Бүгін "Рухани жаңғыру" кеңсесінде «Әйел – отбасының ұйытқысы» тақырыбы аясында шара өтті. Шараға Шыңғырлау ауданының белсенді азаматшалары, отбасының берекесін ұйытып отырған, қызметпен бірге үй тірлігін қатар алып жүрген аналар, ақжаулықты әжелер, психологтар шақырылды.
Сондай-ақ шараға аудандық мәслихат хатшысы Сағын Казиев, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Тағаниязов, аудандық медиатор Сағынғали Имашев, мүгедектер қоғамының төрағасы Тілекші Киреев, «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу Арыстанова қатысып, сөз сөйледі.
Шарада, әсіресе, ауылдық жерлердегі әйел адамдардың әлеуметтік мәселелері, тыныс-тірліктері, қазіргі қоғамдағы отбасы мәселелері кеңінен талқыланды. Жиналғандар ортаға ой тастап, өз көкейлеріндегі пікірлерімен бөлісті. Заман ағымы қаншама өзгергенімен де ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлері ешбір жойылмауы тиіс. Сол үшін де үлкендердің ақылы, аналардың алақаны, ер мен әйелдің тату қарым-қатынастары алдағы уақытта да өміріміздің мәнді де сәнді болуы үшін өте қажет, ұрпағымыз үшін сарқылмас дүние десті шараға қатысушылар.
Шара соңында алдағы кезектен тыс президенттік сайлау туралы да мәліметтер айтылып, түсіндірілді.
Айсұлу Мұса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz