19.07.2021, 21:31
Оқылды: 38

Айды аспаннан шығарған ақпарат теріс болып шықты

Соңғы күндері республикалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде Казталов ауданы әкімдігі қызметтік тұрғын үйді сатып алуға 30 млн. теңге бөлді деген ақпарат айды аспаннан бір-ақ шығарған еді. Естіген құлақ, көрген көзге сенбей осы салаға жауапты бөлім басшысы Артур Берденовпен сұхбаттастық.

миллион22-744x420

Артур Амантайұлы, қазіргі таңда республикалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде Казталов ауданында қызметтік 1 тұрғын үй сатып алуға 30 млн теңге бөлгендігі жөнінде ақпарат тарады. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?
– Иә, әлеуметік желіде Казталов ауданында бюджет ақшасына 30 млн. теңге 1 тұрғын үй сатып алуға бөлінді деген ақпарат тарады. Әрине, 30 млн. теңге бір тұрғын үй сатып алуға бөлінген жоқ, ол қаржы 6 тұрғын үй сатып алуға бөлінді. Бұл жерде адами фактор орын алып, қателік кетіп отыр. Аудан деңгейінде бұндай бағаның жоғы айдан анық, 1 тұрғын үйдің орташа құны 4-5 млн. теңге.
Осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемеңізде бұл қызметкердің қателігі екендігін атап өткен болатынсыз. Анық-қанығына тоқталып, баяндап берсеңіз.
– 2020 жылдың 22 желтоқсанында аудандық мәслихаттың сессиясы шешімімен «Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 6 тұрғын үй сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 30,0 млн. теңге бөлінген. Кейін мемлекеттік сатып алу порталының жоспарына 2021 жылдың 14 қаңтар күні сол кездегі бөлім басшысының бекітуімен, жауапты маман есепшінің орындауымен 30,0 млн теңгеге 6 тұрғын үй сатып алу үшін жоспар енгізілген. Қателік осы жерде орын алған. Жауапты маман есепші сатып алынатын 6 тұрғын үйді 1 тұрғын үй деп порталға қате көрсеткен.
Порталдағы бұл қателікті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ақпан айында анықтады. Наурыз айының басында мемлекеттік сатып алу порталында бұл кемшіліктер түзетілді.
Мәселенің мән-жайы түсінікті. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталануы мүмкін бе? Елді дүрбелеңге салар қателікке жол бермей, өткеннен сабақ алып, қателіктің алдын алу мақсатында бөлімде қандай шаралар қолға алынды?
– Тегіс жерден сүрініп, елді дүрбелеңге салып қойдық. Бөлімде басшыны қосқанда 5 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды. Ал төртеуінің бұл салада істегеніне әлі 1 жыл толған жоқ, яғни тәжірибелері аз. Бөлімнің атқаратын жұмысы өте ауқымды, жол, тұрғын үй, коммуналдық сала. Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап өте жоғары. Сол талапқа лайықты жұмыс жасауды әр маманға әр кез айтып отырамын. Бөлімде құқықтық оқытулар жүргізу ұйымдастырылды. Қателік жіберген жауапты маманға тиісті шара алынды.

Асылбек Байғазиев,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале