Мол жақсылығымен қатар елдігіміз, бірлігіміз сынға түскен Тышқан жылы да мәресіне келді. Уақыт қандай жүйрік... Елдің үлкені ретінде, ең алдымен, ағайын аман болса екен деген тілек бар. Ауыл-елде игі бетбұрыс болған сайын жан дүниеміз бір сергиді. Мемлекетімізде нақты қадамдардың барлығы халықтың игілігі үшін жасалуда.
Өткен жылдың ақжайықтықтарға тартуы айтарлықтай болды. Өткен ғасырдың 90-жылдары бастау алған газдандыру жұмысы толығымен аяқталып, былтыр газы жоқ соңғы 11 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Сонымен бірге тағы алты ауылдың тұрғындары ауыз судың азабынан құтылып, халық қуанышқа кенелді. Жылдың айтулы жаңалығы күрежолдан қашықта орналасқан Алғабас ауылына жеткізер жолдың жөндеу жұмыстарының басталуы дер едік.
Үш ауылға кірме жолдың тегістелуін халықтың көптен бергі тілегінің қабыл болуы демегенде қайтейік?! Биыл ауылдағы ағайынның тұрмысын жаңғыртуға бағытталған осындай жұмыс жарасымды жалғасын табарына сенім мол. «Жақсы жол – елге жора» демекші, игі істердің ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етері сөзсіз.
Баспана құрылысы жыл сайын қарқын алып келеді. Бүгінде ауданның қай ауылына барсаңыз да, жаңаша кескін-келбетпен салынған үйлерді көресіз. Тек былтырдың өзінде аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған 24 отбасы қоныстой тойлап, Жаңабұлақ ауылында да екі көп балалы ана жаңа пәтерге ие болды.
Аға буын ретінде жас ұрпақтың, бүгінгі ұл мен қыздың білімінің кемел болуын қалайтынымыз рас. Осы бағытта да ауданда атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Жыл сайын бірқатар білім ордасы жаңаша жаңғырып, кей ауылда жаңа мектептер бой көтерсе, биыл осындай қуаныш аудан орталығында орын алды. Ашылғанына 25 жыл болған Абай атындағы мектеп-гимназияның жаңа ғимараты мен интернаты бой көтерді. Ұл-қыздың жайын қамдаған тағы бір жарқын істердің бірі – биыл Жамбыл мен Есенсай ауылдарында, аудан орталығындағы колледж жанынан жаңа спорт алаңдары пайдалануға беріліп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың спортпен емін-еркін айналасуына барлық жағдай жасалды. Бұл нысандар ауылдық округтерде салынған спорт алаңдарының соңғылары, енді осындай қарекет ірі елді мекендердегі жастар үшін де жасалмақ.
Ауыл-елдегі ауызбіршілік, берекеге бастар еңбек тәуелсіздігімізді баянды етері кәміл. Ту сыртымыздан індет торуылдаған қиын сәттерде еліне берері мол азаматтардың атқа мініп, қолдау көрсеткенін қалайша мақтан етпейсің?! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар. Осындайда қолұшын созған жерлестеріміздің, аудан түлектерінің мәрттігін, жақсылығын айтпай кетуге болмайды. Айталық, Еркебұлан Әжікенов, Болат Хисин, Жанғабыл Сәтбаев, Нұртай Сахипов сынды жанашыр азаматтар оттегі концентраторын тарту етіп, өздігінен дем ала алмай, қиналған талай жанның өміріне араша түсті. Бұдан басқа жекелеген азаматтар ауруханаға кезек-кезек шұбат-қымыз, дәрі-дәрмектерді жеткізіп, игі іс атқарды. Бұл ретте жерлестеріміздің бір-бірін қолдағаны, індетпен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне демеу бола алғаны – ел амандығына мың кепіл. Қиын кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған барша жерлестерімізге аға буын атынан ақжарма алғысымды білдіремін.
Біздің аудан ынтымақ пен ырыс орнаған мекен екенін биыл ақжайықтық ағайын тағы бір мәрте дәлелдеді. Туған халқының жоқшысы, қаһарман ақын, «Мен – қазақпын!» деп бір ауыз сөзімен елдің санасын дүр сілкіндірген Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығын туған жері Ақжайық лайықты атап өтті. Елдігіміздің айғағы облыс, республика зиялыларының назарын аударған, сәні мен салтанаты келіскен Жұбан орталығы бой көтерді. Әлемді елеңдеткен індетке қарамастан, ауданымыздың іскер азаматтары, зиялы қауым, қарапайым қызметкерлер мен зейнеткерлер де қал-қадерінше үлес қосып, ғасырлық тойға тамаша тарту жасады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Жұбан ақын аңсаған елдік мұратқа, бірлік пен ынтымаққа, өркениетке ұмтылған ел екеніміздің айқын көрінісі болды.
Міне, күнтізбенің бір жылын қайырып, Жаңа жыл, жаңа күн келді. Адам баласы Жаңа жылдан көп жақсылық күтеді, көп үміт артады. Өткенге риза болып, Жаңа жылға бәріміз таза ниетпен, нық қадаммен аттайық.
Жігербай Қажығалиев,
Ақжайық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы