25.06.2024, 22:00
Оқылды: 177

Айтбай Тастайбеков: «Ұйымшылдықтың арқасында бұл жағдайдан да шықтық»

Биылғы көктем халықтың жадында су тасқынымен есте қалғаны белгілі. Еліміздің 9 өңірінде орын алған су тасқынының кесірінен халық үйлерінен және малдарынан айырылды. Соның ішінде облыс орталығы Орал қаласы мен 6 ауданда төтенше жағдай жарияланған еді. Оның ішінде Бөрлі ауданы да бар.

IMG-20240625-WA0130

Қазіргі уақытта аудандағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарда үйлер салынып жатыр. Сонымен қатар қаладан немесе ауылдан үй немесе пәтерлер де сатып алынуда. Бөрлі ауданында 126 үй апатты деп танылған болатын. Соның ішінде жаңадан 60 үйдің құрылысы жүріп жатса, 66 отбасы үй сатып алуға ниет білдірген екен. Қазіргі уақытта 64 үй сатылып алынды.

Бөрлі ауданынаға қарасты Кеңтүбек ауылының тұрғыны Айтбай Тастайбеков те су тасқыны салдарынан жапа шеккендердің бірі. Оның ауылда тұрып жатқан үйі су тасқынының кесірінен құлап қалған.

- Бұл су тасқынын ұмыту қиын ғой. Ауылымызға су наурыз айының 29-ы келді. Күндізгі сағат 15.00 шамасында бірден қатты су келіп, ауылдың төмен жағын басып кетті. Негізінен алдын ала сол аймақтағы тұратын адамдар эвакуацияланып, үлгергендерінше малдарды басқа жерге көшірген болатын. Ал енді үлгере алмағандардың қойлары суға кетті. Осы уақыттан бастап ауыл халқы қиындыққа ұшырады. Бірақ ұйымшылдықтың арқасында бұл жағдайдан да шықтық. Ауыл азаматтары бірліктерін көрсетіп, бір-біріне қол ұшын созып, мал жанды аман сақтап қалуға атсалысты. Осындай еліміздің азаматтары бар кезде басымызға қандай қиындық туса да аман шығатынымызға сенемін. Ауыл әкімі, әкімшілік қызметкерлері бәрі қасымызда жүріп, көмектесіп, жағдайымызды жасады. Аудандық, ауылдық әкімдікке және ауыл әкімі Нұрлан Талаптанұлына үлкен алғысымды айтқым келеді. Күндіз де, түнде де қасымызда болып, халықты сабырға шақырып, барлық көмектің көрсетілетінін айтты, - дейді зейнеткер.

Айтбай аға ауданымызға, облысқа танымал ардагер спортшы. Ол зейнеткер болса да көптеген жарыстарға қатысып, ауданымыздың атын шығарып жүрген спортшыларымыздың бірі. Оған таңдау берілген кезде ол бірден қаладан пәтер аламын деп шешкен екен.

- Бізге су тасқыны кезінде тамақ, киім, гигиеналық заттар сияқты гуманитарлық көмектер көрсетілді. Сонымен қатар 150 АЕК пен жиһаз алуға қаражат та берілді. Негізінен ауылда 2 немереммен тұратынмын. Бірі оқыса, бірі жұмыс жасайды. Қазір ауылда үй, жол салынуда. Барлық зардап шеккен жандарға көмек көрсетілуде. Мен зейнеткер болғаныма қарамастан жұмыс істеймін. Жұмысымның барлығы Ақсай қаласында болғандықтан ауылдан емес қаладан пәтер сатып алуды шештім. Үйді қаладан алғанымның бір себебі жас емеспін ғой. Баратын іссапарларым бар дегендей, үйде отырмайтын адаммын. Спортшы болғасын көп жерлерге барамыз. Жер үйге де күтім керек дегендей, - дейді Айтбай Тастайбеков.

Айтбай ағаның 3 бөлмелі жаңа пәтері Ақсай қаласының орталығындағы 10-шағынауданда орналасқан. Үйдің кілтін 21 мамыр күні алыпты. Әйтсе де, алдымен кішігірім жөндеу жұмыстарын жасап, содан кейін көшкісі келіп отыр екен.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале