қазақ әйелінің еңбек майданында қажырлы іс қылғаны сөзсіз ерлікке тең. Бүтін қазақты әуре еткен майдан аяқталған соң салдары да шаш-етектен болды. Қайта қалыпқа келіп, шелектеп төгілген қанды біржола естен шығару да бір нәубет қой. Бірақ әжей шиеттей 6 баласының ертеңі үшін тырысты.

Сол үміттің жетегіне ілескен Орынша Мұхамедиярқызы Көнеккеткен ауылындағы Ораз Исаев орта мектебінде кіші қызметкер жұмысын істеген. Білім ошағының еденін жуып, тазалығына жауап берген ол көп ұзамай мектеп интернатының тәрбиешісі қызметін атқарған. Баланы еңбекке баулуды мақсат тұтып, жас ұрпақтың адами тұрғыда қалыптасып, саналы болып өсуін қалаған. Бұл да бір қызығы мен қиыны қатар келген кезеңдердің бірі. Әке мен ананың мейіріміне қанып өскен балалар жаман болмайды. Сол қиын шақта ұл-қыздарын жоғары оқу орындарында білім алуына тікелей ықпал еткен. Ықпал еткенде қалай дейтін шығарсыздар. Кейуананың бала тәрбиесінде ұстанған ұстанымы білім мен еңбек болды.

– Абай атамыз өзінің бірінші қарасөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» дейді ғой. Сол сияқты осы жасыма дейін көрген, білгенімді айтып емес, бүгінгі кезде сенімімді ақтап, қол-аяғымды жылы суға салып, алдымда құрақ ұшып жүрген ұл-қыздарыммен мақтанамын, - деді.

«Ағаш тамырымен, адам ұрпағымен мәңгі» деген қазақ нақылы кейіпкерімізге дәл келеді. Үлкен ұлы Әлжан Досмақовтың Ақжайық ауданына сіңірген еңбегін атап өтпесе болмайды. Кез келген адамға ауданның «Құрметті азаматы» атағын бермесе керек. Ол ұзақ жыл бойы мемлекеттік органдарда, құрылыс салаларында еңбек еткен. Әке көріп, оқ жонған, ана көріп, тон пішкен перзенттерінің ел баласына айналуы қаннан келген қасиет. Орынша әжейдің жолын қуып, ізін жалғаған қызы Шынар Досмақова Ораз Исаев атындағы мектептің білікті ұстазы. Енді бір ұлы Ержан Нұржанұлының есімі Теректіге танымал. Нақтырақ айтсақ, еңбек жолын қарапайым мал дәрігері болып бастап, 2009 жылы Теректідегі ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Содан кейін аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалып, аудан басшысының уақытша міндетін де атқарып жүрді. Міне, құрсаққа біткен ұл-қызы ана тағылымының жемісі. «Алма алма ағашынан алыс түспейді» дегендей балалары да адамгершілік һәм іскерлігімен ортада сыйлы.

Ақ жаулығын басынан тастамаған абзал анаға шәкірттері, ауыл-аймақ, әулеттегі ағайын-туыс құрмет көрсетуден жалықпайды. Биыл тоқсан жасқа толатын асыл ана 11 немере, 12 шөберенің ортасында ортаймай, шалқып ғұмыр кешіп жатыр.

Әлбетте бұл иығына салған ауыр жүгі мен көрген қиындықтарына сынбағаны үшін Жаратқан тарту еткен алтынға бергісіз сый. Ғасыр жасаңыз, Орынша Мұхамедиярқызы!

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале