Соңғы кездері COVID-19 індетінен о дүниелік болғандармен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер саны артуда. Әлем жұрты зорлық-зомбылықтың құрбанына айналғандар саны үш есе артты деп дабыл қақты. Елімізде пандемияға байланысты төтенше жағдай мен карантин енгізілген тұста ішімдікке үйір болып, айрандай ұйыған отбасының құтын қашырғандар жетерлік. Одан қала берді, көшеде өз жолымен кетіп бара жатқан нәзік жандыларға тиісіп, ұрып-соғып, адам танымастай күйге түсіргендер қаншама? Осындай жан түршігерлік жаңалықтарды естіп жүргенімізге үш айдан астам уақыт өтті.
Күні кеше Тасқала ауданында екі қызы мен жұбайын өртеп жіберген азамат туралы оқиғаның елді есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. Өзге түгілі, өзінің ұрпағын аямаған адамнан не үміт, не қайыр?
Тура бір жыл бұрын бұл мәселе жөнінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр» деген мақала жазған едік. Сол мақалада аудан бойынша 2017, 2018 жылдары – 16, 2019 жылдың 6 айында 8 жағдай тіркелгенін айтыппыз. Өкінішке орай, бұл сандар бүгінде бірнеше есеге өскен. Теректі аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Бауыржан Сұпығалиевтің мәлімдеуінше, 2020 жылдың 6 айында 28 факт тіркелген. Оның 3-еуі 15 наурызға дейін, қалған 25-і төтенше жағдай мен карантин кезінде орын алған жайттар. Көріп отырғанымыздай, тамағы тоқ, жұмысы жоқ жандар азып бара жатыр.
Ғаламтордағы ақпараттарды саралап отырып, тұрмыстық зорлықтың 4 түрі болатынына көз жеткіздік. Біріншісі,физикалық зорлық - денсаулыққа қасақана физикалық күш немесе физикалық ауыртпалық көрсету. Екіншісі, психологиялық зорлық - бұл адамның эмоциясына немесе психикасына әсер ету: қорқыту арқылы, қоқан-лоқы көрсету, балағаттау, сынау, кінәраттау және тағы сол сияқты әрекеттер; Үшіншісі, сексуалдық зорлық - басқа адамға қатысты жыныстық сипаттағы кез келген әрекетті қолдану. Төртіншісі, экономикалық зорлық - бөгде біреудің ақшасын немесе басқа да материалдық ресурстарын (тұрғын-үй, тағам, киім) бақылап, оны жұмсау. Бұл адамның денсаулығына физикалық және психикалық тұрғыдан әсер етеді.
Ауданымызда аталған зорлықтың біріншісі жиі кездеседі екен. Оны полиция бөлімінің қызметкерлері растады. Статистикалық мәліметпен бөліскен Бауыржан Сабазкерейұлы пандемия белең алғалы бері тұрғындардан, әсіресе әйелдерден шағымның көп түсетінін баяндады. Іс насырға шауып бара жатса, айналадағы көрші-қолаң да полицияның көмегіне жүгінеді екен.
Карантиннен қажып, қалыпты өмірді аңсап жүрген Б. есімді жерлесімізбен шер тарқатудың сәті түскен болатын. Күйеуінің төтенше жағдай енгізілген 16 наурыздан бері үйде түрлі «концерттер» қоюынан мезі болған ол талай рет ажырасуға бел буған. Бірақ ата-анасының беделіне нұқсан келеді деп ойынан бас тартқан.
- Күйеуім екеуміз студент кезімізден біргеміз. Сүйіп қосылдық. Бүгінде үш ұлды тәрбиелеп отырмыз. Басында бәрі тамаша болды. Бір-біріміз үшін жаралғанымызды түсінетінбіз. Оның ата-анасы кішкентай кезінде қайтыс болған. Үлкен әпкесінің тәрбиесінде өскен. Қайын апам күйеуімді өз балаларынан кем көрмепті. Балаларымыз дүниеге келіп, отбасымыз үлкейген сайын қайын апамның жанұясымен бір үйде тұру қиын болды. Әрі балалар ойыншықтарға таласып қалады. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демей ме, әйтеуір жолдасыммен бөлек шығып тындық. Бірақ қайын апам жайымызға қалдырмады. Інісін менен қызғанатынын жиі айтатын. Қалай бөлек шықтық, солай күйеуім ащы суға жақын бола бастады. Бұрын мүлдем аузына алмайтын. Содан күнде ішімдікпен таң атырып, күн батыратын халге жетті. Ішпесе, моп-момақан. Балаларының сабағын қарап, ақылын айтады. Ащы суынан ұрттаса, «әпкемнен бөліп алып кеттің» деп маған дүрсе қоя береді. Бәрінен бұрын балалардың көзінше ұратынына қаным қайнайды, - деп көз жасына ерік берді.
Б.-ның отау құрған отыз жыл ішінде көрмегені жоқ. Күйеуінің бала-шағаның көзінше өзін үш жерден пышақтаған да кезі болыпты. Масайғаны басылып, есін білген кезде ол әрекетін әйеліне жасаған ескертуі деп түсіндірген.
- Сол күнді ешқашан ұмытпаймын. Кейде түсімде көріп, шошып оянамын. Соңғы кездері ол мас болса, үйде түнемеймін. Таңға дейін аулада күтіп отырамын. Ол ұйқыдан оянатын кезде ғана үйге кіремін. Оның ішсе, менімен алысатын әдеті барын көрші-көлемнің бәрі жаттап алған. Бір-екі рет полиция да шақырып көрді. Одан не пайда? Мен ата-анамды ойлап, үстінен арыз жазбадым. Күйеуім менің оған қарсы шықпайтынымды біледі. Тек балаларым өскен соң, әкелерінің жолын қумаса екен деп армандаймын, - деді кейіпкеріміз.
Б.-ның күдігі үш ұлы ер жеткенде сейілген көрінеді. Себебі үшеуі де ащы суға жоламайды екен. Әкелерінің жұдырығынан анасын қорғаймын деп талай таяқ та жепті.
- Әдеттегідей жұмыстан келген уақытым еді. Күйеуімнің жұмысынан ерте келгенін көрдім. Жағдайды бірден түсіндім. Ол ерте келді деген сөз тағыда жұмыссыз қалғаны. Қазіргі таңда арақтың «досымен» кім алыссын? Жұмысқа орналасып, бір апта «адам» болып жүреді. Сосын бәрі жайына қалады. «Қасиетті» суын асықпай ұрттап қойып, әндетіп отырған күйеуім мені көрген сәтте пышағын ала жүгірмесі бар ма? Айқайлауға ғана шамам жетті. Даусымнан шошыған екінші ұлым жаныма жетіп үлгерген екен. Жанталасып, мені арашалап әлек. Екеуі алысып-жұлысып жатқанда ұлымның «Пышақ тықты» деген айқайынан жүрегім тоқтап қала жаздады. Үлкен ұлым да жұмыстан келіп жатыр екен. Бізге қарай жүгіре жөнелді. Көзімнің алды тұманданып кетті. Бір сәтте ортаншы ұлымнан мәңгіге айырылып қалатындай күй кештім. Пышақ қарын жаралап өткен екен. Басқа жері дін аман. Ұлының даусынан өзі де есін жиып үлгерді. Алайда бәрі кеш еді. Үш ұлым да сол оқиғадан кейін онымен мүлдем сөйлеспейді. Олар сол күннен бастап өздеріне «ішімдікке мүлдем жоламаймыз» деп серт берді. Шай үстінде «Әйелдеріңді ешқашан ұрмаңдар. Жұрттың бәрі мен сияқты көнбіс емес. Босқа өмірлеріңді қор қылып, темір тордың артында өткізесіңдер», - деп қақсап айтып отырамын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Балаларым жаманнан жиренсе деймін, - деп Б.апай ағынан жарылды.
Жиырма үш жылдан бері өлместің күнін кешіп келе жатқан Б.-ны танитындардың бәрі «Күйеуіңді емшіге қарат. Дуаланған шығар» деп кеңестерін берген екен. Бірақ кейіпкеріміз бақсы-балгер дегенге мүлдем сенбейтін көрінеді. Бақытты, яки бақытсыз болу әр адамның өз қолында деп еститін Б.-ға психологпен сөйлесіп көріңіз деп едім. Келіспеді. «Немере сүйіп, әже болатын кезімде психологтан не қайран? Үлкен ұлым үйленгісі келіп жүр. Келінім келгенде, қайын атасының оғаш қылығын көрмесе екен деймін. Сол үшін әуел бастан балаларымды бөлек шығарамын деп шештім. Бастысы солар бақытты болса екен», - деп ауыр күрсінді.
Өмірден еш қызық көрмеген, ата-анасының, жолдасының, балаларының қас-қабағына қарап күн кешкен Б.апайдың түрі көз алдымнан көпке дейін кетпеді. Жанарындағы мұңның өзі адамның сай-сүйегін сырқыратады. Ішімнен «Күйеуіне ес кіріп, немере сүйіп, ұлдарынан қызық көрсе екен» деп тілеуден басқа амал болмады.
Ауданымыздың орталығындағы Федоровка қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің психологі Назгүл Изгалиевадан күн тәртібінен ешқашан түсіп көрмеген мәселе бойынша пікір білдіруін сұрап едік. Мынадай жауап алдық.
-«Ауламызда» ХХІ ғасыр болғанымен отбасылық зорлық-зомбылық əлі күнге дейін басылмай тұр. Жұмыс барысында түрлі оқиғаларға кезіктім. Толыққанды білімді отбасыларда да мұндай жағдай кездесіп тұрады. Қазіргі таңда тіпті өршіп тұр. Карантин кезінде көптеген жұмыссыз отбасыларда кикілжіңдер орнап, соңы міндетті түрде зорлықпен аяқталуда. Статистикалық мəліметтерге сүйенсек, ең бірінші мəселе отбасындағы қаражаттың жеткіліксіздігі, туыстармен кикілжің, ішімдікке салыну, т.б. Өкінішке орай, осындай жайттардан бала зардап шегеді. Психикасы бұзылады. Ашушаң, өмірге, ата-анасына деген өкпемен өседі. Болашақта оның тағдырының ондай болмайтынына кім кепіл? "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер" дегендей, баланы тəрбиелеймін деп жүрген ата-ана өздерінің үлгі екенін ұмытып жатады. Зорлық-зомбылыққа еті əбден үйренген əйелге бұл құбылыс қалыпты болып көрінуі əбден мүмкін. Кей жағдайда әйел адам қоғамнан ұялып, қайда барамын, не істеймін одан да осылай отыра бергенім дұрыс деп шыдап, соңы қайғылы оқиғаға апаратынын білмейді. Себебі көптеген жағдайларда ер адамдар аффект күйінде жазатайым оқиға жасап жатады. Отбасының тірегі деп жүрген ерлердің осыншалықты жауыздыққа баруына не себеп? Қоғам ба, əлде əйел ме? Бұл шешілмейтін түйін. Əр оқиға әртүрлі. "Ел болам десең, бесігіңді түзе" деген. Отбасылық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап оқытса, ер мен əйелдің міндеттерін бала санасына терең сіңірсе өте жақсы болушы еді. Жоғары оқу орнында да мұндай сабақтардың аздық етпесі анық.
Психолог маманның сөзінің жаны бар. Бала көргенін істейді. Асыл дініміз Исламда да әйелді «ұру» немесе «жазалау» деген ұғымдар мүлдем кездеспейді. Керісінше, құрметтеу, сыйлау, еркелету керектігі жиі айтылады.
P.S. Әлеуметтік желіде хайп қуып, өз әйелін қамшымен ұрған Жан есімді қазіргі заманның «жырауы» қызу талқыға түсіп еді. Әйелдің ер азаматқа берілген аманат екенін ескеріп, айыпты да болмай, хайпқа бармай, санаулы ғұмырымызда саналы адамның тіршілігін жасауды нәсіп етсін.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz