Теректі ауданына іссапармен ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов, ҚР мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы Болат Исақов келіп, аудан активімен кездесті.
Кездесуде агенттіктің аппарат басшысы Саян Ахметжанов Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының маңыздылығын түсіндірді.
-2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яки 42 500 теңгеге дейін өсіру үшін «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР-ның заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіледі. БҚО-да экономиканың барлық саласы бойынша жұмыс істейтін 60 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. Демографиялық өсуге байланысты жұмысшы күштерінің ұсыныстары да өспек. Сондай-ақ жыл сайын 300 мың жас еңбек нарығына келетін болады. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударылады, - деді Саян Қылышұлы.
Саян Ахметжановтың айтуынша, Мемлекет басшысы қойған тапсырманы шешу үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытып, еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген өнімді экспортқа шығаруды 2,5 есеге ұлғайту, өнеркәсіптегі бәсекелестікті күшейту және оны технологиялық қайта жабдықтау қажет.
Жиынға қатысушылар келген қонақтарға сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,
Тереткі ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!