2.11.2021, 12:17
Оқылды: 47

«Айша» балабақшасы көмекке зәру

Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақжайық ауылында «Айша» жекеменшік балабақшасы ашылғаны белгілі. Бұл игілікті іске жергілікті кәсіпкер Қайырғали Қатымғалиұлы бел байлап кірісіп, ауылдағы жалғыз балабақшаға жасы жетсе де кезегі келмей, үйде отырған бүлдіршіндерге керемет мүмкіндік туғызды.

IMG-20211102-WA0007

Алайда әу баста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алынды делінген бұл жобаның аяғы сұйылып барады. Жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс қаржының әлі күнге дейін жартысы тұрмақ, жұрнағы да берілмей отыр. Соның салдарынан толық жабдықталып бітпеген бөбекжайдың техникалық  әлеуеті де, қаржылық ахуалы да сын көтермей тұр. Бұл жөнінде ілгеріде ауыл әкімі Болат Қадырәлиевті құлағдар қылғанымызда көп ұзамай түйткілдің түйіні шешілетінін айтып, көңілімізді демдеп қойған. Өкінішке қарай, міне,  одан бері де бірер айдың жүзі болды, баяғы жартас сол жартас. Өзекті мәселенің түйіні тарқатылмақ тұрмақ, бір елі жылжыған да жоқ. Ақыры шыдай алмай, базынамызды айтып әкімнің алдына тағы бардық. Бірақ ауыл басшысынан бұл жолы да жарытымды жауап ести алмадық.

Әкім құлықты болмаған соң, ең болмағанда жыртығымызды жамауға септігін тигізер ауылдың қайырымды азаматтары табылар деген үмітпен кәсіпкерлерге өтініш қылуға тура келді. Обалы нешік, үнемі игі істің басында жүретін ауыл азаматтарының бірі – Асхат Аманбаев меселімізді қайтармады. Екі сөзге келместен, тәрбие мекемесіне ауадай қажет музыкалық құрылғымен қамтамасыз етті. Кез келген отаншыл азамат осылайша бүлдіршіндер үйі тағдырына бейжай қарамаса керек-ті.

Ал бюджеттен бөлінуі тиіс қаржының кешігуіне қарамастан балабақшаға қажетті жиһаздар мен жабдықтарға ақшаны өз қалтасынан шығаруға мәжбүр болған Қайырғали Қатымғалиұлы балабақшаның 12 қызметкеріне ай сайын айлықты әрең тауып беріп отыр. Бөбекжайға логопед, психолог секілді әлі де бірнеше маман жетіспейді. Мына жағдайда ертеңгі күні айлықсыз қаламыз ба деп тәрбиешілердің де көңілі күпті.

Аудандық басылым арқылы ата-аналар атынан осы мәселені шұғыл қаперге алуын сұрап, аудан басшыларына өтініш қылғымыз келеді. Бала тәрбиесі – болашағымыздың кепілі екенін жан-дүниесімен түсініп-түйсінетін арда азаматтар бар екеніне сенеміз.

Светлана Хайруллина,

«Айша» балабақшасының меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале