Бүгін Теректі ауданына қарасты Долин ауылдық округіндегі «Шолан» шаруа қожалығының базасында «Alem Agro Holding» ЖШС бастамасымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен фермерлерге арналған «АгроИнтенсив» практикалық семинары өтті.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, аудан әкімі Әлия Мұханбетжановажәне аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айтқалиева Сандуғаш Саинқызы арнайы қатысты. Семинардың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің, өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы мен фермерлердің еңбегіне ерекше тоқталды. Ашылу салтанатында компания басшылығы мен сала мамандары сөз сөйлеп, агросаладағы жетістіктер мен болашақ жоспарлармен бөлісті. Жиын барысында егіс алқабын ұсынған «Шолан» ШҚ басшысы Мұхамедяров Ұлұқпан Құрманғалиұлына шараны өткізуге көрсеткен қолдауы үшін арнайы алғыс хат табысталды.
Семинар жұмысына облыстың әр түкпірінен келген 50-ге жуық шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылығы құрылымдары қатысты. Олардың қатарында өңірімізге танымал ірі агроқұрылымдар – «Жайық АТА» ЖШС, «Агросервис-Батыс» ЖШС, «Заман» ЖШС, «Ливкино» ЖШС, «Раздолье» ЖШС, «Атамұра» ШҚ, «Қазақбас» ЖШС, «Балакирев» ШҚ және басқалар болды. Шараның басты мақсаты – АлемАгроХолдинг серіктестерімен бірге ауыл шаруашылығы техникасы мен өнімдерінің таныстырылымын өткізу, тәжірибе алмасу, сонымен қатар аймақтың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген жаңа будан тұқымдардың мүмкіндігін көрсету болды. Қатысушылар күнбағыс, құмай, жүгері сынды дақылдардың тиімді будандарымен, тыңайтқыштар және заманауи агротехнологиялармен танысты.
Іс-шараға «СТ Агро», «Аmazone», «Лимагрейн» (LG), «Alta Seeds», «Сидс Россия», «Агритекно» (Испания) компаниялары, сондай-ақ «Байдала-МАКР» серіктестігі қатысты. Олар техникалар мен тыңайтқыштар, жаңа селекциялық өнімдер бойынша көрме ұйымдастырып, фермерлердің сұрақтарына тікелей жауап берді.
Танымал брендтер — Pioneer, LG, Alta Seeds компаниялары өздерінің өнімдерін демонстрациялық түрде ауыл шаруашылығы техникасының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ сыйлықтар мен естелік заттарды ұтысқа салу рәсімі өткізілді. Шаруа қожалықтары түрлі сыйлықтар ұтып оның ішінде 005 нөмірімен, шараны өткізуге қолдау көрсеткен егіс алқабы иесі «Шолан» ШҚ басшысы Мұхамедяров Ұлұқпан Құрманғалиевич лоторея ойыны кезінде арнайы сыйлық ұтып алды.

«АгроИнтенсив – 2025» шарасы өңірлік ауыл шаруашылығы үшін жаңа серпін беріп, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік тудырды. Ауыл шаруашылығын жаңғырту жолындағы бұл бастаманың маңызы зор.
АгроИнтенсив алаңында Baydala, AgriTecno, Bayer, KWS, Qadam, CT Agro, Amazone, Avgust сынды ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен дистрибьюторлар да белсенді қатысып, аграрлық сектордағы жаңашыл шешімдерін ұсынды.
Аталмыш шара өңірдегі фермерлерге, агрономдарға, кәсіпкерлерге және ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытқан азаматтарға зор мүмкіндік берді. «АлемАгро» компаниясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған дала күні – озық тәжірибе мен бірлескен табысты жобалардың негізі болары сөзсіз.
Аталмыш шара – ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жаңғыртудың жарқын көрінісі.
Майра Шарипова,
Теректі ауданы