Құдалық дастарқан мәре-сәре салтанатынан аяқтала келген болатын. Кенет үстелдің қарсы бетінде отырған Бақытжамал апамыздың «Домбырамды жалғаңдаршы» деген дауысы саңқ ете түсті. Содан кейін өмірлік серігі Бақтығали ағамызбен бірге не бір көңіл толқытар, жүрек тербетер әндерді бірінен соң бірін әуелетті дерсің...
Жалған дүние-ай, берген сәлеміңді айналайынмен қабылдап, жаныңа жанарымен нұр құйып тұратын асылдың тұяғындай болған аяулы апамыздың жайдары жүзін, асқақ үнін соңғы рет көруіміз екенін кім білген... Арада апталар өтер-өтпестен төбеден жай түсірердей, құлақ жарардай суық хабар сумаңдап қала мен даланы қақырата кезіп кетеді деп кім ойлаған.
Көрнекті ақын, Бақытжамал апамызбен бір аймақта өмірге келген Жанғали Набиуллин ағамыз «...Сіз де думан өмірге келдіңіз бе, Тыным болар демеңіз енді бізге! Өткен шақ пен болашақ арасында, Бір қас қағым уақыт бар... сездіңіз бе? Күресіңіз, өркендеп көрініңіз, Салтанатқа арна боп өріліңіз. Толағай іс тындырып үлгеріңіз, Сол қас қағым біздің бар өміріміз» деп жырлаған еді. Адамға бір-ақ рет берілетін ғұмырдың қымбаты мен сымбатын, аңғалдығы мен жалғандығын бұдан артық қалай бағалауға болады.
Осы бір шумақ жыр жолдарында Бақытжамал апамыздың бүкіл өмірі тұрғандай. Әсіресе, туған сіңлісі Асылғанымның жарыққа шығарған апамыздың құрбыларының сағыныш-сырға толы «Құс қанат ғұмыр» атты естеліктерін оқығаннан кейін осы ойымды санамда бекіте түстім. Әсіресе, апамыздың өмірінің соңғы кезеңіндегі апыл-ғұпыл істері, бәріне де үлгеріп қалайын дегендей қарбалас қимылдары сөзімді дәлелдей түседі. Маңдайына жазылған сол бір сәулелі қас қағым сәтін Бақытжамал да қалтқысыз пайдалана білген екен.
Сәл шегініс жасасақ, анау бір жылдары айтыстың ағынымен жүріп, қасиет қонған, күй дарыған Қазиевтер әулетінде болып, Ермек ағамен танысып, бір туар тұлға талантпен әлі күнге дейін ағалы-інідей сыйласып келеміз.
Сол сапардан: «Елінің шалқып жатқан дариясы,
Өнердің қонақтаған жылы ұясы.
Күйлерін кейінгіге мұра еткен,
Болыпты Есел атты қариясы» деп басталатын өлең жолдары қалған еді.
Есел қария есімі аймағына кеңінен мәшһүр болған дала дарындарының бірі болған. Сонау үргінші кезеңде туған топырағынан ауа көшіп, біраз уақыт Жаңақала ауданының «Пятимар» шаруашылығында еңбек еткен кездері де болыпты. Содан перзенттеріне де осы өңірдің дәм-тұзы бұйырып, біраз уақыт осы маңдағы мектептерден білім алған.
Жел оңына ауғаннан кейін Есел ақсақал да көшін өзінің туып-өскен мекеніне бағыттаған екен. Бақытжамал апамыз «Бисен» кеңшарындағы атақты Бисен Жәнекешев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищені тәмамдап, арнайы жолдамамен Жаңақала аудандық мәдениет үйіне қызметке келеді. Жас маман бірден дирижерлік пультке тұрып, өзін жан-жақты талант иесі екенін көрсетті.
Кейіпкеріміз «Пятимар» зауытының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бисембі Ғұбашевтің арнайы қолқасымен үш жылдай сол ауылда мамандығы бойынша қызмет атқарды. Жаңа ғана шаңырақ көтерген жас отбасы тартыншақтаған сәтте іске аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Оразай Ғабдушев араласып, жас жұбайлардың өмір жолына кең өріс ашып берді. Обалы не керек, Бисембі ағай жас отбасынан қамқорлығын аямапты. Шіркін, сол кездің адамдары-ай десеңші!
Бақытжамал Еселқызының жарқырай көрініп, еңбегінің жанған тұсы Қали Жантілеуов атындағы музыка мектебінде қызмет еткен жылдары еді. Осы білім ордасында домбыра класынан сабақ беріп, сан толқын шәкірттер тәрбиеледі. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, оның алдынан дәріс алған Е. Ғұбайдуллин, Ә. Қодаров, Б. Өтешқалиев, тағы да басқа шәкірттері республикалық, облыстық конкурстарда жүлделі орындарға ие болып, өмірдің әр саласында еңбек етуде. Ол сонымен бірге ауданның мәдени өміріне белсене араласып, уақытында мәдениет үйі жанындағы өнер ұжымдарының халық хоры, халық оркестрі атағын алуына зор үлес қосты. Аудандық мәдени демалыс орталығы жанындағы «Айзере» әжелер ансамблінің белсенді мүшесі болды.
Бақытжамал апа жұбайы Бақтығали екеуі өз қатарластары арасында өте сыйлы, беделді болды. Ол шаңырақтың қонаққа жайылған дастарқандары жиылып көрген емес.
«... Дос таптық, жолдас жинадық. Сондай аяулы достардың бірі, азаматтың орнындағы Бақытжамал досым еді» дейді естелік кітапта Мырзахмет Хасанғалиев. Ал еңбек ардагері Дәрмия Әліпова: «Бақытжамал өте талантты, өз ұжымына тиянақты, еңбекқор адам еді» депті. «Сондай елгезек һәм қонақжай болатын» дейді студенттік құрбысы Бакар Ұрсынов. «Бақытжамал ортаның адамы еді. Домбырасымен әндерін тамылжыта салып, әңгімелерімен бізді күлкіге қандырып, жүзінен тек мейірімшуағы төгіліп тұратын» деп бала кезден бірге өскен досы Райса Байғалиева сағынышпен еске алады. Бір құрсақтан шыққан жан бауыры Асылғанымның естеліктерін тебіренбей оқу мүмкін емес.
Бақытжамал Еселқызы көмейіне бұлбұл қонған әнші еді. Оның орындаған Мұхиттың «Айнамкөзі», халық әндері «Бүлдірген», «Әдемі қыз» тыңдаушыларының құлақ құрышын қандыратын. Белгілі музыка маманы Дәрмия Әліпова: «Құдай қосқан жары Бақтығали екеуі қосылып, екі дауыста ән шырқағанда қызығатынбыз. Бақытжамал кең тынысты, қоңыр дауысымен халық әндері мен термелерін шебер орындайтын тамаша әнші еді. Біз оны Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті ме деп қалатынбыз» деген баға береді. Оның күйшілік өнерінің өзі бір төбе.
Бақытжамал апа отбасында мейірімді ана, адал жар болды. Өмірде де, өнерде де серік болған жары Бақтығалимен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-жиен сүйді.
Міне, «өнерім – өмірім» деп жүріп, бар бейнеті шәкірт тәрбиесі, мәдениет машақаты, отбасы қамы болған әнші-күйші, ұстаз Бақытжамал Еселқызы жөнінде айтпағымыз осы, ағайын!
Закария Сисенғали,
ақын-журналист, Мәдениет саласының үздігі,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz